Астанадағы мектептерде EXPO-ға байланысты сабақтар кейінге шегерілмейді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Тengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Астана қалалық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Жазира Асанова мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2017-2018 оқу жылына арналған салтанатты сап түзеу 2-қыркүйекте өтеді.
"Құрметті ата-аналар! Бірінші қыркүйек – Білім күні еліміздегі Құрбан айт мейрамына сәйкес келуіне байланысты, мектептердегі 2017-2018 оқу жылына арналған салтанатты сап түзеу 2-қыркүйек күні өтеді. Қалалық мектептерде оқу үрдісі өзгеріссіз осы күні басталады. Колледждерде сабақ 18 қыркүйекте басталады", – деді Жазира Асанова.
Еске сала кетейік, осыған дейін Астанада EXPO-ға байланысты оқу жылы кеш басталуы мүмкін екені айтылған болатын. "Астана жайлы айтар болсақ, EXPO-2017 көрмесіне байланысты шын мәнінде жол-көлік желісінде жоғары қысым болуы мүмкін деген болжам бар. Елорданың білім басқармасы "Алғашқы қоңырауды" 1-қыркүйекте әдеттегідей өткізсе де, оқу жылын 12-қыркүйекте бастау туралы ұсыныс айтты", – деп түсіндірген еді білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева.
Пікір қалдыру