Орталық Коммуникациялар Қызметінде Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Франсис Етьен мырзаның қатысуымен «Франция-Қазақстан арасындағы дипломатиялық байланысқа 25 жыл» атты баспасөз конференциясы өтті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Франция батыс елдерінің арасында ең алғаш болып, 1992 жылы 25 қаңтарда Қазақстанның егемендігін мойындаған мемлекет. 1992 жылдың қыркүйегінде Президент Назарбаевтың Парижге ең алғашқы ресми іссапары барысында, Қазақстан мен Франция екі жақты дипломатиялық қарым-қатынастың орнауы жайында протоколға қол қойды. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен алдағы жоспарлары Франция Президенті Франсуа Миттеранның 1993 жылы Қазақстанға іссапары кезінде талқыланды.
Қазақстан – 2008 жылдың маусымында Франциямен стратегиялық серіктестік орнатқан Орталық Азиядағы жалғыз ел.
Саясат, экономика, мәдениет салаларында тығыз әрі мазмұнды ынтымақтастықтың орнауының 25 жылдық мерейтойы аясында Франция Елшілігі биылғы жылы Қазақстанның түкпір-түкпірінде көптеген мәдени-саяси ісшаралар ұйымдастыруда. Бұл мәдени маусым 2016 жылдың маусым айында Генерал Де Голльдың Байқоңырға сапарының 50 жылдығын атап өтумен басталып кеткен еді.
Екі ел Мемлекет басшылары, министрлер және парламентарилер арасындағы екі жақты саяси диалог қарқынды түрде дамуда. Біз үнемі үкіметаралық және ведомоствоаралық консультациялар ұйымдастырамыз, келесі үкіметаралық комиссия үстіміздегі жылдың 7-қыркүйегінде, Астанада өтеді деп жоспарлануда.
2015 жылдың наурыз айында Астана мен Парижді жалғастыратын тікелей әуе қатынасының ашылуы – екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени алыс-берістің дамуына ықпалын тигізді.
Бүгінде Франция – Қазақстанның негізгі сауда серіктестері тізімінде 6-орынға орналасқан. Ал француз компаниялары – Қазақстан экономикасына елеулі үлес қосқан ірі инвесторлар қатарынан табылады. Француздардың Қазақстанға құйған капиталының жалпы сомасы – 13,6 миллиард еуроны құрайды.
Қазақстан-Франция сауда-өнеркәсіп палатасы Франция, франкофон серіктестер мен Қазақстан арасындағы іскерлік қатынастарды нығайтуға және дамытуға өз үлесін тигізуде.
Экономикалық жағынан алар болсақ, біз уран өндіру (Катко-КазАтомӨнеркәсіп пен Арева арасындағы ортақ өнеркәсіп), темір жол локомотивтері (Альстом), титан құймаларын өндіру (AIRBUS), мұнай (Total), цемент (Vicat), фармацефтика (Санофи), сумен қамсыздандыру (Veolia), агро-индустрия (Danone, Lactalis-Foodmaster, Soufflet) салаларында қарқынды байланыс орнаттық.
Астана Экспо-2017 көрмесіне де белсене қатысудамыз. Франция ең алғашқылардың қатарында бас комиссарын тағайындап, 2015 жылдың 5 қарашасында "Астана Экспо-2017-мен" келісімге қол қойды. Ал, біздің павильонымыз 1084 шаршы метр аумағымен ең үлкен үш павильонның қатарында.
Мәдени және университеттік байланысымыз да даму үсітнде: 2014 жылдың қыркүйегінде Алматыда Орталық Азия бойынша теңдесі жоқ «Институт Сорбонна-Қазақстан» ашылды, сонымен қатар Қазақстанда үш Француз Альянсы, ал Астанада бір француз мектебі жұмыс істейді.
Жоғарғы басқару мамандарын дайындау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің қасындағы Мемлекеттік Басқару Академиясы мен Францияның Ұлттық Басқару мектебі арасында байланыс орнатылған.
Пікір қалдыру