ҚР Орталық әскери клубында қазақстандық спортшылардың ТМД елдері арасында өтетін ІІ әскери спорт ойындарына соңғы дайындықтары өтіп жатыр. Әскер қызметкерлері арасындағы спорттық ойындар 24 шілде мен 1 тамыз аралығында Қырғызстанның Балықшы қаласында өтеді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі 24 Хабар мәліметіне сүйеніп.
Бағдарламаға спорттың 6 түрі енген. Олардың ішінде қоян-қолтық ұрыс, кір тасын көтеру, әскери-спорттық көпсайыс, офицерлік тапсырма, командирлік жарыс және нысана көздеу бар.
ҚР ҚМ ОАСК подполковнигі Расул Мейірмановтың айтуынша, алдағы бәсекеге қазақстандық спортшылар толық дайын және Қазақстанның туын абыроймен қорғамақ.
Қарулы күштер командасына іріктеу ҚР әскер қызметкерлері арасындағы Спартакиада ойындары мен республикалық ҚР ҚМ ОАСК спорт кешенінде өткен чемпионаттың қорытындысы бойынша іріктеліп алынған. Оқу-жаттығу жұмыстарының барлығы жақсы өтті. Енді Қырғызстан жерінде сәтті өнер көрсетеміз деген сенімдемін, – деді Р.Мейірманов.
Еске салайық, 2015 жылы Мәскеу қаласында өткен ТМД елдерінің әскери спорт ойындарында Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте екінші орынды алған болатын.