Түрік азаматы қазақ тілін құрметтемеген жолсерікті жауапқа тартуды сұрады

/uploads/thumbnail/20170815183646867_small.png

Әлеуметтік желіде Оғыз Доған есімді түркиялық журналистің Эйр-Астана ұшағындағы жолсеріктен қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұраған, алайда оған жауап ретінде жолсерік заң жазылған қағазды ұсынып, полиция шақыратынын айтқан видео таралғаны хабарланған.

Болған оқиғаға байланысты Оғыз Доғанның өз аузынан айтқан видеосын Aman Qazaq есімді Фейсбук қолданушысы жариялады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

«Астана-Алматы бағытында Эйр-Астана ұшағымен ұшқанымда қазақ қызы келіп, орыс тілінде сайрады. Мен мемлекеттік тілде сөйлеуін сұрағанымда, мінезін көрсетті. Бірақ мен талап еттім», - дейді түркиялық журналист.

Оғыз Доғанның айтуынша, жолсерік орыс және ағылшын тілдерінде ғана қызмет көрсеткен. Ал түркиялық азамат талап еткен мемлекеттік тілде жолсерік қыз түсіндірмеген. Оның үстіне қыздың ер адамды келеке етіп  тұрғаны байқалады.

«Әлгі орыс қыз құжаттармен келді, олармен менің бетімді жауып, телефонымды итеріп, өзі бірдеңелерді орыс тілінде айтып тұр. Мен құжаттарды да түсінбедім. Қағаздарын лақтырып жібергенімде, «полиция, полиция» деп айқайға басты. Ұшақтан шықсақ, Қазақстанның полициясы күтіп тұр екен. «Әкімшілік ережелерді бұздыңыз» деген айыппен мені алып кетті. Белгісіз себептермен полиция бөлімшесінде ұстап отырды», - дейді Оғыз Доған.

Полиция қызметкерлері 6800 теңге айыппұл салған түркиялық азамат Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілде, ата-бабамыздың ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған ана тілінде сөйлеуін талап еткені үшін 1 теңге айыппұл салуды да ұят санайды. Оның бар талап ететіні, ұшақтағы жолсерік қызды жауапқа тартып, жазалау шарасын қолдану.

«Бұл бір адамның ғана емес, қазақ елінің проблемасы. Қазақ елінде қазақ тілін құрметтеуді сұрауға бәріміздің қақымыз бар. Мен тек соны сұраймын», - деп қорытындылады сөзін түрік азаматы.

Қатысты Мақалалар