​Қ.Әбдірахманов «ЭКСПО-2017» көрмесінде Африка павильондарын аралады

/uploads/thumbnail/20170816131153466_small.jpg

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов «ЭКСПО-2017» көрмесінде Африка күнін мерекелеу аясында бірқатар Африка елдері павильондарын аралады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Сыртқы саяси ведомствасының басшысы Африка мемлекеттерінің Астанадағы халықаралық мамандандырылған көрмесіне белсенді қатысқанын атап өтті.

«Бұл көрме әртүрлі салаларда Қазақстан мен Африканың ынтымақтастығын кеңейтуге, сондай-ақ «жасыл» экономиканы дамытуда қазіргі заманғы технологияларға африкалық елдердің қол жеткізуіне жаңа мүмкіндігін ашады», – деді министр.

Бүгінгі күні Африка инвестицияларды тарту тұрғысынан әлемдегі жетекші орындардың бірін иемденеді және қызмет көрсету, азық-түлік және энергетика бойынша әлемдегі бәсекеге қабілетті нарықтардың бірі болып саналады. Қазақстан Африка мемлекеттерімен жан-жақты әріптестікті одан әрі дамытуға қызығушылығын білдіреді.

Африка үшін орнықты даму мақсаттарының маңыздылығын мойындай отырып, Астана өңірдегі жанжалдарды реттеуде, этносаралық және конфессияаралық диалогқа, кедейлік пен сауатсыздықты жоюға және әртүрлі эпидемиялар мен ауруларға қарсы күресте БҰҰ мен Африка одағының белсенді қатысуын қолдайды.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстан Африкалық Мүйіз өңірі және бүкіл континентте ұлттық татуласу мен бейбітшілікті қалпына келтіру үшін өзінің елеулі үлесін қосуға ұмтылады.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар