АЛАШОРДАНЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРҒАН ЕСІМ ТӨРЕГЕ МЕЦЕНАТ ОСПАНОВ КЕСЕНЕ ТҰРҒЫЗДЫ

/uploads/thumbnail/20170710161737003_small.JPG

Жетісудің түгін тартса майы шығатын сулы, нулы, табиғаты тамылжыған, топырағы құтты өңірінде, Алматы облысының  Алакөл ауданындағы Жыланды ауылында  Есім төренің кесенесі бой көтерді.  Жыландыдан шығысқа 10 шақырым жерде орналасқан кесененің жаңаруына белгілі меценат Бауыржан Оспанов қаржылық және идеялық ықпал еткен.

30 маусым күні таңертең болып өткен кесененің ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров сияқты ел таныған азаматтармен қоса Біріккен Араб әмірліктерінен, Түркиядан, Қазақстанның басқа өңірлерінен қонақтар келген. Кесененің ашылуына жиналған қаранөпір халыққа арнайы тігілген киіз үйлерде ас та берілді.

Облыс әкімінің орынбасары Оспановқа алғыс айтты

Жиналғандарды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар: «Президент «Рухани жаңғыру» туралы мақаласында «Туған Жер» бағдарламасын жүзеге асыруды ұсынды. Біздің өңір бұл бастаманы бірінші болып іске асыруда және бірнеше нысанды жөндеп те үлгерді. Олардың бірі - Есім Төре кесенесі. Облыс басшылығы мен тұрғындары атынан Бауыржан Кеңесбекұлына зор алғысымды білдіремін», - деді мавзолейдің ашылуында әкімнің орынбасары.

Есім төре 19 ғасырдың аяғы, 20 ғасырдың басында өмір сүрген. Лепсі өңірінде дәулетті болыс, қайырымды, жомарт азамат ретінде ел есінде қалған. «Алаш орда» қозғалысын қаржылай қолдап, қиын-қыстау заманда мұқтаж жандарға малын таратып, халықтың босып кетпеуіне үлес қосқан.

Ол туралы кесененің ашылуына арнайы барған Қамшы тілшісіне Бауыржан Кеңесбекұлы айтып берді.

Есім төренің Жылқысы жағалай су ішкенде Шынжылы өзені тартылып қалатын

«Бүгінгі ашылып жатқан кесене осы өңірдің соңғы сұлтаны Есім төреге арналған, бұл кісі 1852 жылы қазіргі Алматы облысы Алакөл ауданы Шоқты ауылында дүниеге келген. 20 жыл бұрын осы өңірдің кітабын жазғызайын деп архивтермен жұмыс істеп жүргенде суретін тауып алдық. «Сұлтан Есім төре әйелдерімен» деген жазуы болды. Санкт-Петербургтегі түскен суреті. Ұрпақтарының айтуынша, суретке Романовтардың 250 жылдығына Санкт-Петербургке барғанда түскен. Жай адам емес екенін осыдан-ақ білуге болады. Лепсі ауылында уез орталығы болған. Аягөзден Қапалға дейін қараған. Есім төренің қиын заманда қазаққа істегені көп, Ашаршылық кездерде Жезқазғаннан келіп, қойма ашқан, малын берген. 2-3 әйелі болған деседі, соның бірінің үйі 12*12, ағашпен салынған үйі сақталған, сол үйін әкеліп осы ауылда жасадық.

Бала кезден ол кісі туралы көп аңыз естіп өстік. Есім Төренің жылқысы келіп Шынжылы өзенінен су ішкенде өзен тоқтап қалатын дейтін. Соны аңыз көретінбіз. Кейін Австралиядан 6000 бас мал әкеліп суғарғанда өзеннің тартылып қалғанын біз де көрдік. Мұхамеджан Тынышбаев осы өңірдегі қазақтардың ашаршылық пен қуғын-сүргінге қалай ұшырғанын көп жазып кетеді ғой. Сол замандарда Есім төре осы елд аман сақтап қалған деседі.  Есім төре революцияның алдында қайтыс болған.

Есім төре Әлихан Бөкейханның кітабының шығуына 1914 жылы атсалысқан. Артынан ұрпақтары қалмаған, тек інісінің ұрпақтары бар. Інісі Есейдің баласы Беламор каналының бас инженері болған. Кейінгі немерелері оны Санкт-Петербургте оқып жүргенде атылған дейді. Ұрпақтары көзі ашық, оқыған, ел басқарған. Бірақ коммунистердің кезіндегі қиыншылықта бұлар репрессияға түсіп, басқа фамилияға ауысып кеткен. Бірақ 50-60 жылдары қайта келіп жатыр, әйтпесе Ресей жақтарда өскен.

