Ұлттық банктің криптовалютаға қарсылық білдіруінде қандай гәп бар?

/uploads/thumbnail/20171102131701726_small.png

 Жақында ҚР Ұлттық банкінің басшысы Данияр Әкішев ОКҚ брифингісінде криптовалютаны әлі күнге дейін түсінбейтінін айтып, оны енгізуге қарсылық білдірген болатын. Оның айтуынша, криптовалюта – бірыңғай орталықтандырылған жүйесі жоқ құрал.

«Адамдар біршама уақыт өткеннен кейін криптовалютаға инвестициялаған қаражаттары жоғалып жатса, мемлекетке  бізді не себепті уақытында ақпараттандырмады деп айтуы мүмкін. Сондықтан бұл операциялар қауіпті екенін ескерткім келеді» дей отыра, Данияр Әкішев криптовалютаны  енгізуге мүлдем тыйым салуға ұсыныс жасап отыр.

Қазақстанда криптовалютаны қолданушылар, одан пайда табушылар саны күн санып артып келе жатыр. Әсіресе, критовалюта ішіндегі ең танымалы «биткоиндар»-ға  Қазақстанда ерекше қызығушылықты байқауға болады. Осы орайда, криптовалюта Қазақстанға керек пе? Криптовалютаны үкімет қолдап, Ұлттық банк оған қарсы болып жатқандығының себебі неде деген сауалдар төңірегінде  Qamshy.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі экономист Мақсат Халықпен сұхбаттасқан болатын.

— Қазақстанға криптовалюта қашан енгізіледі?

Қазақстан бұл процеске толығымен қарсылығын білдірген жоқ. Мәселен, Қытай мемлекеті криптовалютаға ашық түрде қарсылығын білдіріп жатыр. Қаржы революциясына көз салар болсақ, ең алғашқы пайда болған ақша - алтын, күміс болды. Кейіннен олар қағаш ақшаға ауыстырылды. Ол енді бірте-бірте электронды ақшаға ауыстырылып жатыр. Электронды ақшаның пайда болғанына да біраз болды. Оның дамуы 70-жылдар кезінен бастау алады.

Қазір хакерлік шабуылдар көбейіп кетті. Біреудің шотында тұрған ақша да ұрланып жатыр. Осы орайда, жаңа валюта – криптовалюта осы шабуылдарға төтеп бере алады.

Криптовалюта деген сөздің өзі арнайы кодталған, алгоритмі есептелген валюта деген мағынаны білдіреді. Сонымен бірге, оның ерекшелігі мынада: егер криптовалютамен айналысатын болсаңыз, арнайы банктің қызметіне жүгінуге қажеттілік жоқ. Осы жерден  Астанаға ақша жібергіңіз келсе, бұл процесті блогчейн технологиясы арқылы телефонмен-ақ жүзеге асыруға болады. Сондықтан, осы орайда көптеген банктердің криптовалютаға қарсылық көрсетіп жатқанын байқаймыз. Яғни, кейбір мемлекеттердің осыған қарсылық көрсетіп жатқандығы - осы қалыптасқан қаржылық жүйеге кері әсерін тигізеді деген ойда болуында. Алайда, менің ойымша бұл дамып жатқан тенденция, оған қызығушылық артып жатыр және ол өзінің ары қарай дамуын тоқтатпайды.

— Қазақстанға криптовалюта қаншалықты қажет?

Керек.  Қажеті бар деп ойлаймын. Себебі, қазіргі уақытта криптовалюта өзіңнің қолыңда бар қаражатты, одан ары арттырудың, қорландырудың балама көзі болып отыр. Осы орайда, мен криптовалютаны қолдаймын.

Бізде құнды қағаздар нарығы бар. Алайда, қазіргі уақытта ол дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқ. Қаражаттың құнды қағазын сатып алу, сату процесі  дұрыс дамымай отыр. Бізде ақша сақтаудың бір ғана жолы бар - ол  қаражатты банк депозиттерінде жинау. Ол арқылы қаражатымызды бар болғаны 14%-ға ғана ұлғайта аламыз. Ал криптовалютаның ерекшелігі – қаражатыңызды жинап, егер тиімді ұйымдастыра алсаңыз, оны арттыра аласыз.  Яғни, бұл – өз қаражатыңызды арттырудың балама көзі болып отыр.

—Майнинг, блогчейн терминдерін қарапайым түрде қалай түсіндіруге болады?

 Бүгінде криптовалютаның атын жабылып ақша тапқысы келетін түрлі қаржылық пирамидалар пайда болды. Егер сен өзіңмен тағы бір адамды ертіп келсең ақшаң еселенеді, бір жерге ақшаңды инвестицияласаң оны еселеп аласың, 100/100 пайыз табыс табасың деген сынды алдау-арбау көбейіп кетті. Сондықтан осы орайда абай болған дұрыс. 

Майнингтік ферма деген термин бар. Ол алаяқтарды әшкерелеудің жолы ретінде қарастырылады. Криптовалютамен айналысып жүрген азаматтардан «Майнингтік фермаңыз бар ма?» деп сұрасаңыз, көпшілігі жоқ деп жауап береді. Яғни, бұл бір сөзбен айтқан кезде, криптовалюта  белгілі-бір шектеулі санмен ғана шыққан. Мәселен, Ұлттық банк теңгені керек болған жағдайда шығара береді, эмиссиялай береді.  Егер, ақша жетпей жатқан жағдайда, Ұлттық банк  бірнеше млрд. теңге басып шығарады.

Критповалютаның ерекшелігі, бір криптовалюта шықса, мәселен биткойн - оның саны  шартты түрде 2 миллион болады. Одан артық болмайды. Әлемде осынша ғана көлемде биткойн шығады деген сөз. Тағы басқа криптовалюта шығару үшін мүлдем басқаша криптовалюта ойлап шығару керек болады. Оның ерекшелігі ол инфляцияға ұшырамайды. Не себепті ақша инфляцияға ұшырайды?  Ақша көлемі көп болып кетсе, ол құнсызданады. Ал, бұл жерде шектеулі көлем болғандықтан құнсыздануға жол берілмейді, керісінше құны артады.

Қазір криптовалютаға байланысты алаяқтық көбейіп кеткендіктен, абай болу керек. Адамдар криптовалютамен ақша табамыз деп қаражаттарын депозит сияқты жерлерге салып алданып қалып жатыр. Осыған байланысты бұл мәселеге тыңғылықты қараған дұрыс.

— Ұлттық банк басшысы Данияр Әкішев криптовалютаны мүлдем түсінбейтінін жеткізді. Ұлттық банктің криптовалюға қарсы шығуының себебі неде деп ойлайсыз?

Менің ойымша, Ұлттық банк төрағасының осылай ашығын айтуы  – батылдық сияқты. Екінші жағынан қарағанда, егер криптовалюта дамитын болса, банк оны қадағалай алмайтын болады. Банктің құзіреті болмайды. Сондықтан Данияр Әкішевтің осындай позициясын түсінуге болады. Ол қазіргі уақытта криптовалютаны зерттеп жатқанын, оның қаншалықты  қажет, қажет емес екенін зерттеп жатыр. Халықтың арасында арнайы криптовалютамен айналысып, майнингтік ферма қойып, оны халықаралық деңгейде алып-сатып, табыс тауып жатқан азаматтар бар. Ал енді, бұл сала бізде әлі заңдастырылмаған, оған қатысты арнайы заң қабылданған жоқ. Соған қарамастан, әлемдік криптовалюталарды сатып алып табыс тауып жатқандар бар.

— Сонда бұл заңсыз болып отыр ма?

Бір жағынан заңсыз. Себебі криптовалютаны қолдануға байланысты нақты заң қабылданған жоқ. Алайда олардың табыс тауып жатқаны да  дұрыс. Осы орайда, бұл мәселе екі жақты қарастырылып жатыр. Елбасымыз өз сөзінде "Біз ортақ криптовалюта жасауымыз керек" деп айтқан болатын.

"Яғни, ол криптовалютаға деген қарсылығының жоқ екенін көрсетіп отыр. Ал екінші жағынан, Данияр Әкішев бұл мәселені түсінбей тұрғанын, әлі де болса бұл процесс зерттеуді қажет ететінін айтқысы келген болуы керек"-дейді экономист Мақсат Халық.

Қалай дегенменде, әлемдік экономикаға енген тенденция Қазақстанға да келеді. Бір кездері алтынды қағаз ақша алмастырғандай, баспадан шыққан қағаз ақшаны да электронды валюта-криптовалюта алмастыратыны заңды құбылыс болмақ. Бұл - тек уақыт еншісіндегі процесс.

Назерке МҰСА

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар