Бүгін аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткері, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Сазгер Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында 1930 жылы 15 тамызда дүниеге келген.
Бала кезінен бойындағы бар талантын алқалы жиын, аламан бәйгелерде көрсете білген Шәмші 1950 жылдан бастап шығармашылықпен түбегейлі түрде шұғылданды. 1956-1962 жж. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясында В.В.Великанов класында оқыды. Шәмші әндері ғажайып саздылығымен, сылдырап аққан бұлақ суындай тап-таза сыңғырымен, лирикалық наздылығымен ерекшеленеді. Оның шығармашылық жағынан сіңірген еңбегі қазақ эстрадалық әндерінің әуенін ұлттық нақышпен құнарландыруында, яғни халықтық қайнармен қабыстыруында жатыр. Ал бұл – оның қазақ жұртының музыкалық дәстүрі сүтін еміп өскендігіне дәлел.
Қалдаяқов ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген сазгер ретінде көрінді. Оның әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Композитор шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік – Шәмші шығармаларының басты тақырыбы.
«Музыка тілі – тілсіз тіл. Ол адам жанындағы кереметтердің, құдірет күштің ғашық сиқыршысы. Үнсіз күреске шақырады, көзсіз ерлікке бастайды, мүлгіп кеткен жүрек пернелерін оятады. Әлеуетті жігер береді, өмірден өз үлес сыбағаңды алуға жетектейді, қуаныш-қайғыңды бөліседі. Асып бара жатсаң, тасып бара жатсаң сабаңа түсіріп, азаматтық парыз туын көтереді. Осындай қиын да күрделі, адам баласының өз құдырет күшіндей музыка мықтылығы Ш.Қалдаяқов әндеріне де сабақтас», – дейді Еркінбай Әкімқұлов.
1992 жылы 29 ақпанда жасы 62-ге қараған шағында ұзаққа созылған ауыр науқастан, көрнекті халық әртісі Ш.Қалдаяқов көз жұмды. Көзі тірісінде-ақ «Шәмші аға» деген сөз «Ән аға» деген сөзбен тұтасып, синоним болып кетті.