Қазақ киносы өзбек киносының тасасында қалып бара жатқан секілді ме?..

/uploads/thumbnail/20170809150512231_small.jpg

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев өзбек фильмдерін шетелдерде насихаттауды тапсырған екен. Спутник Өзбекстан порталының мәліметінше, республикалық фильмдер шеттілдерге аударылып, әлемдік кинофестивальдарда бой көрсететін болады. Өзбек киносының шарықтап дамуына президенттің өзі қолдау көрсетіп отыр.

«Өзбеккино» ұлттық агенттігі де ұлттық киноларын дамытуға күш салуды қолдарына алған. Сондай-ақ, Мирзиеев алдағы жылда түсірілмек кинолардың жоспарын да белгілеп қойды. Мәселен, 2018 жылы 20 толық метражды фильмдерді қаржыландыру жоспарда болса, 2020 жылы 30 фильмді қаржыландыруды ойластырды. Балаларға арналған әзіл кинолар мен мультфильмдер де шеттен тыс қалған жоқ. Жалпы өзбек фильмдерін әлемдік нарыққа бағыттау көзделді.

Бүгінде өзбек фильмдерінің санында шек жоқ шығар. Қазақстанда көрсетілгені қаншама, көрсетілмегені тағы бар. Бір Қазақстанның өзінде апта сайын өзбек фильмдері үздіксіз көрсетіліп тұрады. Мәселен, Қазақстан Ұлттық арнасынан әр демалыс күні өзбек көркем фильмдерін тамашалай аласыздар. 31 арна да әр жексенбісін өзбек пен қырғыздың киносына арнайды.

Жақсы... Көрсетілсін... Киноларын көру-көрмеу жағын халық өзі шешер, өз бағасын бере жатар. Алайда киноларын дамытуға қосып жатқан үлесі көңіл көншітерлік іс. Оған мемлекет президентінің өзі үлес қосып жатса, ертеңгі күні әлемдік аренаға шығып, ең алдыңғы қатарда тұрмасына кім кепіл?!

Ал енді сол өзбектің фильмдері әлемдік аренаға шығуға лайықты ма? Қазақ фильмдерінің өзбек фильмдерінен қай жері кем, несімен артық? Сол жағына тоқталып көрелік...

Қазақ фильмдерінің деңгейін халық өзі саралап алар. Алайда, қазақ киносы дамып, өркендеп кеткен деп айтуға ауыз бармайды. «Бәрі алда, болашақта дамиды, өседі, өркендейді, қазақты бүкіл әлем таниды, тек уақыт керек» деп өзімізді сабырға шақырып қоямыз. Күтейік енді...

Дей тұрғанмен, қазақтың төл туындылары бүгінде шарықтап шығып жатыр. Көңіл қуантады. Қазақстандық әр арна қазақстандық сериалдармен толыққан. Тек бір мәселе бар – әлгі фильмдерден қазақы иіс шығып тұра ма, оны көрген шетелдік азамат қазақ деген ұлтты тани ала ма?

Біздегі мәселе – сол. Осы уақытқа дейін түрік пен голливуд фильмдерін тамашалап келдік, енді өзіміздің отандық көркем фильмдеріміз шықты ма дегенде, көргеніміз көңіл көншіте қоймады. Тарихи фильмдердің жөні бір бөлек. Тәуелсіздік алғалы ауқымды деңгейде түсірілген «Көшпенділерден» бастау алып, «Қазақ хандығына» дейін жалғасқан тарихи фильмдер мен сериалдардан қазақтың, қазақтықтың иісі шығып тұратыны хақ. Себебі қазақтың тарихы бейнеленуі тиіс, қазақтың тілі, ділі, діні, мәдениеті көрсетілуі керек. Ал оған билік қаншалықты қолдау таныта алды? «Қазақ елі» телесериалының түсірілімі жайында ақпарат өткен жылдан бері таралып келді. Әу баста жобаны жүзеге асыру үшін 5 млн. доллар бөлінген еді. Кейін дағдарыстың кесірінен бе, ұлттық құндылығымызды дәріптейтін сериалды қаржыландыру тоқтап қалған. Сөйтіп краудфандинг әдісі арқылы халықтан 101 млн. теңге жиналып, сериалды түсіру басталып кеткен. Одан өзге де қазақтың тарихын дәріптейтін фильмдерді түсіруде туындайтын қиындықтар жеткілікті. Режиссерлер мен авторлар сол фильмдерді өздері үшін түсіріп жүргендей, халықтан көмек сұрап жүргені қаншалықты дұрыс?! Керісінше, қазақтың әр азаматы өз тарихын біліп жүрсін, қазақ ұлтының мәдениеті дәріптелсін деген мақсатпен билік атаулы әрдайым қолдау көрсетіп тұрса, ұлттық құндылығымыз өшпек емес.

