Санжар Керімбай. Сириядағы балаларға түк те таңғалғам жоқ

/uploads/thumbnail/20170708160632709_small.jpg

Сириядағы балалар туралы видео шыққалы ел-жұрт біраз дүрлігіп қалды. Үкімет те сайттарды жауып, «бұл видеоны таратқандар заңмен жазаланады» деп реакция танытқан болды. Осыған орай, «осы видео сізге қалай әсер етті? Көргенде не ойладыңыз?» деген сыңайда журналистер менен сұхбат алды. Енді мені тыңдаңыз. Түк те таңқалғам жоқ. Өздерін де, ұрпағын да ондай жиһадтық духта тәрбиелеп жүрген қазақтарды соңғы 15 жылда ұдайы көріп, кездестіріп келем. Талайымен сұхбаттас та болғам. Бұл идеяның таралу тарихын жақсы білгендіктен қорғанудың жолдарын да ерте қарастырып бастағам. 0_cw99

Бір қарағанда діни фанатизмнен құтылудың төте жолы - зайырлы оқу мен тәрбие қалыбы сияқты. Яғни, ұрпағыңа барынша шет тілін үйретіп, Батыстық этиканы көбірек сіңірсең - Исламның надандығына ұрынбайтындай көрінеді. Тура солай жасауға менің қарым-қабілетім де, білімім де жетеді екен. Бірақ мен ол сүрлеуді таңдамадым. Себебі - бүкіл дәстүрің мен дүниетанымың, мәдениетің Исламмен тығыз араласып кеткен. Түбіне үңіле алсаң Ислам діні расында да ғажап дін. Бірақ оның мәні мен мағынасын қабылдау кезінде ақылдан ақау шығып, танымың сәл қырын кететін болса надандықтың шұңқырынан бір-ақ шығасың. Сондай қауіп бар екен деп «қой балам, діні құрысын. Біреуіне жолаушы болма. Тыныш ғана сабағыңды оқы» деп тағы да айта алмайсың. Себебі, балалар өсе келе жанның қалауымен өздерін дін арқылы тануға тырыспай қоймайды. Ерте ме, кеш пе олар да мәдени тамырын іздейді. Өз беттерінше ізденіске түсіп, дінді менің ықпалымсыз зерттейтін жасқа жетеді. Сол кезде ақылы маталып, тек нұсқаумен ғана жүретін қарабайыр жамағатқа жолығатын болса жағдайы қиын болуы мүмкін. Жұртты өз дініне үгіттеп, әбден әбжылан болған уағызшының қақпанына түсіп қалуы демде. 15-20 жыл уағыз айтып машықтан ділмарлар рухани қазынаға кедей, Құран мен хадистен бейхабар, діни тәжірбиесі жоқ мұсылманның баласын алып та жығады, шалып та жығады. Осындай ситуацияға тап келгенде біздің балалар да бөтеннің арбауына түспеу үшін осы бастан кеуделерін қазынаға толтыру керек болды. Ол үшін «жыраулар қалдырған барлық жауһарларды тек қана жаттата беру керек» деп шештім. Себебі, есейген соң баланың жыр жаттауы баяулайды екен. Бұдан басқа тағы бір салмақты себеп бар. Ұрпағымыз ерте ме, кеш пе «Мартин Иден синдромына» ұрынбай қоймайды. Яғни, «мына өмірге мен қайдан келдім? Менің мойнымда қандай да бір миссия бар ма? Өлген соң қайда кетеміз, бұл пәниде не істеп қалсам пайда» деген өмірі өлмейтін үш сұрақ миларына бір күні тікендей қадалады. Жауабын таба алмаса өмірден жалығып, сан түрлі психологиялық кеселге шатылып, әуреге түседі. Сол кезде сәби шақта жинаған рухани қазыналары оларға шамшырақтай жол көрсетсін дедім. 