Cиви МАХМУДИ: Қазақ қызы болғаныма МАҚТАНАМЫН!

/uploads/thumbnail/20170708155658450_small.jpg

Бүгінде өнерге бірте-бірте өз жолын сала бастаған жастар бар. Олардың денін «ақшаның арқасында» шықты десек те, сол өнерге өлерман болған жастарды мұқатып-кекетудің кегімен жүргендер де аз емес. Мәселен, жүрегі қазақ деп соққан Сиви Махмуди қызымыздың ұлтына күмәнмен қарап, «ол – өзбек екен», «тегі түрік сияқты» деп, сыртқа тебушілер аннан-мұннан қылаң береді. Өзбек ағайындар көнсін-көнбесін өз еліндегі барша халықты өзбек деп жаздыртып жатқанда, «мен – қазақпын» деп кеуде қаққан әнші қызды өңменінен итеруді қазақи итшілік демеске лаж бар ма?

–Сөз қууға дегдар болған қай қазағымның аузына қақпақ болайын, – деп бастады Сиви біздің «Бейсенбідегі бетпе-бет» айдары аясындағы сұхбатымызды. – Айта берсін, ал мен қазақтың, қазақ болғанда ежелгі қыпшақтан шыққан қазақтың қызымын. Шежіреден жеткен тарихты төлқұжатқа жазу мүмкін болмаса, мен енді өзімнің қазақтығымды қайтып дәлелдеуім керек?! Сондықтан қазір мен бұл шетқақпайға пысқырып қарамайтын болдым. – Жоқ, біз сіздің тегіңізге күмәніміз жоқ... – Қайдан білейін, менен сұхбат алушылар сөзін осыдан бастайтын болған соң, бірден жауап беріп тастайын дегенім ғой... 5w1X5KtcGfE

