Малиде лаңкестер Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдігіне шабуыл жасап, 7 адам қаза тапты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап. Тағы 6 бітімгер жараланған.
Қаза тапқандардың біреуі ұйым қызметкері, бірі полиция қызметкері, қалғаны жергілікті күзетшілер. Оқиға елдің солтүстігіндегі Тимбукту қаласында болды. Содырлар көлікпен келіп, бітімгерлердің базасын атқылаған. Осыдан кейін атыс басталып, әскерилер барлық 6 лаңкестің көзін жойды.
Айта кетейік, содырлар кеше ғана Дуэнца қаласындағы бітімгерлер базасына шабуыл жасап, 2 адамды өлтіріп кеткен еді. Ресми дерекке қарағанда, өткен жылы бұл елде лаңкестердің қолынан 100 бітімгер қаза тапқан. Сондықтан БҰҰ-ның Малидегі өкілдігі әлемдегі қауіпті миссиялардың бірі саналады.