Таяуда ғана елімізде мектеп түлектерінің ұлттық бірыңғай тестілеуі аяқталғаны белгілі. Алайда, сынаққа қатысқандардың барлығы бірдей тиісті межені бағындыра алмады. Сондай түлектерге, яғни ҰБТ-ға қатыспаған және шектік деңгейге жете алмаған жастарға қолдау көрсетіп, өмірден өз орнын табу үшін жөн сілтеу мақсатында былтыр «Нұр Отан» партиясы Елбасының тапсырмасымен «Сәтті қадам» жобасын қолға алған болатын. Биыл да аталған бастама өз жалғасын таппақ.
Соған орай бүгін «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында «Сәтті қадам» партиялық жобасының үшінші бағытын жүзеге асыру мақсатында «Нұр Отан» партиясы мен Білім және ғылым минстрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Дін істері және азаматтық қоғам министрліктері арасында жаңартылған төртжақты меморандумға қол қойылды.
Отырыс «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалығымен өтті. Шараға аталған министрлік басшылары Ерлан Сағадиев, Тамара Дүйсенова, Нұрлан Ермекбаев пен жауапты мемлекеттік органдар өкілдерінен құрылған жұмыс тобының мүшелері, партияның өңірлік филиалдары мен «Жас Отан» Жастар қанатының өкілдері қатысты.
Жобаның маңызы жөнінде айтқан Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Елбасымыздың тапсырмасын орындау үш үлкен мәселенің түйінін шешуге мүмкіндік береді: мектеп бітірген жастар мемлекеттің қамқорлығын сезініп, бірден жұмыспен қамтылады; мамандық игереді және жаңадан ашылған кәсіпорындар жұмыс күшімен қамтамасыз етіледі. Бірде бір мектеп бітіруші біздің назарымыздан тыс қалмауы керек. Бұл қоғамға да, мемлекетке де өте пайдалы іс», – деді.
Жобаның өткен жылғы көрсеткіштеріне көз жүгіртер болсақ, ҰБТ-ға қатыспаған және шекті деңгейді жинай алмаған мектеп түлектерінің жалпы саны 54172 жасты құрады. Қайта тестілеудің арқасында 13514 түлек қазақстандық және 5820 түлек шетелдік білім беру орындарына оқуға оқуға түсті. Сондай-ақ, 22526 түлек Кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарына және даярлау курстарына түссе, 1006 жас әскер қатарына шақырылған. Ал 1408 түлек өз күштерімен жұмысқа орналасты. Биыл да бас партияның қолдауымен сынақтан сүрінген жастарымыз өмірдің бір кетігіне кірпіш болып қаланады деген сеніміміз мол.