21 ғасырда тоқтаусыз атқылап жатқан мың-мыңдаған тың идеялар мен ақыл-кеңестерді игеру мүмкін емес. Ақпараттар тасқынында адасып қалмас үшін балаларды жастай бақылауға алуға тура келді. Қысқасы, құр білімді миына құйып беріп, «ал, балам, жолың ашық. Білімді мыңды жығады» деп жайбарақат отыра алмайсыз. Интернет ғасыры сіздің түсіңізге кірмеген тың идеялар мен консепцияларды миыңызға қотара салады. Қорыта алатын күшің болса қорытып көр. Бірақ ол мүмкін емес. Азаппен өсірген ұрпағың есейе келе рухани тоқырап, қоғамға қауіпті топқа қосылатын болса бұл азапты арқалаудың не мәні бар? Дүниетанымы қалыптаспаған, рухани фундаменті құйылмаған бала-шаға есейген соң «әке, бізге шет тілін үйретіп адамшылық тілін үйретпегеніңіз қалай? Өзіңіз мағыналы өмірге құштар болып, бізді біртекті жадағай тіршілікке бейімдей салғаныңыз қай сасқаныңыз» деп шағымданса ше? Хош, сонымен, миды шыр айналдыратын идеялар көп дедік. Адам солардың ішінен өзіне қолайлы көрген, қауіпсіз деп тапқан біреуінің ғана етегінен ұстай алады. Осы кезде «қайсы идея мені мына тасқыннан құтқарады» деген сұрақ қойылады. Бұл сәтте дәстүр көмекке келеді. Яғни, мыңдаған жылдардың сүзгісінен өтпеген тың идеяларды қолдануға құмар болмаған абзал. Ғасырлар тезіне төтеп берген, нақты өмірде барынша шыңдалған рухани концепцияларды ғана тұтынған пайдалы деп ойлаймын. Дін таза классикалық формасында мешіттің ішінде ғана өмір сүре алады. Сол жерде ғана ішкі-сыртқы сүндеттерді практикадан өткізе аласыз. Мешітте айтылатын ақыл-кеңестер қоғамға өткенде сөзсіз өзгеріске ұшырайды. Қоғамда зайырлы форматта өмір кешіп жатқан мұсылмандар салт-дәстүрмен қарым-қатынас жасағанды қолайлы көреді. Салт-дәстүр арқылы қалыптасқан қазақ мәдениеті мойныңызға шариғи шарттарды жүктемейді. Бір мысал. Сіз дәстүрге сүйеніп наурыз көже бергенде көршілерді діни ұстанымына қарап шақырмайсыз ғой. Көршіңіз діні бөтен болса да наурыз көжеге келеді. Ал таза жамағаттық жиналыспен мұндай мәдениетке қол жеткізе алмайсыз. Ол жерде діннің шарттары алға шығады. (2002 жылы «Қазақстан» телеарнасында журналист едім. Мені орталық мешіттің имамына барып, Наурыз мерекесіне орай лебізін видеоға жазып әкелуге жұмсады. Имам менің келісіме таңғалып: «Наурыздың Исламға не қатысы бар? Бұл Құранда жоқ мереке. Бар, өздерің керек болса тойлай беріңдер. Құранда жоқ затқа құттықтау айтып күпір болар жайым жоқ» деп шығарып салғаны есіме түсіп отыр.) Дәстүрдің пайдалы қыры осы тұста анық көрінеді. Яғни, сіз тіпті атеист болсаңыз да дәстүрдің шеңберінде мағыналы өмір кешіп, діни таласқа түспей, елмен қоян-қолтық араласа аласыз. «Таза Ислам мемлекетін құрып, тек шариғатпен жүреміз» дейтіндер қазақтың салт-дәстүрін мансұқтағанды жақсы көреді. Салт-дәстүр жойылса ең бірінші қоғамдағы қарым-қатынас бұзылады. Қоғам мұсылман мен кәпірге автоматты түрде жарылады. Енді маған осы ойымды дәлелдеп жатудың түк те қажеті жоқ. Сириядағы автомат ұстаған сәбилердің: «ей, кәпірлер, ертең бастарыңды кесіп алам» деп нығыз мәлімдеме жасағанын бәріңіз де көрдіңіздер. Мен осы мақаланы жазардан алдын елдің ауанын біраз бақыладым. Көбінің реакциясы былай болды: «Ойбай, не сұмдық! Қазағымды Алла өзі сақтасын», «Алламның көзі қазаққа тура болсын», «Ойбай, заман не боп кеткен», «Періштедей бүлдіршіндердің санасын улап» деген сыңайда жалғасып кете береді. Бірақ нақты бұл апаттың алдын алатын амал-әдісті ешқайсысы ұсынған жоқ. Әлбетте, үкіметке естіртіп, дабыл қаққан азаматтар болды. Ол бөлек тақырып. Менің ойымша бейқам жатқан әрекетсіз қазақты Құдай сақтамайды. Бұл апаттан Қазақстан халқы өзін өзі ғана сақтай алады. Үкімет қауіпсіздік шараларын күшейтіп, қауіптің алдын алады дегенге сенбеймін. Амалдың жоқтығынан