Бисмилләһир Рахманир Рахим
Ғалам қабат-қабаттардан тұрады,
Ғаламның көп адам білмес сұрағы.
Сол адамдар құлдық ұрар Тәңіріне,
Жүрегінде жанып иман – шырағы.
Жүрегінде Шырағы бар пақырдың,
Әр минуты боп елестер «Ақыр күн»...
Себебі ме, сағаттары уақыттың
Сырт-сырт етіп күнін ұрлар ғасырдың...
Сол уақыттың ішінде үш ай бар-ды,
Шеніне еш шендетпейтін айларды.
Сол үш айдың бірі – Ораза.
Ораза,
Хақ Аллаһқа құлдықтағы қайнар-ды.
Сол Ораза әр күні бір, бір ғалам,
Әр сәті оның Хақ нұрымен нұрлаған.
«Аллаһ» деген ақ құлдардың жүрегі,
Онда Аллаһын әр сәт сайын жырлаған.
Сол Ораза ішінде бір түн бар-ды,
Қарыс адым аттатпайтын жындарды.
Жер бетіне өріп шығып сол түні,
Періштелер тыңдайтұғын мұң-зарды...
Сауабы бар мың айдан да ол артық түн –
Қадыр түні! (Хаққа құлдықты ар тұттым!)
Қадыр түні Құран түсіп Аллаһтан,
Жүректерге жауған түн ол бар құттың...
Қадыр түні түндердегі түн жарық,
Шыққандайын қараңғыны Күн жарып.
Екі әлемі жарық Қадыр түніндей,
Өз нәпсісін өтер болса кім жарып!
Қадыр түні түндердегі түн жарық!..
Құл-Керім Елемес