Қазақ ұлтының тарихы шынында Қазақ хандығынан бастау ала ма? (III бөлім)

/uploads/thumbnail/20170708155234354_small.png

«Қазақ мемлекетіне – 550 жыл» бәйгесіне!!!

(жалғасы)

Ақ Орда хандығының территориясы қазіргі Қазақстан жерін  тұтасымен қамтыды. Оның халқы этникалық жағынан бірыңғай түркі тілдес тайпалар мен халықтар еді, қазақ тайпаларының ішіндегі алты арыс ел - қыпшақ, жалайыр, арғын, найман, қоңырат, алшындар «алты сан алаш» деген атпен белгілі. Ал қазақ халқын қалыптастырған түркі тілдес ру-тайпалар сол дәуірде «қыпшақ» деген жалпы атты қолданған еді. Бұл тұтастық Ақ Орда мемлекеті дәуірінде де сақталды және дамыды. Ақ Орда билеушілерінің арғы тегі Шыңғыс тұқымынан тараған ханзадалар болғанымен, оның негізгі халқы қазақ еді, оның әскери күші де қазақтар болды. Ақ Орданың ресми тілі - қыпшақ тілі, яғни, қазақ тілі болды. Бұл мәнінен алғанда, Ақ Орда қазақтардың хандығы еді[1].

Осылайша, Батыс түрік (VI-VIII ғасыр), түркеш-қарлық (VIII-Х ғасыр) және қимақ-қыпшақ (ХI-XII ғасыр) дәуірлерінен басталған қазақ халқының өз алдына халық болып қалыптасу барысы, Ақ Орда дәуірінде жалғаса берді. Ақ Орда мемлекеті Қазақ хандығының құрылуына негіз салды, Қазақ хандығын кұрушы Жәнібек пен Керей хандар Ақ Орданың әйгілі ханы Ырыс ханның немересі (Барақ ханның баласы) еді. Осы Жәнібек пен Керей құрған қазақ хандығы тұсында қазақ халқының өз алдына жеке халық болып қалыптасу барысы толық аяқталды. Екі ғасыр бойына тарихта өшпес ізін қалдырған Ақ Орда дәуірін қазақ халқының тарихи дамуындағы маңызды тарихи кезеңдердің бірі болды.

Міне, қазақ халқының осыншама бай тарихы, салт-дәстүрі, тілі мен ділі бола тұра өз уақытында көпе-көрнеу бұрмалаушылықтарға ұшырағаны ащы да болса шындық. Кеңестер Одағы тұсында жекелеген ұлттар мен халықтардың тарихы бұрмаланып, олардың мәдени мұрасы мен бай тарихын жоққа шығаруға талпыныс жасалды. Сондай қасіретті көп көргендердің бірі - қазақ ұлты екені даусыз. Жоғарыда қарастырып өткеніміздей, тарихы ғасырлар қойнауынан бастаса да, қазақ халқының өткені жоқ, өресіз ұлт ретінде көрсетуге басымдық берілді, коммунистерден бұрынғы патшалық Ресейдің отарлау саясаты да осы сарында болды. Бұған өз заманында Ш. Уәлиханов тойтарыс беруге тырысты: “Европада әлі күнге дейін көшпелі тайпаларды шулаған нөпір мен ретсіз жабайылар деген жалған түсінік үстемдік етуде; көшпелі қырғыз (қазақ) туралы түсінік дөрекі де хайуан тектес варвар идеясымен тығыз байланысты. Алайда осы варварлардың басым бөлігінің өзіндік жазбаша немесе ауызша әдебиеті мен мәдениеті бар”[2].

Халық бірікпей ел болмайды. Бұл тұрғыда Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз “Әлеуметтік-этикалық трактаттарында” адамдар ең жоғарғы даму шегіне жету үшін бірігуі керектігін баса айтып, оның үш түрлі деңгейін көрсетеді. Біріншісі ұлы бірлестік, яғни барлық халықтардың бірлігі. Екіншісі – орта бірлік, яғни бір халықтың бірлігі. Үшіншісі – ең төменгі бірлік немесе қала-мемлекет. Бұлар толық қоғам болып саналады[3].