Ал қазақтың бүгінгі өмірін бейнелейтін XXI ғасырдың фильмдері мен сериалдарына қандай баға берер едіңіз? Бір апамыз отандық «Сырғалым» телесериалын көріп отырып, «Мынауыңды түріктің фильмдеріне ұқсатып түсіре салған ғой?!» деген еді. Иә, келіспеске болмас... Дәл сол уақытқа дейін тек түрік пен үндінің сериалдарын тамашалап үйреніп қалған қазақ өзіміздің отандық туындыдан ешқандай ерекшелік көре алмағаны байқалды. Көпке топырақ шашудан аулақпын, алайда қазақтың бүгінгі киносы ұлттық құндылықтан алшақтап қалғаны өкінішті. Тіл мәселесі бөлек әңгіме... Қазақшасы мен орысшасы шұбарланған, еуропалық дағдыға ойысқан қазақстандық фильмдерден қаншалықты тәрбие, үлгі-өнеге алып жатырмыз?

Өзбек киноларының арасында сапасыздары да кездесіп жатады. Бірақ қай киносын алып қарамасақ та, өзбектің иісі мүңкіп тұрады, «Е-е-е, өзбектер ме?» дейміз фильмдерін көрген бойда. Себебі құндылықтан аспайды, әдептен озбайды. 1 сағаттық фильмдерінің өзінде өзбек халқының мәдениетімен танысып шығамыз. Оның үстіне Өзбекстанда өзбек телевидениесінен ұлттық құндылыққа жат, халықты теріс тәрбиелейтін кереғар дүниелерді көрсетуге тыйым салу туралы заң шыққан еді. Бүгінде бүкіл әлемді жаулаған +18 болатын бағдарламаларды мүлдем жойды. Кинолары болсын, бейнеклиптері болсын, өзбектің нағыз құндылығын айқындап тұратын туындыларға толықты. Себебі билік өзбек телевидениесіне де аса мән берген. Халқы не көріп жатыр, неден тәлім-тәрбие алуда, бәрі де биліктің көз алдында.

Еріксіз риза боласың... Сөйтіп, Қазақстан телевидениесін бір шолып шығасың. Шолисың да, күрсінесің... Неге? Әнші Мейрамбек Беспаев ағамыз бір сұхбатында айтқандай: «Гәкку арнасы алғашында қазақтың ұлттық өнерін дәріптейтіндей көрініп еді, бүгінде небір сайқы-мазаққа толып кеткен». Иә, ашық-шашық киінген аруларымыз бен құлақтарын тесіп, шаштарын бояған ерлерімізден әуезді «Гәкку» арнасы босар емес.

Кез-келген ұлтты ұлт ретінде танытатын құндылықтардың бірі – телевидение саласы. Онда не көрсетіліп, не айтылып жатқанын бақылап отыру сол баяғы билік атаулыға тән емес пе?! Қазақтың салты мен мәдениетін өзге үшін емес, ең алдымен өз ұрпағымыз үшін жөнді дәріптей білсек, Қазақстанның болашағы да жарқын. Себебі, ұлттық құндылықты бойына сіңіріп өскен бала ертеңгі күні өз елін одан әрі өркендету үшін еңбектенетін болады, ұлтын сүйіп өседі. Ал бұған қазақ телевидениесінің, қазақ киносының қосар үлесі мол.

Оның үстіне, қазақстандық фильмдер Өзбекстан президенті өз бақылауына алған өзбек фильмдерінің тасасында қалып қалмай ма деген де ой келеді. Бір ғана режиссер, жалғыз продюсер ауқымды дүниені жасай алмайды. Оларға қолдау керек, ол қолдау билік тарапынан болса, нұр үстіне нұр емес пе?! Қолдаудан кейін керегі – халықтың сенімі. Мойындауымыз керек, қазақ халқы қашан да сынауға дайын тұрамыз. Қазақтың киносынан өзбектің киносы артық дейміз де, алашапандыларды тамашалап отырып аламыз. Керісінше, өзіміз қазақтың ұлттық құндылығын дәріптейтіндей фильмдердің көбірек түсірілуін режиссерлар мен авторлардан неге сұрамаймыз, неге талап етпейміз?! Үлкендеріміз бар білгенін айтып, ақылын қосып, кішісі сенім білдірсе, қазақ режиссерлары үшін де алынбас қамал жоқ. Олардың шетелдік режиссерлардан қай жері кем? Талап етейік, сенейік, қазақтың төл туындыларын қолдайық!

Гүлім ЖАҚАН

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар