Батыс Қазақстан облысы аудандарында күннің ыстығына байланысты өрт қаупі сейілер емес, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агентігі ҚазАқпаратке сілтеме жасай отырып. БҚО ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Нұргүл Мұқанованың мәлім еткеніндей, 5 тамыз күні өңірде бірнеше құрғақ шөптің жану оқиғасы тіркелді. Осы күні Теректі ауданы Шалқар ауылы маңында сағат 18.12-де шыққан өрттен 267 гектар жер отқа оранып, сағат 01.29-да сөндірілген. Сол күні Зеленов ауданы Көшім ауылдық округінде Өркен елді мекені маңында 160 гектар, Қазталовтың Тереңкөл ауылдық округінде 224 га құрғақ шөп жанған. Сондай-ақ Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылдық округінде Өнеге елді мекені тұсында 130 гектар жер өртке кеткен.
Бүгін түсте осы Жәнібек ауданына қарасты Ақоба ауылы маңында құрғақ шөптің жануы басталған. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, бұдан екі-үш күн бұрын далада болған өрт сөндірілгенімен, қайтадан тұтанып кеткен. Ауыл әкімінің міндетін атқарушы Мерлан Еркеғұлов бастаған тұрғындар «тілсіз жаумен» алысуда. Облыстың оңтүстік аудандарында қырық градустан асқан ыстықтың беті әлі қайтпай тұр.
Пікір қалдыру