әл-Фараби бабамыздың рухани мұралары қазақ жерінде өзінің жалғасын тапты. Мысалы, Керей мен Жәнібек хандар негізін салған Қазақ хандығында ақ киізге көтеріп ханды бүкілхалықтық сайлаумен қатар, хандық билікке қарсысалмақ пен тепе-теңдік қызметін атқарған халықтық өкілдік орган ретінде билер институтының болуын қазір көптеген ғалымдар дала демократиясының жарқын көрінісі ретінде бағалайды.

Өткен тарихты таразыласақ, қазақ халқының өз мемлекеттілігін құру жолындағы саяси күресі ондаған ғасырға созылатын күрделі саяси-тарихи процесс. Бұл мәселе қазақ халқын құрайтын ру-тайпалар кезеңінен бастау алып, Қазақ хандығының құрылуы, оның ішкі саяси дамуы, көлбеу және тікелей саяси-экономикалық, әлеуметтік және рухани байланыстары, иерархиялық қатынастары, өзінің саяси құндылықтар жүйесінің түзілуі, халықтың саяси мінез-құлқының, ұлттық психологиясының қалыптасу ерекшеліктері талай рет тарих тезіндегі қатаң сынақтардан өтті. Бұл орта ғасырларда да солай болған, қазіргі кезеңде де тәуелсіз Қазақстан Республикасы түрлі қиындықтарды жеңе отырып, тұрақты даму үстінде.

Орта ғасырлардағы Қазақстан территориясында қазақ мемлекеттілігінің (хандығының) қалыптасуы мен дамуының қазақ ұлтының құралуы мен топтасуына, ұлт ретінде пайда болуы мен дамуында аса зор маңызы бар. Сондықтан да Қазақ хандығы құрылғанан бастап хан тағына отырған қазақ хандарының саясаты мен идеяларын зерделеу де аса маңызды.

qypshak dalasy

Қазақтардың біртұтас ұлт, өзіндік ел халқы ретінде пайда болуы Шығыс Дешті Қыпшақтың кең-байтақ аумағындағы саяси, әлеуметтік-экономикалық процестердің даму қорытындысы болды. Аралас экономика - көшпелі мал шаруашылығы мен отырықшылық, егіншілік, қала шаруашылығы қалыптасқан өлкелердің табиғи интеграциясы негізінде XІV-XV ғасырларда тұтас экономикалық аудандардың құрылуы аймақтың бүкіл жерінің бір саяси құрылымға бірігуіне қолайлы жағдай туындатты. Аймақтың көшпелі және отырықшы халқының экономикалық, мәдени, қоғамдық-саяси байланыстарының нығаюы қазақ рулары мен тайпаларының этникалық жағынан бірігуіне, халықтың ұзаққа созылған қалыптасу процесінің іс жүзінде аяқталуына себепші болды. Өз кезеңінде Ақ Орда, Моғолстан, Әбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы шеңберінде жергілікті этникалық негізде мемлекеттің даму тәжірибесі қалыптасып жатқан біртұтас халықтың саяси жағынан бірігуі қажет екенін түсінуіне жәрдемдесті.

Қазақ мемлекеті (хандығы) құрылуының объективті себептері мен алғышарттары осы жағдайлар болды. Тарихшылардың деректеріне сүйенсек, қазақ мемлекеттілігі Ақ Орданың өзінде-ақ қалыптасқан. Ақ Орда мемлекетінде, Әбілқайыр хандығында, Ноғай Ордасы мен Моғолстанда мемлекеттік даму, шаруашылық, мәдениет саласында монғолдар жаулап алуының теріс саяси зардаптарын біртіндеп жоюмен қатар, XІV-XV ғасырларда қазақ халқының одан әрі бірігу, топтасу процесі жүріп жатты. Нәтижесінде, Әбілқайыр хандығынан көптеген көшпенділер, соның ішінде 200 мың адамнан тұратын қазақ руларының өкілдері Жәнібек пен Керей маңына жинала бастады. Сондықтан да, жалпы танылған және тарих ғылымындағы дәлелді деректерге сәйкес, қазақ халқының түрлі мемлекеттік бірлестіктерге бытырап, саяси бөлшектелуін жоюға әрекет жасау Жошы ұрпақтары -  Жәнібек пен Керейдің үлесіне тиді.

Жәнібек сұлтан мен Керей сұлтан Жетісуға көшіп кетпестен бұрын, яғни, 1430-1440 жылдардың өзінде Әбілқайыр ханға оппозицияда болған, яғни, 1428 жылдан бастап оның саналы саяси қарсыластары болған. Себебі, Әбілқайырдың 17 жасында хан сайлануы оның жеке қасиеттеріне емес, оны қолдайтын саяси күштерге, бай-шонжарлардан тұратын қысым жасаушы топтарға байланысты болды. Соған сәйкес, Әбілқайыр өз билігін нығайту және өзін қолдайтын үстем саяси элитаның мүдделерін қанағаттандыру жолында 20 жылға жуық әскери-саяси күреспен, көптеген Жошы ұрпақтарының және ру-тайпаларының бағынбаған көсемдерінің қарсылықтарын басып-жаншумен айналысты. Бұл өз кезегінде оған деген күшті наразылықты туғызды.

Осындай кезеңде, яғни, XV ғасырдың 50-ші жылдары Ұрұс хан мен Барақ ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей бабаларынан мұраға алған ел мен жерден бас тартып, Моғолстанға апаратын жолға қарай ауа көшеді. Оларды соңына ерген халқы ақ киізге отырғызып хан көтереді. Жәнібек пен Керей хандар бастаған қазақтардың Оңтүстік және Орталық Қазақстаннан Жетісуға, Шу, Талас алқабына қарай ойысуы тегін емес. Бұған Ақ Орданың Моғолстанмен, әсіресе оның Жетісудың солтүстік бөлігінің жерлерімен ертеден бергі достық қатынастары; Жәнібек пен Керейге қарасты өлкенің батыс бөлігін мекендейтін тұрғындардың этникалық шағындығы; ел феодалдарының бытыраңқылығы салдарынан Моғолстанның құлдырауы; оның билеушісі Есен-бұға ханның Жетісудағы өкімет билігін қолында ұстап тұра алмайтын саяси әлсіздігі себеп болды. Тіптен, Есен-бұға хан Жәнібек пен Керей төңірегіне топтасқан аса көп қазақ рулары мен тайпаларына сүйене отырып, өзінің ішкі саяси жағдайын нығайтып алмақ ниетте болған. Сонымен қатар, Моғолстанның қалмақ, қырғыз, ойрат сияқты сыртқы жауларына тойтарыс беру үшін де қазақтарды нақты әскери күш ретінде пайдалануға тырысқан.

kerei janibek

Жәнібек пен Керей бастаған қазақтардың Батыс Жетісудағы қазақ жерінің тап осы аумағына көшіп келуінің себептері осындай. Бұл саяси оқиға бүкіл аймақтың саяси тарихына және бүкіл жергілікті қазақ халқының тағдырына өзгеріс енгізді. Қазақ халқының мемлекеттілігінің негізін салушылар Керей мен Жәнібек хандар Шығыс Дешті Қыпшақта Ақ Орда хандары әулетінің билігін қалпына келтіру жолында Шайбани әулетіне қарсы күресе отырып, халық бұқарасының наразылығын игі мақсатқа пайдалана білді.

Тарихшы мамандар Қазақ хандығының құрылған уақытын XV ғасырдың 60-шы жылдары деп белгілейді. Ал XV ғасырдың аяғына қарай Қазақ мемлекетінің нығаюы жолында үлкен маңызы болған алғашқы қазақ хандарының тактикалық және стратегиялық саяси қызметінің елеулі кезеңі аяқталды. Шайбани әулетіне қарсы ұзаққа созылған күресте олар бұрынғы Әбілқайыр хандығының көлемінде олардың өкіметінің қайта қалпына келуіне кедергі жасады. Мұхаммед Шайбани 1500 жылы қол астындағы көшпелі өзбектердің бір бөлігін ертіп, Мәуераннахрға кетті де, Түркістанның оңтүстік бөлігінде өзі басып алған қалалардың көмегіне сүйеніп, басқыншылық мақсатпен Темір әулеті мемлекеттілікке ұмтылды. Өз кезегінде Қазақстан жерінен үміттенген Шайбани әулеті бұл ниеттерінен ештеңе шығара алмай, ақырында оның халқына билік жүргізуден біржола айырылды.

XV ғасырдың аяғында қазақ хандығының мемлекеті едәуір нығайып, оның алғашқы шекарасы кеңейе түсті. Қазақ хандығына Қаратау аймағы, Сырдария қалаларының бір бөлігі, оның алқаптары қосылуы Қазақ хандығының елді тұтас біріктіру жолында табысқа жетуінің кілті болды.