– Біздің оқырманға сіздің шоу-бизнесте құрған кәсіптеріңіз жөнінде білу әлдеқайда қызықтырақ деп білеміз. Мәселен, сізді елге танылып келе жатқан әнші ғана емес, сонымен бірге баспагерлікпен айналысып, танымдылық тұрғысында журнал ашқан кәсіпкер ретінде білетін жұрт бар. Қазіргі қағаз газеттерінің қиыншылыққа тап болып тұрған кезінде, сіздің журналыңыздың жай-күйі қалай болып жатыр? – Е-е, сөйтіп, кәсіп құрмақ басқаларға да тәлім боларлық тақырыпты қозғайықшы... Құдайға шүкір, журналымның жағдайы жақсы. Біріншіден , ол жаңа шығып жатқан журнал емес: бірнеше жылдан бері жарық көрген, өзіндік пайдасы бар журнал. Аса көп шығынды қажет етпейді. Ел ішіндегі осы тектес басылымдар арасында өзіндік рейтингісі тәп-тәуір. Менің тәнті жұртыма белгілі: тұрмыс құрып, екі баланың анасы атанудың қамымен жүргенде тоқтап қалған жұмыстарымды қайтадан қолға алып жатырмын.. Қазір сіз сөз етіп отырған «Stars kz» журналын өз деңгейінен әлдеқайда жоғары сапада шығару жобасымен айналысып жатырмын. – Сізді «әнші ғана емес» дейтін тағы бір себебіміз: жеке дүкеніңіз тағы бар. Оны бүгінде ресми тіркеуде шағын бизнеске жатқызып айтады. Ендеше қымбатшылық қысқан қазіргі кезде сіздің осы бизнесіңіз қалай жүріп жатыр? – Халыққа қымбатшылықтың салмағы түспеу үшін, өзіңше ізденіс жасау – сауда-саттық саласында жаңа мүмкіндіктер тудыратын сияқты. Қымбатшылық келді екен деп, бағаны шарықтатып қойғаннан бизнес дөңгеленіп кетпейді. Қандай дүкен болмасын, халық тұтынатын тауарды сұранысқа сай ете білсең, қиыншылықта кемшіндік көрмейсің. Адам барар жеріне сай киіну үшін, жағдайына қарай ұсыныстар жасайды, тапсырыстар береді. Біз соны тап-тұйнақтай орындауға тырысамыз. Дүкенімізде өзіміздің ғана өнім емес, өзге дизайнердің киімдері де сатылады. Құны да қарапайым халықтың қалтасы көтеретін қолжетімді бағада. – Дүкен сияқты жеке кәсіпкердің бизнес мекеніне тексеруші орындар жиі келеді, ондай тексерушіден құтылу үшін дүкен иесі «ақысын төлеп» құтылады дегенді жиі естиміз. Сіз ондай жағдайды бастан кешіріп көрдіңіз бе? – Бәріміздің күн кешіп отырғанымыз осы ел болғандықтан, оқта-текте ондай жағдайдың кездесетіні рас. Бірақ саудадағы тәртіп пен талаптың деңгейін сақтағандықтан, маған ондай «келушілер» қазір азайған. Бастапқыда, дүкенімізді алғаш ашқанда, тексерушілер көп келетін еді. Оған қоса күйеуім заңның тілін жақсы білетін маман болғандықтан, бізді мазалайтындар да аяқтарын тыйған сияқты. – Ал әншіліктің, шығармашылықтың жай-күйі қалай болып жатыр? – Бүгінгі шығармашылық екіге бөлінеді ғой: бірі – сахна, екіншісі – той деп. Екіншісіне зауқым аз, себебі арзан ыр-дуға шаршадым. Бірақ ол тойға да баратын халық – өз тыңдарманың: оны да ескеру керек. Концертті күнде бере алмайсың, сондықтан қадірлеп шақырған жердің құнын да, құрметін де қабылдаймын. Ал сахналық шығармашылық туралы айтар болсам, жаңа әндер жаздырып жатырмын. Бірер бейнеклип түсірдім. Тағы бір-екеуінің жобасы дайын тұр. Алғаш өнерге қадам басқанымдағы сахналық стилім – шығыстық үлгі болған, енді оны түбегейлі өзгертудің ретін қарастырып жатырмын. Соған байланысты репертуарымды да түбегейлі өзгертпекпін. – Қазақ әншілері арасынан қайырымдылыққа қаржы жұмсапты дегенді ести бермейміз. Бірақ қымбат көлік мініп, сарайдан кем соқпайтын үй салып жатқандарды көргенде, әншілердің арасында да бақуаттылары бар екеніне көз жетеді. Ал сіздің жетім-жесірге, кедей-кепшікке қайырымдылық жасау ниетіңіз қалай? – Иә, қолым жетіп тұрғанда, қайырым жасауға асықпын. Жағдайы жоқ жандарға, сырттан келген оралмандарға, қарамағымдағы жұмыс істейтін қыз-келіншектерге: олардың бірі жолдасынан айырылса, енді бірінің тұрмысы нашар – оларды тек айлықпен шектемей, сыйақы да жасап тұрамын. Қолымнан