Елбасының кітапханасында мерекелік онкүндік басталады

/uploads/thumbnail/20170710161720157_small.jpg

1 шілде күні сағат 09.45-те Елбасының кітапханасында «Ашық есік күндері» мерекелік онкүндігі салтанатты түрде ашылады. Шара елордамыздың туған күніне орай ұйымдастырылған.

Онкүндіктің ашылу салтанатына Олимпиада чемпионы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев, ҚР еңбек сіңірген әртісі, әйгілі опера әншiсi Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қорының лауреаты,  атақты балет әртісі Досжан Табылды және мемлекеттік органдардың өкілдері, мәдениет пен спорт қайраткерлері, елордамыздың тұрғындары мен меймандары қатысады.       

Онкүндіктің ашылу бағдарламасында Астана күніне орай ұйымдастырылған көрме мен экспозициялар бойынша экскурсиялар, «Қазақ концерті» оркестрі мен түрлі байқаулардың жеңімпазы атанған әншілер мен бишілердің орындауындағы музыкалық бағдарлама, зияткерлік ойындар мен викториналар жоспарланған.  

Онкүндік барысында бұқаралық, мәдени-танымдық шаралар жоспарланған. Кітапханаға келушілер үшін «Елбасы және Астана» тақырыбында бірегей әрі кешенді көрме ұйымдастырылған. Онда көпшіліктің назарына 60 басылым, 47 архив материалдары, музей жинағынан 30 жәдігер ұсынылады. Көрме негізгі 3 бөлімнен тұрады: «Астананың қалыптасуы», «Астананың қайталанбас бейнесі» және «Астана – әлемдік үнқатысу алаңы».  Барлық материалдар бас қаланың қалыптасу кезеңдерін және оны дамытуда Елбасының өлшеусіз еңбегін паш етеді.   

Өзіндік көзқарасы бар әуесқой фотосуретшілер анықталмақ. «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы қазақстандықтардың көзімен» тақырыбындағы фотобайқаудың жеңімпаздары марапатталады. Оның барысында еліміздің тұрғындары жолдаған ең үздік жұмыстар паш етіледі.

Онкүндік аясында білімін сынауға ниет білдіргендер үшін «iDos» гид-роботы зияткерлік викторина өткізіп, мінсіз жауап бергендерге сертификат табыстайды.

Еңселі елорданың аяққа нық тұруы мен дамуы 3 шілде күні «Астана – Қазақстанның стратегиялық векторы» дөңгелек үстеліне арқау болмақ. Маңызды басқосуда өздерінің деректері мен дәйектерін халық қалаулылары, сарапшылар мен ғалымдар ортаға салады.

Қазақстандық жас дарындар өздерінің өнерлерін «Жұлдызды қала – Астана» балалар мерекесінде 4 шілде күні сағат 10.00-де паш етеді.

3 және 5 шілде күндері Кітапхана қабырғасында Кино күндері өтеді.  Оның барысында «Елбасы жолы»  киноэпопеясының фильмдері көрсетіледі.  

Онкүндік шілденің 1-нен 10-на дейін жалғасады. Оның аясында тақырыптық және шолу экскурсиялары өткізіледі.  

Қатысты Мақалалар