Жәнібек пен Керей ханнан кейін хандықта аса ықпалды екі саяси тұлға пайда болады: біріншісі – Керей ханның ұлы Бұрындық хан, екіншісі – Жәнібек ханның ұлы – Қасым хан. Осы екі саясаткердің бақталастығы нәтижесінде жігерлі Қасым сұлтан жеңіске жетіп, бар беделінен айырылған Бұрындық хан 1511 жылы маңайындағы бір топ адаммен Мәуераннахрға кетеді. Осылайша, XVІ ғасырдың екінші онжылдығында Қасым хан қазақтың кең-байтақ  далалық жеріне өзінің билігін нығайтып алды. Бұл кезде Қазақ хандығының шекарасы оңтүстігінде Сырдарияның оң жағалауына дейін жетіп, Түркістан қалаларының бір бөлігін қамтыды, оңтүстік-шығысында Жетісудың тау етектерін, солтүстік шығысында Ұлытау мен Балқаш көлі арқылы өтіп, Қарқаралы тауларының сілемдеріне дейін, солтүстік-батысында Жайық өзені аңғарына дейін жетті.

Сонымен қатар, Қазақ хандығы сол кезеңдегі халықаралық қатынастарға да біртіндеп араласа бастады. Онымен алғаш дипломатиялық байланыстар жасаған мемлекеттердің бірі Ұлы Князь ІІІ Василий (1505-1533) басқарған Москва мемлекеті болды. Қасым хан билік еткен кезеңдегі Қазақ хандығының орны Батыс Еуропаға дербес этникалық қауым ретінде белгілі болуымен ерекше: Москвада бірнеше рет (1517 және 1526 жылдары) болған австриялық дипломат Сигизмунд Герберштейн қазақтар туралы өз жазбаларын қалдырған.

Қасым хан тарихи деректер бойынша жүйрік атты жақсы көрген, оларды жақсы айыра білген, әскери талантымен, жеке басының ержүректігімен және өзгелерді соңына ерте білу қабілетімен көзге түскен, моральдық қасиеттері жоғары, еліктеуге тұрарлық адам болған. Тегінде, хан билігі оның кезіндегідей ешбір хандықта берік болмаған, қазақ хандарының ешқайсысы Қасым хан сияқты адамдар санын өз билігіне біріктірмеген, оның бодандарын замандастары бір миллионнан астам адам деп есептеген. Қазақтардың халық аңызында “Қасым ханның қасқа жолы” ретінде белгілі заңдар жүйесінің жасалуы Қасым ханның есімімен байланыстырылады, ол заңдар қағаз жүзінде жазбаша  түсірілмегендіктен, біздің заманымызға дейін жетпеген. Қасым хан тұсында қолданыста болған құқықтық жүйе өзінің бастауын тарихтың тұңғиығынан алып, ауыз әдебиетінің көмегімен есте сақталған нақыл сөздер түрінде ұрпақтан ұрпаққа жеткен, дәстүр сабақтастығының жарқын көрінісі болып табылатын әдет-ғұрыпқа негізделді.

Зерттеушілердің жалпытанылған пікірі бойынша “Қасым ханның қасқа жолының” жасалуына алғышарт болған жағдаяттар:

  1. Қасым ханның билігі тұсында Керей, Жәнібек және Бұрындық хандар кезіндегі қазақ қоғамы анағұрлым жоғары сатыға көтерілді;
  2. Қазақ халқының этникалық территориясы толығымен біріктірілді;
  3. Хандық билік этникалық территорияға толық тарап, рөлі артты;
  4. Ел халқының саны бірнеше есе өсті;
  5. Қазақ хандығының жаңа қалыптасқан жағдайына бұрынғы әдет-ғұрып заңы толықтай жауап бере алмайтын еді.

Қазақ дәстүрлік құқықтарының түп-төркінін зерттеген С. Ахмет бұл тұрғыда мынадай тұжырым жасайды: “адамдар арасындағы қоғамдық қарым-қатынастарды реттеуде әдет-ғұрып мінез-құлықтың неғұрлым көне әрі қуатты нормативі болып табылады. Бұл тапқа дейінгі қоғамда және таптық қоғамда, өтпелі кезеңде де осылай болған. Қай қоғамда болмасын әдет-ғұрып мінез-құлықтағы өзге ережелерден өзгеше инерцияға ие, қоғам мүшесінің психологиясына тікелей әсер беріп нормативтерді ығыстырады. Әдет-ғұрыптардың нормалары мен институттары түгелдей заң нормасынан аспаған. Тек кана мемлекеттік билігі бар қоғамның мүддесіне сай заң нормасына айналған. Яғни, заңды күші бар саяси өкімет жол берген әдет-ғұрыптар ғана құқықтық әдет-ғұрыпқа айналған”[4].