Осының бәрін ескеріп, халыққа жасаған қызметін ескеріп ескерткіш орнаттық. Мыңдаған жылдар бойы тұра берсін, ұрпақтарға үлгі болсын! Оның кітаптарын, киносын шығарсақ, халыққа үлгі болса екен деген ниетіиіз ғой.

Тынышбаев туралы жаңа тарихи деректерді қамтыған кітап таратылды

Биыл Алашорда үкіметіне 100 жыл. Соған байланысты бір жағынан Есім төренің мазарын көтерсек, екінші жағынан Мұхамеджан Тынышбаевтан бастап алаш азаматтырының қайтыс болған мекендеріне мешіт салдық. Одан бұрын Қабанбайда спорт кесенесін бітірдік. Бұл жерде өте үлкен тарих жатыр. М. Тынышбаев туралы жаңа тарихи деректерді қамтыған кітапты шығарғанымызға бір жұма болды, бүгін бірінші рет таратылды. 1937 жылы қайтарында өзінің тергеу кезіндегі жазып кеткені осы кітапқа кіріп отыр. Сонда ол кісі айтады: Лепсіге келіп, расымен келдім, өз қазағыма жеке мемлекет жасаймыз деген ой болған. Қасымда бірнеше адам бар, Сібірге Колшакпен кездесуге бардым», - деп. Колшак екі-үш күн қабылдамай қойған, сосын оған М. Тынышбаевтың жай адам емес екенін жеткізеді. Сөйтіп екеуі кездеседі. Біз қазақтар атты әскер шығарамыз, бізге қару-жарақпен көмекетес, үкіметке қарсы соғысайық деген Тынышбаев. Сонда Колшақ «Империя неделима» деп, екеуі келісе алмай қойған. Екі-үш рет кездесіп, ақыры келісе алмаған, содан қазақ бөлініп кеткен.

Енді біздің ойымызша, екеуі сол кезде келісіп, Колшақ әскермен, қару-жарақпен көмектескенде бүгінгі жағдай және тарихмыз мүлдем басқаша болар ма еді...

Кесене біз ес білгенде сәл құлаған, мүжіліп жататын. Тұмасынан су алатынбыз, тиын толып жататын. Құлағаннан кейін ауылдың азаматтары ақ кірпішпен қалап, қайта салған. Сөйтіп, кейінгі ұрпаққа қалатындай, сақталатындай тағы да сапалы кірпішпен қайтадан салдырдық», - деп атап өтті өзі де жомарттығымен танылған Бауыржан Оспанов.

Есім төренің ұрпағы Темірбек Ахметов те атасының аса ықпалды адам болғанын айтады.

«Есім төре біздің арғы атамыз болып келеді. Біз оның бауыры Есекеден тараймыз.  Есеке Бөкей ұлы. Есеке осы өңірдің болысы болған адам, атақты адам болған. Жылқылыарының саны өте көп, тіпті санауға келмейтін дейді. 1852-1916 жылдары өмір сүрген. Ауыр заамн болатын, сол заманда бұл кісі мұқтжа жандардың бәріне болысып жүрген. Аңыз бойынша бір күн ішінде 70 жылқыдай елге таратып беретін болған. Кейінде Алашорданың азаматтары Әлихан Бөкейхановтардың кітаптарын шығаруға болысқан болатын. Сол азаматтарды қудалаған кезде сол кісілердің өздеріне болысқан. Романовтардың 250 жылдығы болғанда Санкт-Петербургте оған алтын алқа таққан. Сол кезде патша үкіметі де ол кісіге болысып, сөзін жерге тастамаған. Өз елінің өз жерінің азаматы болды. Қанша байлығы болса да, өз елім деп жүрегі соққан азаматтардың бірі. Оның балалары Ұлы Отан соғысына қатысып келгендер, 98 жылдары қайтыс болды. Бәрі қазақ еліне жұмыс істеп жатқан адамдар», - дейді Ахметов.

«Қазақстан-2050» стратегиясын әлдеқашан жүзеге асырып қойған Жыланды ауылы

Енді Жыланды ауылы туралы аз-кем.

Бұл күнде Бауыржан Оспановтың есімін білетіндер Жыланды дейтін ауылды да жақсы біледі. Бұл әйгілі меценат Бауыржан Оспанов пен әлем чемпионы, боксшы Жәнібек Әлімханның туған ауылы. Бүгінде кәсіпқой бокста атой салып, қазақтың атын шығарып жүрген қандасымыз Қанат Ислам да аға-жеңгесін арғы беттен осы ауылға көшіріп әкелген.

Осы ауыл туралы да халық арасында аңызбен астасқан әңгімелер айтылатын. Жыланды ауданының әкімі Әнуарбек Жүнісбеков «Қазір ауылда ішімдік сатылмайды. 2010 жылы құрбан айт кезінде ауылдағы ақсақалдар жиналып, Бауыржан Кеңесбекұлының да ықпалымен осындай шешім шығарған» деп атап өтті.

