Батыс Қазақстан облысында 45 мемлекеттік медициналық ұйым бар. Оның 28-і дәріханалық ұйым, соның ішінде төрт диспансер, 12 орталық аудандық, үш аудандық аурухана, бір «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығы және сегіз аурухана бар. Сондай-ақ алты дербес амбулаторлық-емханалық, 11 басқа да медициналық ұйым болса, орталық аудандық және аудандық ауруханалар құрамына кіретін бір ауылдық аурухана және 60 дәрігерлік амбулатория, 61 фельдшерлік-акушерлік және 221 медициналық пункт жұмыс жасайды. Ал денсаулық сақтау саласының дамуын білікті мамандар мен әлемдік тәжірибесіз елестету мүмкін емес. Сондықтан облыстың медицина ұйымдарының дәрігерлері жоспарға сәйкес еліміздегі жоғары медициналық оқу орындарында біліктіліктерін арттыруда, сонымен қатар, қажеттілікке орай жақын және алыс шетелдерде тәжірибе алмасуға жағдай жасалған. Айта кетсек, жуырда облыстық денсаулық сақтау саласының жұмысын дамыту, тәжірибе алмасу мақсатында өңірге 12 түрлі саласының білікті дәрігерлері келіп, шеберлік сыныбын өткізді. Олардың қатарында Атырау клиникасының дәрігері Р. Медеубаев, М. Оспанов атындағы №1 БҚММУ-дың акушерлік және гинекология кафедрасының жетекшісі С.Рыжкова, дерматовенеролог Р. Әлиев, Ж.Досымов, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялықлық орталық дәрігерлері А.Медресова мен Т.Нұрмұхамбетов және еліміздегі білікті психиатрлары мен психолог мамандары бар. Сондай-ақ Германиядан тәжірибелі дәрігер Х.Хойман келіп, құлағының мүкісі бар науқастарға 13 ота жасады.
-«Дәрігерлер десантын» біздің өңірге бірінші рет осылай топ болып келіп, тұрғындарға қызмет көрсетті. Науқастарға ота жасап, емдеу бойынша тиімді кеңестер берді. Дәрігерлердің топ болып келіп, өңірімізде шеберлік сыныбын өткізуі біздің жергілікті дәрігерлерге және науқастарға үлкен көмек деп есептеймін. Өйткені дәрігерлердің біліктілігін көтеру үшін он шақты дәрігерге қаражат бөліп, іссапарға жібергеннен гөрі «Дәрігерлер десантын» өзімізде қабылдаған әлдеқайда тиімді. Бір жағынан, саланы дамытуға арналған қаражатты үнемдейміз, екінші жағынан, дәрігерлеріміз өз орнында отырып, халыққа пайдалы іс жасайды. Үшіншіден, сырттан келген білікті дәрігерлердің тәжірибесін оның осындағы шеберлік сыныбына қатысқан жергілікті дәрігерлердің барлығы көріп, үйренеді. Сондықтан игілікті іс жасап жүрген мұндай «Дәрігерлер десантын» бұдан кейін де қабылдауға әрқашан дайынбыз,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев.
Гүлім АҚАП,
Батыс Қазақстан облысы