Яғни, қазақ халқын  құрайтын түрлі ру-тайпалардың сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігін реттеп келген әдет-ғұрып нормаларының “Қасым ханның қасқа жолы сияқты” бір жүйеге келтірілуі өз кезегінде бір орталыққа біріккен мемлекеттілік орнауының жемісі, нағыз саяси билік қызметінің нәтижесі деп айтуымызға толық негіз бар. Осылайша, қазақтардың әдет-ғұрып құқығының нормалары “жол” деген атпен тарихта мәңгі сақталып қалды.

З.Ж. Кенжалиевтің пайымдауынша, «жолдар» — көшпелі қоғамдағы орталық мемлекеттік биліктің жеке-дара дербестенуінің бір көрінісі, оның қалыптасқан құқықтық мәдениеті жаугершілік, әскери заманға сай бейімдеп пайдалануға талпыныс жасаудың нышаны. Мемлекеттің құқық түзу функциясының қалыптасуындағы үлкен бір құбылыс және белес. «Жолдардың» пайда болуы мемлекеттік билікті, елді басқару ісін, қоғамдық қатынастарды реттеу мәселесін жаңа негізде — құқықтық-мәдени арнада және сатыда құруға батыл қадам жасағандығының айғағы. Және осы қадамды мемлекет функциясының тұрақты да жүйелі бағыты есебінде орнықтыруды мақсат етіп қойғандығының тұңғыш дәлелдері[5].

Қазақтың әдет-ғұрып заңдары орта ғасырлардағы ислам дінін ұстанатын Араб, Шығыс және Орта Азияның елдеріндегі жаппай қолданыста болған шариғат заңдарынан мүлдем бөлек болды. Басқаша айтсақ, қазақ халқының әдет-ғұрыптық жолдары мен құқықтық жарғылары ерекше тарихи кезеңнің, әлеуметтік-экономикалық және саяси үдерістердің туындысы еді.

qasym qasqa zholy

Ә. Марғұлан өзінің энциклопедиялық ғылыми мақаласында Қасым ханның ел басқару ісінде қолданған әдет-ғұрып заңдарының ерекшеліктерін төмендегідей ашып көрсетеді. Біріншіден, өзінің мазмұны бойынша бұл заңның түбегейлі идеясы ежелгі әскери диктатура арнасына барып тіреледі. Екіншіден, мал шаруашылығымен айналысатын қазақ бұқарасына исламдық шариғат қағидаларын толық ұстану қиынға соғып, оған селсоқ қарап, ойыса қоймайды. Сондықтан шариғатты кіргіземін деген хандарға халық бұқарасы қатты наразылық білдіріп, кейде ол көтеріліске ұласып отырған. Бұл ерекшеліктерді жақсы білген Қасым хан, саяси жағдайдың шиеленіскен кезінде, халық бұқарасының, билер тобының, көптен бергі ойына қарсы тұрмай, қайта олармен бірігіп, шариғат заңын үгіттеген Бұхар ишан-қазыларының тіміскілеуін тойтарды. Сөйтіп, халықтың тілегіне жақын, әрі ерте заманнан оларға түсінікті ежелгі “Жарғы” заңын жаңадан күшейтті. Қазақ хандығының заңдары “жарғы” деп аталды. “Негізі орта ғасырларда қыпшақ,   шағатай ұлыстарында қолданған ярғұ заңынан алынған. Қазақша “жарғы” әділдік деген ұғымды білдіреді. Түпкі мәні жарудан, нәрсенің салмағын бір жағына аудырмай, дәл, әділ айырудан шыққан.

Халық Қасым ханнның шариғатты алмай, ежелден қалыптасқан билер заңы - Жарғыны жаңадан көтергенін қатты ұнатып, оны “Қасым ханның қасқа жолы” деп атап кетті. Бұл заңға енген ережелер:

1) Мүлік заңы (мал, мүлік, жер дауын шешу ережелері).

2) Қылмыс заңы (кісі өлтіру, ел шабу, мал  талау, ұрлық қылмыстарына жаза).

