«Жығылғанға жұдырық». Онсыз дажылына бір рет қудалауға ұшырауы дәстүрге айналған «Адам бол» журналы тағы дақатты қысымға алынып жатыр. Аяқ астынан сот шешімімен оны шығару тоқтатылып,өткен аптадағы таралымы түгел тәркіленіп, басылым жабылудың алдында тұр.
Тек қана осы журналға ғана емес, барлық тәуелсіз БАҚ-қа қарсы билік тарапынан жасалып жатқан әрекеттердің себебі неде және салдары қандай болмақ? Бүгін сол туралы айтып көрейін.
ҚАҺАРЛЫ СӨЗ ҚАМАЛ БҰЗАДЫ
Бұрын да билікке жақпаған талай БАҚ жабылды, журналистер ұрып-соғылды,сотталды, керек десеңіз, түрмеге де жабылды. Ал Батырхан Дәрімбет, Асхат Шәріпжан секілді сыншыл сөздің серкелері құрбандыққа шалынды (олардың қаза табуының құпиясы әлі де ашылған жоқ). Сол құпияның өзі олардың өлімінің саяси астарын айқындап отыр.
Тәуелсіз БАҚ-ты тізгіндеп, тырп еткізбеу үшін билік заңдарды да өз қалауы бойынша өзгертіп отырды. Ол - өз алдына бөлек бір әңгіме.
Бірақ, қалай дегенмен, антиБАҚ-тық кезеңнің бір «адами» сипаты болды: билік не болса да өзінің қимыл-әрекеттерін формальды түрде болса да, заңдастырған болып, «сырт көзден ұят болар-ау» деген сыңай танытқансымақ болатын. Тіпті ең ауыр жағдайлардың өзінде формальды түрде заңға жүгінгендей боп жатты.
Ал қазіргі саясаттың жөні мүлдем бөлек! Оның аты – белден басу!
Бұлтартпас факт мынау. Иә, билік тәуелсіз баспасөздің қоғамдағы шынайы беделін бұрыннан да түсініп келді. Енді болса сол түсінігі оның санасына түпкілікті орнап, нақты саяси қадамдарының себебі мен негізгі бағдарына айналып отыр!
Оның да өз жөні бар: қазіргі кезеңде Қазақстан бас билігінің таяудағы болашақтағы тағдыры шешілгелі тұр. Билік ішіндегі топаралық тартыс пен текетірес күн сайын ушығып бара жатыр.
Сол мылтықсыз соғыста БАҚ-тың орны – бір төбе.
Саяси партияны тіркемей не жауып тастауға болады (Тәуелсіздік алғалы қаншама партия мен қоғамдық ұйымдар пайда болып, содан кейін құрдымға кетіп,ұмытылып қалды). Оның үстіне билікке жақын әрі өзін кешегі күнге дейін оппозициялық санап келген партиялардың ішіндегі ырың-жырыңдар осы саяси институттың беделін біршама түсіріп жіберді.
Ал БАҚ-тың орны бөлек, сонау 90-шы жылдардың аяғында шыққан газеттердің тігіндісін ауыл аралағанда, үйлердің төрінде көріп жүреміз. Яғни, сол басылымдардың ғұмырыда, қоғамдық санаға тигізер әсері мен ықпалы – аса тұрақты, жыл өткен сайын үстемелене түсетін қоғамдық әрі рухани құбылыс! Шешуші шайқас қарсаңында билік осыны түсініп отыр!
ӨТІРІКТІҢ ҚҰЙРЫҒЫ БІР ТҰТАМ
Тәуелсіз басылымдардың ел арасында танымал әрі қалаулы болуының екі басты себебі бар.
