Жақында ғана жаһанды әбігерге салған WannaCry вирусына ұқсас Petya вирусы әлемге таралып барады деп жазады Qamshy.kz.
«Петя» вирусы компьютерлерді бұғаттайды және дешифлау үшін биткоиннан ақша төлеуді талап етеді. Қазірге дейін Ресей мен Украинадан «Роснефть» «Башнефть» сияқты алпауыт компанияларды қосқанда 80 компания зардап шеккен.
Вирусты таратушылар WannaCry вирусына ұшырағандарға қойылған талап тәрізді $300 доллар биткоин ақшасын сұраған.
Petya.A қатты дикке зақым түсіреді. MBR (Master Boot Record) жазу құжаттарын құлыптайды. Зақымдалу барысы HR-менеджері арқылы жүреді. HR-маман Dropbox-қа сілтемесі бар жалған хат алады. Ол арқылы «түйіндемелер» жүктеп алуға тиіс. Алайда, кеңейтілімі .EXE форматындағы құжат жүктеледі. Одан соң «өлімнің көк экраны» көрініп, Petya.A жүйені блоктап тастайды.
Petya.A вирусынан әсіресе Украина айтарлықтай зардап шеккен. Зақым көрушілер арасында Запорожьеоблэнерго, Днепроэнерго, Киев метрополитені, украиндық мобильді оператор Киевстар, LifeCell және УкрТелеКом, «Ашан» дүкені , ПриватБанк, Борисполь әуежайы және түрлі ұйымдар мен құрылымдар бар.
Украин Радасының «Халықтық фронт» депутаты, ІІМ өкілі Антон Геращенко кибершабуылға ресейлік арнайы қызметтерді айыптаған.
Еске салсақ, мамырда таралған WannaCry вирусының әлем бойынша залалы $1 миллиардқа бағаланған.
Мамандар вирустен сақтану үшін дереккөзі сенімсіз электронды пошталарды ашпауды, компьютер қатты дискінде маңызды құжаттарды белгілі аралықтарда көшірмесін сақтап отыруды, антивирус бағдарламаларының соңғы үлгіде жаңаланған болуын және қосулы болуын қадағалауды, сенімсіз интернет беттерді ашпауды ескертеді.