Ресейдің танымал блогері Сергей Никитский EXPO-2017 көрмесінен алған әсерін көпшілікпен бөлісіп, бірнеше материалдарын жария етті деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасай отырып. Ол Ресей мен әлемге жасаған саяхаттарын ғаламтордағы ірі порталдарда жариялап, сараптама жасап отырады. Никитский Астанада болған үш күн ішінде қаланы түрлі қырынан танып-білгенін айтады. Сонымен қатар, ЭКСПО туралы шынайы көзқарас қалыптастыру үшін алдымен көрмені толық аралап шығу керек дейді.
Сергей Никитский, блогер: « Қазақстанның павильоны мен энергия мұражайы менің есімде ерекше сақталып қалды. Сегізінші қабаттағы өте керемет композициялар ересектерді де, балаларды да бей-жай қалдырмайтыны анық. Көрмеде өткізген үш күн әлемдегі энергетика туралы жалпы ғаламдық түсінік береді. Қаланың көркі ерекше әсер етті. Астанадағы аспанмен таласқан биік зәулім ғимараттар мен кең даңғыл жолдар Дубайды еске түсіреді. Ел ордасы деген атқа сай екені көрініп тұр. Мен, тіпті, қызғанып кеттім. Ресейде жаңадан пайда болып, даму жолына түскен мұндай қала жоқ. Сосын айт кететіні тұрғындардың қонақжай қылықтары ұнады. Біз болған кез-келген жерде адамдар күлімдеп қарсы алып жатты»,- дейді Сергей Никитский.