 Бүгін «Жыландыда арақ сатылмайды, тегін қымыз таратылады» дейтін сөздің шын екеніне Қамшы тілшісі ауылдағы бірнеше дүкенге де кіріп куә болды.

 «Жастарымыз спортқа бел буған. Өздеріңіз білетіндей Жәнібек Әлімханұлы, Айбек Шолпанбек (самбо), Шыңғысханов Ақмарал т.б.  сияқты елге есімі белгілі чемпиондарымыз шықты. Бауыржан Кеңесбекұлының демеушілігімен ауылда мұғалімдерге үй салынды, батыр аналарға үй берілді. Ыдыс-аяғы, тұрмыс жағдайы  жасалған. Совет үкіметі кезінде салынған үйлерді қайтадан жаңадан жасалып, 107 бала интернатта оқып жатыр. 4 уақыт тамақпен қамтылған. Балалар олимпиадаларға барып, жүлделі орындар алып қайтты. Оқушылар үшін арнайы автобус бар. Мұғалімдердің жалақысы 118 000 болса, 130 000-ға дейін үстемелік жалақы төленеді. Түстен кейін мұғалімдер әр оқушыны қосымша дайындайды», - деп таныстырды ауыл әкімі.

Жыланды ғана емес Лепсі ауылында да, Бауыржан Оспановтың демеушілігімен араның балын өңдейтін цех, спорт кешені, мұғалімдерге баспана салынған, шағын кәсіппен айналысатындарға бар мүмкіндік жасалған. Атымтай жомарт Оспановтың есебінен аудан орталығы Қабанбайға күн сайын тұрақты көлік те қатынайды. Ауыл тұрғындарына тегін қымыз таратылып, той, ас бергендерге де саба-саба қымыз тегін беріледі екен.

***

Біз, Кесененің ашылуына Алматыдан арнайы бөлген көлікпен бардық. Күні бұрын жетіп, Лепсідегі Бауыржан Оспанов ашқан интернаттың пансионатына қондық. Лепсі мен Жыландыны аралауға да мүмкіндігміз болды. Шалғай ауылдағы дарынды балалардың спорттың: дзюдо, бокс, еркін және грек-рим күресі, ауыр атлетика және шаңғымен жүгіру сынды олимпиадалық түрлерімен емін-еркін шұғылдануына жағдай ту­ғызған.

Кесененің ашылуынан кейін атымыздың басын Алматыға бұрғанда Лепсі өзенінің жағасында алқа қотан ақ үйлер тігіліп жатты. Қабанбай батырдың 325 жылдығына орай ертең Лепсіде аламен бәйге, ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылмақшы. Соған орай бүгін кешкілік айтыс өтіп, арты галаконсертпен жалғасты.

Есім төре туралы аңыз

Есім төре өте дәулетті кісі болған деседі, халықтың басына зобалаң жылдар туғанда аш құрсақтарға жылына 700 басқа дейін жылқы таратыпты. Ол кісі Октябрь революциясына дейін де, одан кейін де өмір сүрген. Лепсіде Пугасов деген қыш шығаратын кулак болған. Сол Есім төрені ауылына қонаққа шақырып, самауырынды ақшамен қайнатыпты. Орыс кулагының дәулетін көрген Есім төре де, Пугасов­ты ауылына шақырып, тай сойып, тайқазанды ақшамен қайнатқанын көрген Пугасов төрені мойындаған екен деген аңыздар айтылады. Өмірде болған дәулетті кісінің есімін тарихта мәңгіге қалдыру үшін Бауыржан Оспанов Алматыдан архитектор алдырып, Есім төренің кесенесін жаңалатуды қолға алыпты. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болатын іс. Сол Есім төренің жомарттығын бүгінде Бауыржан жалғастырып жатыр. Шынжылыдағы Майқан ауылы Есім төренің екінші әйелінің есімімен аталады. Жыландыда Сарданқол деген биік тау бар, Биттісай осы таудың етегінде, Жыланды өзені баяу ағып жатыр. Ауылдағы 130 орынды мешітті де Бауыржан салып беріп, имамның жалақысын өзі төлейді. Бауыржанның ұраны: «Бір адамда ғана болмауы керек, ол бәрімізде болуы керек, сонда ғана бірі-бірімізді сүйрейміз!». Бұл ұран өзге де байларға жұғысты болса ғой, шіркін!... Айтпақшы, Пугасов шығарған қыштың құпиясын әлі ешкім зерттеп таба алмаған. Қуғын-сүргін көріп кеткен бай-кулак, қыш өндіру құпиясын өзімен бірге ала кетіпті.

 

Нұрғали Нұртай

Қатысты Мақалалар