3) Әскери заң (қосын құру, аламан міндеті, қара қазан, ердің құны, тұлпар ат).

4) Елшілік жоралары (майталмандық, шешендік, халықаралық қатынасында сыпайылық, әдептілік).

5) Жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той, мереке үстіңдегі ережелер, жасауыл, бөкеуіл, тұтқауылдардың міндеті).

Ереже заңдары өзгеріссіз XVII ғасырға жетіп, Есімнің кезінде (1598-1645) “Есім салған ескі жол” (“Есім ханның ескі жолы”) деп аталады[6].

Қасым ханның тұсында аймақтық басқарудың өзіндік үлгісіне айналған үш жүздің қалыптасуы болатын. Академик С. Зимановтың ойынша, Қазақ хандығының үш жүзге бөлінуі оның әлсіреуінің және ішкі талас-тартыстардың белгісі болған деген пікірмен келісуге болмайды, хандықтағы көшпелі халықтың үш жүзге бөлінуі жекелеген хандарға, олардың билік қүрған уақытына байланысты емес. Ол кеңейіп келе жатқан мемлекетті басқаруды күшейтудің әдісі ретінде аумаққа бөлу қажеттілігімен байланысты.

Хандықтың үш жүзге - «Кіші жүз», «Орта жүз», «Ұлы жүз» болып бөлінуін тарихшылар Қасым ханның кезінде болған деп топшылайды. Жүздердің бұлайша аталуы да кездейсоқтық болмаса керек. Оның түбірі көне заманға кетеді. Елді үш бөлікке - үш жүзге бөлу Шыңғыс ханның кезінде де және оның ұрпақтары кезінде де болған. Жерлер оң қанат, сол қанат және орталық болып бөлінген. Бұл әскери және әкімшілік бөлініс еді. Бұл тәртіп бүкіл Шығыс Дешті Қыпшаққа тараған. Жошы ханның кезінде де болған. Қасым көне дәстүрге сүйене отырып, қазақ даласын үш бөлікке бөліп, әрқайсысын қазақша «жүз» деп атады. Ол «бөлік», «жақ», «қанат» деген ұғымды білдірді. «Жүз» сөзі халықтың бейбіт өміріне сәйкес келеді. Ал «қанат» деген әскери уақыттағы жорықтық өмірге сәйкес келеді[7].

Дегенмен, Қасым хан тұсында Қазақ хандығы едәуір нығайғанына қарамастан, орталықтандырылған мемлекет болған жоқ. Бұл ол қайтыс болғаннан кейін бірден байқалып, хандық ішінде феодалдық қырқысу басталады. Өзара қырқысудың жағымсыз зардаптары хандықтың жағдайына сыртқы саяси факторлардың қолайсыз болуы негізінде қатты әсер етті. Қазақ әміршілеріне қарсы моғол және өзбек хандарының саяси одағы құрылды.

[1] Қани М. Қазақтың көне тарихы. –Алматы: Жалын, 1993. –Б. 218.

 [2] Валиханов Ч. Собрание сочинений в 5 томах. -Алма-Ата, 1961. -Т. 1. -С. 390.

[3] Әл Фараби. Азаматтық саясат / Әлеуметтік-этикалық трактаттар. (Ред. А.Х. Қасымжанов). -Алматы: Ғылым, 1975. -455 б., 117-188.

[4] Ахмет С. Қазақ дәстүрлік құқықтарының түп-төркіні / Қазақтың ата заңдары: Құжаттар деректер және зерттеулер. 10 томдық. (Бағдарлама жетекшісі С.З. Зиманов). –Алматы: Жеті жарғы, 2004. 2 том. -126-127 бб.

[5] Кенжалиев 3.Ж. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы көшпелі құқықтық мәдениет. -Алматы: Жеті жарғы, 1998. 76-82-бб.

[6] Марғұлан Ә. Қасым ханның қасқа жолы // Қазақ совет энциклопедиясы. 6 т. –Алматы, 1984. -542 б.

[7] Зиманов С.З. Қазақ хандары заңдарына шолу және олардың ерекшеліктері / Қазақтың ата заңдары. –Алматы: Жеті жарғы, 2005. -4 том. –Б. 31

(жалғасы бар)

Мұсатаев Сейілбек,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Саясаттану кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының профессоры.

Қатысты Мақалалар