Жүрегіне трансплантация жасатқан отандастарымыз Испанияның Малага қаласында өткен XXI Дүниежүзілік трансплант ойындарынан алтынмен оралды.Бұл туралы Қамшы ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Боулинг жарысына қатысқан Гүлмира Смаилова 16 қарсыласын қапы қалдырған. Сондай-ақ жеңімпаздың операциядан кейінгі өмірі өзгеріп, сурет салуға құлшынысы артқан. Медициналық көмек көрсеткен абзал жандарға деген алғысы да шексіз. Команданың өзге де мүшелері жүзуден және үстел теннисінен жақсы нәтижелер көрсетіп, жалпы есепте құрамамыз үздік үштікке енген.
Айта кетейік, әлем бойынша адам ағзасы донорларының қай кезде де тапшы екені белгілі. Орталық коммуникациялар қызметінде есеп берген дәрігерлердің дерегіне сүйенсек, еліміз бойынша 10 адам өкпеге, 526-сы бауырына, 2 мың 800-і бүйрегіне трансплантация жасату кезегінде тұр. «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Юрий Пяның айтуынша, азаматтар арасында донорлық мәдениетті қалыптастыру қажет.
Айта кетейік, Қазақстанда жүрек трансплантациясы кезегінде 135 адам тіркеуде тұр.
Шолушы: Айгерім Таубай