2018 жылдың 1 қаңтарынан елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізіледі деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Қазақстан Республикасының ішкі істер минстірлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Әлемде бүгінде денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың үш негізгі үлгісі бар. Атап айтқанда, бюджеттік, сақтандыру және аралас.
Қазақстанда әлемдік тәжірибені есепке ала отырып, медициналық сақтандырудың аралас үлгісін енгізу көзделген.
Үкімет сақтандыру жүйесіне көшудің жеңіл жолдарын қарастырды. Ағымдағы жылғы 1 шілдеден жұмыс берушілер өздерінің әрбір жұмысшысы үшін 1 пайыз қаржы аударуды бастайды. Ал жұмысшылардың өздері 2019 жылдан 1 пайыз төлейді. Уақыт өте келе, жүйе жұмыс істей бастағанда жұмысшы жұмыс берушімен бірге 5 пайыз төлейтін болады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаржыландырудың екі ағынын басқарады. Бірінші – медициналық сақтандырудың кепілдендірілген көлемі, ол сақтандыру жарнасының бар-жоғына қарамастан Қазақстан Республикасының әрбір азаматына қолжетімді. Оның құрамына алдын алу екпелері, жедел жәрдем, төтенше жағдайлар бойынша санитарлық авиациялық, медициналық көмек, әлеуметтік маңызы жоғары аурулар (онкологиялық, психиатриялық) кезіндегі стационарлық және аралас стационарлық медициналық көмек, сондай-ақ қоршаған ортаға қауіпі жоғары (туберкулез) ауру таралу кезіндегі көмектер кіреді.
Бұған қоса, мемлекет әлеуметтік жағынан қорғалмаған тұрғындар үшін төлем жасап, медициналық сақтандыру қорының негізгі төлеушісі болып қала береді.
Мемлекет кім үшін төлейді?
Мұның барлығы 14 санаттан тұрады. Жеңілдік тізіміне балалар, көп балалы аналар, арнайы төс белгі және ордендермен марапатталғандар, зейнеткерлер, мүгедектер, жүктілігіне байланысты демалыстағылар, жұмыс істемейтін екіқабат әйелдер, жұмыссыздар, студенттер, тергеу және түзеу орындарында отырғандар (қауіптілігі аз мекемелерді қоспағанда), жұмыс істемейтін оралмандар кіреді.
Сондай-ақ, 3 санаттағы тұлғалар, бұлар құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметкерлер және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері жарна төлеуден босатылған. Олар бұрынғыша бюджет қаржысы есебінен жұмыс істейтін ведомстволық медициналық ұйымдардың қызметтерін пайдаланады. Қажет болған жағдайда медициналық көрсеткіштері бойынша денсаулық сақтау органдарының медициналық ұйымдарына бюдет қаржысы есебінен жіберіледі.
Құқық қорғау органдарының зейнеткерлері мен қызметкерлерінің отбасы мүшелері ішкі істер органдарының медициналық ұйымдарында медициналық қызметті пайдалануға құқықтары бар. медициналық қызметтер медициналық сақтандыру қоры мен ІІО медициналық ұйымдарының өзара есептесулері арқылы көрсетіледі.
Құқық қорғау органдарының әрбір қызметкері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебесін айқындап алуы тиіс (жұмысшы, жеке кәсіпкер, студент, өз өзін жұмыспен қамтушы, зейнеткер, жұмыссыз және т.б), дәлірек айтқанда, ол үшін сақтандыру жарнасы қалай төленетінін анықтап алуы керек. Сондай-ақ, тұрғылықты жері бойынша қандай ведомстволық немесе азаматтық медициналық ұйымға тіркелуі қажет екенін шешкені жөн. Ал заң бойынша бір ғана медициналық ұйымға тіркелуге болады.
Егер жұмыссыз отбасы мүшесі жұмыспен қамту органдарына жүгініп, арнайы жұмыссыз статусын алғысы келмесе, онда белсенділігі төмен тұрғындардың немесе өнімділігі аз өзін-өзі жұмыспен қамтушы санатына өтуі керек. Сонда жарна мөлшері ең төменгі жалақы мөлшерінің айына бес пайызын – 1414 теңгені құрайды. Төлемдерді «Казпочта» филиалдары немесе коммерциялық банктер арқылы жүзеге асыруға болады.
Ішкі істер органдары жүйесінде жұмыс жасайтын мемлекеттік, азаматтық қызметкерлер және басқа да жұмысшылар санаты тұрғылықты жері бойынша денсаулық сақтау органдарына медициналық қызметтерді пайдалану үшін бекітілуі қажет.
Ішкі істер органдарының медициналық ұйымдарына бекітілу құқығы құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне (прокуратура, ішкі істер, жемқорлыққа қарсы қызмет және экономикалық тергеу органдары), олардың отбасы мүшелеріне, бірге тұратын адамдарға, құқық қорғау органдарының зейнеткерлері, сондай-ақ қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлердің балалары ер жеткенше тұра алады.
Сол үшін олар ІІМ-нің, облыстық және Астана мен Алматы қалаларындағы ІІД-нің медициналық ұйымдарына жеке куәлігімен келіп, медициналық ұйымының басшысына өтініш жазуы қажет. Балаларды өздерімен бірге алып келу міндетті емес – туу туралы куәлігі, жеке куәлігі, қызметкер мен оның отбасы мүшелерінің мекен-жайынан анықтама болса жеткілікті. Бүгінгі күні тіркелу ІІМ-нің, облыстардың, Астана және Алматы қалалары Ішкі істер департаменттері кадрлар аппараты арқылы бір орталықтан жүргізіледі.
Пікір қалдыру