келгенше көмегімді аямаймын. Біраз уақыттан бері тұрақты қайырымдылық жасап келе жатқан 2–3 балалар үйі бар. Әр екі ай сайын барамын. Кейде өзім киім апарамын, кейде олар өздері «заказ» береді. Таяуда балаларға велосипед керек деген өтініш болды... – Қайырымдылық дегеннен шығады ғой, мұндай шаралар қоғамдық ортаның хал-ахуалына байланысты жасалатыны белгілі. Сіз бүгін қазақ елінің әлеуметтік жағдайы, тұрмыс-тіршілігі қалай деп ойлайсыз? «Тәуба!» дегеннің бәрі жақсы тіршілік кешіп жатпайтынын білетін шығарсыз?.. – «Шүкіршілік!» дейміз ғой әйтеуір... Расында, көршілес өзге елдермен салыстырғанда, жағдайымыз анағұрлым жақсы. Бірақ өзгеден тәуір екенбіз деп, адамға әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасауды дағдарыстың сылтауымен шектеп тастауға болмайды. Дегенмен, адам тілемсек болмай, өзі де қауһар жасауы тиіс. – Бәлкім, сіздің «Өкініш» фильміне түскеніңізден бе, «Сиви енді киножобаларға ден қояды екен» деген сөз бар? Оған не дейсіз? – Талай киноға түстім. «Өкініш» те алғашқы түскен кином емес. Бірақ кино саласына түбегейлі бет бұру ойымда жоқ. Ол әлемді бағындыру үшін, оған түбегейлі бет бұру керек шығар. Ал Қайрат Нұртастың мен түскен сол фильмін досым болғандықтан емес, көрермені ретінде мақтан тұтамын. Сол фильмдегі рөлге бес айлық екіқабат болып жүрген мені шақырғаны үшін Гүлзира апайға алғысым шексіз. – Айтпақшы, сіздің тағы бір дизайнерлік кәсібіңіз бар ғой: оны өндірістік жолға қою ойыңызда жоқ па? – Иә, ол кәсіпті де әдемі бастаған едім, бірақ әзірге тоқтаттым. Барлығына бірдей жетісу қиын: отбасына да көп көңіл бөлу керек. Оның үстіне кіші бизнестің де атқаратын үлкен шаруалары бар. – Әншілігіңіз бар, журнал шығарасыз, жеке кәсібіңіз тағы бар – осының бәріне үлгеремін деп, отбасындағы ана ретінде тірлікке қалай үлгеріп жүрсіз? – Қолдан келгенше үлгеруге тырысамын. Қалаға көп келмеймін. Бүгінгі таңда қол астыма мықты әрі сенімді команда жинағанмын. Сол командама сенім артамын. Олар да шынайы, жандары ашып жұмыс істейді. Жақсы ықыласпен бірлесіп жұмыс жасағаннан болар, тәп-тәуір жұмыстар атқарылып жатыр. – Жарыңыз анда-мұнда шапқылап жүргеніңізге сізге қабақ шытатын кездері бола ма? – Ешқашан ренжіген емес. Өзінің де тірліктері бар. Үйде менен гөрі, ол кісі көп болмайды. Тұрмысқа шыққалы бері, айлап гастрольге шыққан емеспін. Қалаға шықсам, 3–4 сағаттың ішінде жұмысымның бәрін бітіруге тырысамын. – Сіздің ең бірінші сыншыңыз кім? Жалпы, өнеріңізге сын айтушыға қалай қарайсыз? – Өмірде де, өнерде де ең бірінші сыншым – анам. Өйткені өнер жолына анам арқылы келдім. Анамның сыны бәрінен маңызды. Ол кісі қатты сын айтса да кешіремін, себебі ол мені жаман болсын деп айтпайды ғой. Жалпы, өнерге қатысты сынға ренжімеймін.Мініңді біліп жүру үшін, ол ауадай қажет. Сынның біразын естідім, біразын естіп жүрмін. Тек ұлтыма байланысты айтылғандарын көтере алмаймын... Мені өзбек, түрік дейтіндер бар. Өнерімді бағалай тұра, ұлтымды қазақ емес дегендерге қаным қайнап кетеді... Бұрыннан бері тағы да продюсерлікпен айналысамын ғой: бірнеше жыл бұрын «Аяла» деген тобым «Алматы жүрегімде» байқауында бірінші орынды иеленді. Бұл байқаудың қорытындысы қазылықтағы адамдармен қоса, халықтың дауыс беруімен анықталатын. Сонда әділ қазылықта отырған елге танымал атақты кісілердің бірі, нақты кім екенін айтпай-ақ қояйын, «бәйгені өзбек қызына беріп қайтеміз» дегенін естігенде, көңілім қатты қалған. Бірақ көрермендердің дауыс беру нәтижесінде бірінші орын алып, көлік ұтқанбыз. Осы күнге дейін айтып келемін, тағы да айтамын: «Мен – қазақтың қызымын! Қазақ болғаныма мақтанамын!». – Сол мақтанышыңыз сізді биіктерге жетелей берсін, Сиви ханым! Әңгімеңізге рахмет!

Жансая ЕРТАЙ, «D»

Қатысты Мақалалар