Біріншіден, қоғам дамуымен бірге ақпараттық технологиялар да қарыштап келеді. Жайсыз не сыни хабарды билік қаншама жасырып бақса да, ұзынқұлақ ауылдада, Астанада да өз ретімен оны дүйім жұртқа жеткізеді. Сол туралы сюжетті кешкісін теледидардан көрейін десе, мемлекеттік БАҚ елді елеңдеткен оқиға жайлы жұмған аузын ашпайды. Сондықтан да жұрт апта сайын шығатын тәуелсіз басылымдарды асыға күтеді, қанша қымбат болса да, өз ақшасына сатып алады. Әрине, көп адам, соның ішінде жастар, Интернет арқылы барлық жаңалықпен таныс. Бірақ, шындығына келсек,ғаламтор бар ауылға жеткен жоқ, жетсе де, бағасы әлі де қымбат. Және де үлкенді-кішілі жұрт соған құлай берілді деп тағы айта алмаймыз.
Екіншіден, журналистикада «дезинформация» деген ұғым бар, яғни, белгілі бір оқиға туралы не жалған ақпарат тарату. Осы «дезинформация» мемлекеттік ақпарат саясатының түп қазығы іспеттес! Ауылдағы ағайын телевизорға қараса: қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған рахат өмір, жайнаған орта, қайнаған тірлік,әкім-қаралардың таусылмайтын табыстары, елдің билікке деген шексіз махаббаты. Ал есік алдына шықса: сұрықсыз өмір, тозған техника, быт-шыты шыққан ғимараттар, тентіреп жүрген жұмыссыз жастар, елді жайлаған кедейшілік. «Хабарда» көрсетілетін елде тұрғым келеді!» деген қанатты сөздің кең тарап кеткені рас қой!
Бірақ, өтіріктің құйрығы қанша тұтам екені бесенеден белгілі емес пе?Осылайша күн сайын алдана берген аудитория шындық көзін іздеп басқа ақпарат ресурстарын іздей бастайды...
Ал мұның мемлекеттің ақпараттық хауіпсіздігіне қандай зиян келтіретінін уақыттың өзі көрсетіп отыр!
КӨРШІНІҢ КІЛТІ - КРЕМЛЬДЕ
Қазақстандықтардың санасы не кешегі Совет Одағынан қалған, ал қазір Кремльдің идеологиялық құралына айналған ресей БАҚ-ының біржақты уағызымен, не болмаса діни экстремистік сипаттағы алуан-түрлі ақпарат көздері күні-түні тарататын сыңаржақ секталық «рухани сусынмен» уланған!
Жабатын болса, соттайтын болса, неге дәл осы деструктивті БАҚ-ты жаппайды? Мәселен,«Адам бол» журанлы емес, дәл осы ресейлік телеарналар күні-түні сол соғысты насихаттап жатыр емес пе?
Неге тек қана отандық тәуелсіз басылымдарға шүйлігеді?!
Тәуелсіз (ел ішінде «оппозициялық» деп аталып жүрген) БАҚ-ты қорқыту,үркіту, реті келсе, көзін құрту әрекетінің тағы бір, экономикалық тұсы бар.
Өйткені олар халықтық қазынаға, яғни бюджетке ешбір салмақ салмай, өз күнін өздері көріп жатқан БАҚ емес пе?! Бизнес тілімен айтар болсақ, отандық өнім (газет-журнал,телехабар) шығарып, қаншама адамға жұмыс тауып беріп (журналистер, техникалыхқызметтер, бүкіл республика бойынша таратушылар және тб.), оның үстіне салық төлеп жатқан сол БАҚ-ты жабу экономикалық тұрғыдан да еш тиімділігі жоқ!
Оның есесіне жыл сайын мемлекеттік тапсырысқа беріліп жатқан 40 миллиард теңге қаржының, кімге, не үшін және қалай кетіп жатқанын қоғам болып, майшаммен қарамаймыз ба?!
БӘСЕКЕЛЕСТІК – БОСТАНДЫҚТА!
Жә, шешілмеген шаруалар шашетектен, оның қайсыбірін айтып тауысасың.
Осындай жағдайда дәстүрлі «Не істеу керек?» деген сауал шығады алдыңнан. Енді соны айтайын.
Меніңше, алдымен біз ұмытып бара жатқан «БАҚ туралы» Заңды қайтадан бір сараптан өткізу керек. Оның қабылданғанына біраз уақыт болды. Заман да, қоғамда сол кезден біраз өзгерді, жаңаша талаптар мен қажеттіліктер пайда болды.Неге соның бәрін тізіп, Заңға енгізбеске?
