Қазақстандық жүзгіш, олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин Болгария ашық чемпионатында жеңіске жетті. Ол 100 метрге брасс әдісі бойынша жүзуден (1:01,42) алдына жан салмады, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл қашықтықта ол болгариялық Лачезара Шумков (1:02.24) пен қазақстандық Айбек Камзеновты (1:02,59) артқа тастады. Баландин София төрінде екінші алтынына қол жеткізу үшін 200 метр қашықтықта да жеңіске жетуі тиіс.
Осыдан кейін спортшы 14-30 шілде аралығында Будапештте өтетін әлем чемпионатына қатысуы мүмкін.
Еске сала кетсек, қазақстандық жүзгіш Баландин былтыр өткен Рио олимпиадасында 200 метр қашықтықты брасс әдісімен жүзіп өтуде чемпион атанған болатын. Бұл жеңісіне орай тіпті Ақмола облысындағы бассейнге оның есімі берілді.