қисық діннің надандығы мен қауіп-қатерінен жеке-дара қорғануға мәжбүр боламыз. Осы ретте, мен «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабына толығымен енген сұрақ жауап түрлерін «профилактика» құралы ретінде ұсынам. Қабылдау - қабылдамау өз еркіңізде. Олай еткен себебім, Сириядағы балаларды тура осылай сұрақ-жауап форматында жиһадқа тәрбиелеп жатыр екен. Бәріміз видеодан көргендей ересек жігіт ағасы балаларға былай деп сұрақ қояды. - Қай елде тұрасың? - Ислам халифатында - Халифың кім? - Әл-Бағдади - Өскенде кім боласың? - Өскенде, кәпірлердің басын кесетін муджаһид болам. Біз жиһадшылардың бала тәрбиелеудегі сұрақ-жауаптарына альтернатива ретінде жүздеген жылдық тарихы бар, қазақ мұсылмандығы арқылы дүниеге келген дәстүрлі сұрақ-жауап түрін ұсынамыз. Егер бұл әдісті хош көрмеген кісілер болса өздері тиімді деп тапқан варианттарын ұсынсын. Бұл жерде біздің ұсынысты сөзсіз қабылдау шарт емес. Ең бастысы, зұлым күштердің болашақ ұрпақтың сана-сезімін билеп алуына жол бермесек болды. Егер маған діни фанатизмнің алдын алудың бұдан да жақсы, бұдан да тиімді, бұдан да өнімді формасын ұсынатындар болса қажетіме жаратуға дайынмын. Дәстүрлі сұрақ-жауап үлгілері:  – Дінің не? – Ислам. – Кітабың не? – Құран. – Құбылаң қайда? – Мекке-Шәріп. – Кімнің құлысың? – Алланың құлымын. – Кімнің ұрпағысың? – Адам ата мен Хауа ананың ұрпағымын. – Кімнің қауымынансың? – Әзіреті Ыбырайым пайғамбардың қауымынанмын (ұл бала). – Бибіажар анамыздың қауымынанмын (қыз бала). – Кімнің үмбетісің? – Әзіреті Мұхамбет пайғамбардың үмбетімін. – Кімнің досысың? – Төрт шадиярдың досымын. – Кімнің мазхабындасың? – Имам Ағзам Әбу Ханифаның мазхабынанмын. – Кімнің сеніміндесің? – Әбу Мансұр Матуридидің сеніміндемін. – Кімнің силсаласындасың? – Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауидің силсаласындамын. – Басыңда не бар? – Тәж-дәулет. – Құлағыңда не бар? – Азан-қаумет. – Көзіңде не бар? – Нұр-Мұхамбет. – Қасыңда не бар? – Кәләмі Құдірет. – Маңдайыңда не бар? – Сәжде-ғибадат. – Мұрныңда не бар? – Ырзық-жәннат. – Аузыңда не бар? – Кәләм-шаһадат. – Тілегіңде не бар? – Дидар-талап. – Жүрегіңде не бар? – Зікір-салауат. – Рухыңда не бар? – Ақыл-парасат. – Нәпсіңде не бар? – Сабыр-қанағат. – Ойыңда не бар? – Алла тәбәрәк. – Бойыңда не бар? – Мейір-махаббат. – Кеудеңде не бар? – Жан-аманат. – Мойныңда не бар? – Парыз-сүндет, уәжіп – Пешенеңде не бар? – Тағдыр-қиямет. – Жүзіңде не бар? – Иба-әдеп. – Қалыбыңда не бар? – Иман-әдет. – Иығыңда не бар? – Қос періште – ой-берекет. – Беліңде не бар? – Кемер-қуат. – Тізеңде не бар? – Ізет-құрмет. – Қолыңда не бар? – Қайыр-сахауат. – Аяғыңда не бар? – Жол-шариғат. – Мақсатыңда не бар? – Дүр-хақиқат! Бір байқағаным балаң 13-14 жасқа толғанша ғана сырттан ықпал ете алады екенбіз. Бұл жастан асқан соң өзіндік талғамдары қалыптасып, өзін жеке-дара тұлға ретінде сезінгісі келіп, тыйым салынған заттарды да тексеріп көргісі келеді. Егер бала 15-тен асқан соң да тықылдап қоймай қойсаң кері реакция беруі мүмкін екен. Осы жасқа дейін рухани платформасы нық құйылған балалар адаспайтын айқын жолды тез табатын сияқты көрінеді. Тәуекел, кәне бірге күресіп көрелік! Не болар екен?!

(Автордың фейсбуктегі парақшасынан)

Қатысты Мақалалар