Мәселен, Конституцияда жазылған «сөз бостандығы» туралы бапқа сәйкес келмейтін тұстарын алып тастап, керісінше, БАҚ-қа заңсыз тізе батырған кез келген билік өкілінің (сот болсын, прокурор болсын, шенеунік болсын) қылмыстық жауапкершілігін енгізсе. Яғни, БАҚ-қа қарсы қимыл жасаған әрбір лауазымды тұлға өзінің де жазаланатынын білу керек. Әйтпесе, «Адам бол» журналы «соғысты насихаттады» деп жала жауып жатқан сол прокурор не судья ертең басқа БАҚ-қа өз қаһарын төкпей ме?
Қазір мемлекеттің ақпараттық хауіпсіздігі туралы көп айтылады.
Әсіресе, отандық БАҚ-тың бәсекелестігін арттыру жайында әрқилы ой айтылып,небір ұсыныстар айтылуда. Меніңше, ең басты бір шарт орындалса, кез келген БАҚ бәсекелі деңгейге өзі жетеді. Ол үшін сыртқы және ішкі цензураны жойып, журналистерге шынайы сөз бостандығын беру керек! Әрине, ол дегеніңіз ойына келгенін жазу, жауапсыздыққа салыну деген сөз емес. Мәселен, Конституцияда айтылған тыйымдар (мемлекеттің Тәуелсіздігіне, жер аумағының тұтастығына нұқсан келтірмеу сияқты және тб.) сөзсіз ескеріліп, ол талаптарды бұзған кез келген БАҚ сазайын тартуы тиіс. Бірақ қоғамда болып жатқан алуан-түрлі процестер мен оқиғалар туралы ашық айтуға ешбір кедергі болмауы керек! Сол кезде әрбір БАҚ өзін жаңаша сезініп, ешкімнің көмегінсіз-ақ шынайы бәсекелес деңгейге көтеріле алады. Оқырмандар мен көрермендердің өздері оларды іздеп жүретін болады.
Ресей БАҚ-ның елдегі экспансиясының тамырына балта шабатын уақыт та келді.Украинаға қатысты оқиғалардың бір сабағы сол – қазақстандықтардың көпшілігі әлемде болып жатқан күрделі әрі екіұдай процестерге қазақ журналистерінің көзімен емес,Ресей телеарналарының көзімен қарайтын болды!Қазақстанға тікелей әрі жаппай тарайтын олардың Киев пен Мәскеу арасындағы соғысқа біржақты баға беруі қоғам санасына біраз «колорадтық» және «ватниктік» ой-пиғылды сіңіріп үлгергенін ашық мойындауымыз керек!
Сондықтан осы телеарналарға жаңаша заман талабына сәйкес көзқарас қалыптастырып, оларға қатысты жаңа ойын ережелерін қабылдау керек! Әйтпесе,кілті Кремльдегі олардың ертеңгі күні кімнің мүддесін қорғап кетері неғайбыл:Тәуелсіз Қазақстанның жанашыры бола ма, әлде түп-тамыры Ресейдегі өз қожайындарының сөзін сөйлеп кете ме? Оның үстіне «ортақ Еуразиялық кеңістік құрамыз» деп әлдебіреулердің улап-шулап жүргені, ол процеске біздің де БАҚ басшылары атсалысып жүргені болашақта қып-қызыл бәле боп шықпасына кім кепіл?
Айта берсе, әңгіме көп. Бір журналдың басына төнген хауіп ертең басқа да тәуелсіз, оның ішінде қоғамдық-саяси мәселелерді ашық та батыл айтып жүргенБАҚ-қа да төнуі әбден мүмкін.
Ең басты ой-түйін мынада: бәсекелес ақпарат алаңы болмаған мемлекет ешқашанда өзі бәсекелес бола алмайды! Ал ондай орта тәуелсіз БАҚ-сыз бола алмайды! Биліктің дәл осы саяси аксиоманы ұғатын кезі келді!
«Ашық алаң» (Қалам Мезгіл) газеті, №11, 27 қараша 2014 жыл
Пікір қалдыру