Шолу: «Мәңгілік ел – мұратым» айтысы қалай өтті?

/uploads/thumbnail/20170708161201452_small.jpg

Желтоқсанның азынаған желімен қазақтың рухы көке шапшып, асапан кеңістігі бір түрлі тұманданады. Жұрт көкке қарауға қорқады, беттерін тұмшалап төмен қарап өз тірліктерімен әлек. Әйтіп-бүйтіп қазақ үшін ең үлкен ұлық мереке тәуелсіздік күні де келіп жетті. Бұл күндері көшеге шығудан қорқатын жұрт үйінде тығылып тәуелсіздік мерекені тойлады. Үйде жатқан соң не істейді, әрине бала-шаға, шал-шауқан, тайлы-тұяғымен тележәшік алдына үймелейді. Бұл меркеде жылаймыз ба, әлде, күлеміз бе деп басындағы жаулығын самай шашына қарай тартқан ақ шашты анада артынан келіп диванға жайғасады.

Сол күні бұрынғы өтіп кеткен концерттерді беріп жатты бір екі арна. Ескі Шаншар күнделігі мен Алдараспан күнделігін архивтен берген болды тағы бір арна. Басқа арналарда мерекелік иіс дым байқалмайды. Кешкі тамағын енді ішіп болған ошарлы жан қайта көк жәшікке телміргенде, ақ түйенің қарны жарылып "НұрОтан" партиясының 15 жылдығына қарай конгресс-холда өткізілген «Мәңгілік ел - мұратым» атты “Алтын домбыра” айтысы басталып кетіпті. Барлығымыз тақымымызды қысып, құлақ түре қалдық. Теңеулер мен ауыспалы мағыналы сөзді түсінбейтін қайсыбір отбасылар сияқты емес,  әр сөзді қалт жібермей, қандай ақын қандай көркемдеу амалын қосып, не айтты, астарлап отырып нені меңзейді екен деп, үй толы жан кәнігі қазылар алқасы сияқты шұқиып, ресми қазылардың үстінен қарап отырдық...

 0b3f65a863

Сара мен  Тараздың жаңа шыққан жас ақыны Әсет айтысы. Әсет Сараны мақтап барып, өзінің одан қатты именіп отырғанында жасырмады. Ауылдан  шанамен жаңа келген жас баламын, ал сен болсаң 20 темір тұлпардың иесісің деп төменшіктеп тоқтатты сөзін. Мақтау жанына майдай жаққан Сара асқақтап, арқырап бір айланып келіп, “Әсет бала, жеребе суырғанда мені көріп, орныңан атып тұрып кетіпсің” деп одан сайын паңданды. Ары қарай сөзін жалғаған Әсет “Сара сен неден қорқасың қазылар алқасында жерлесің Мырзатай ағаң отыр, одан қалса Мұқаметжан ағаң тағы бар” деп өзінің арғы ойын паш етті. Екінші айналымда жас бала кәдімгідей күш алып Сараға ауыз салды. «Жалмауыз кемпір шынымен бар ма» деп сұраған баласына әкесінің берген жауабы екен деп, үйленгенде білесің жалмауыз кемпірді депті”, - деп төбесінен сойылмен осып кеткендей болды Сараның.  Тыпыршыған Сара тезірек жалмауыз кемпіріңе жет деп саханадан түсті. Ал әділқазы деген қара қылды қақ жаратын абыздар бір-біріне қарап бірден балық көз баға берді екуінеде. Бұнысы қалай? Сонда айтары бар, дән саларлық ойларды төгетін мықты ақындарға қалай баға береді деп таңдандық. Артынша Түркістандық Еркебұлан Қайназар мен өткен жылғы “Алытын домбыра” жеңімпазы Жандарбек Бұлғақов айтысқа шықты, Жандарбек «Мен, сен айтқанды былтыр айтып тастағам» деп паңданып аузын айға білеп, ешқашан тегін үй жоқ, ипотекамен үй алғаныңа мәз бол деп аптығын басты Еркебұланның. Ал Еркебұлан болса тұрғын үй мәселесінің түгін қоймай зарлады. Деседе алдыңғыларға қарағанда айтары бар екі ақын бірінен бірі оза шапты, қазылар бірне бірі қарасып бір кісідей тағы кесе толы бағаны дөңгелетті. Мұнысын құп дедік үй ішімізбен.

Іле-шала саханаға Атақты Балғынбек пен жас Мейірбек Сұлтанхан деген ақын шықты. Сөз бастаған жас жігіттің ойлы амандасуы, тапқыр да тамаша сөз саптауы бірден сөз түсінер жанды өзіне баурағаны шын. Тіпті атағы алыстарды шарлап жүрген Имашовтан түкте именген жоқ. Еркін көсіле шапты, “Қырғызға барып жүлде апсың, өткенде тағы қанжығаңды майлапсың” деп ағасын құттықтады. Кезегі келген Балғынбек бірден эстрада саханасында тұрғандай әнге басты. Артынша Шорабеккше айғайлай айтыс жасады. Деседе жыланды үш кесседе кесерткінің қауқары бар дегендей баладан айтары асып тұрды. Екінші айналымда Мерйірбек “ағасы-ау бұның не”, – деп Балғынбектің әнін сынады. Мәні де сәні де жоқ ессіз әнге салып, айтысты қорлағанын айтты. Ән айтқыш болсаң дәстүрлі әнмен айт деді. Оған өрең жетпесе Шәмші ағаңның әуеніне бас деді. Ағасына базынасын айтты. Керемет айтты деп шапалақ соқтық үй ішімізбен. Кезегін алған ағасы сәл қымсынап барып, “Мен енді айтыста қанша жүрер дейсің, ағаңды тақымдай бермей бұл жолы алтын домбыраны беріңдер” деп бір қалды қазыларға шын ойын ескертіп. Сөзін қайта сабақтаған ақын өзімдікі өзіме дегендей тағы әндетіп әкетті.

Ал Мейірбек болса, «Елбасы олмпиада жеңімпаздарын өзі тікелей қоңырау шалып, құтықтап жатады, біздің бірден бір төл өнеріміз, қазақты басқалардан даралап тұрған ірі өнеріміз  - осы  айтыс. Сондықтан айтыс жеңімпаздарын да Нұрағаң жеке қоңыраумен құтықтайтын күн туса», - деп әдемі ойын жеткізді. Біздер одан сайын жас ақынға қол соқтық. Бірақ Балғынбек: «ондай күнге иегіңді қышытпа, Жүрсін ағаң арқаңнан қақсада жетпей ме», - деп олмпиададан айтысты төмен қойғанын өзі де сезбей қалды. Біз қап дедік, бағалаушылар жас баланы келмеске бірақ жіберді. Қос қармағын бірақ кетілтті-ау дедік жас өркеннің. Енді сахана төріне атақты Батыстың ақыны Нұрлан мен Шығыстың маңғаз ақыны Мақсат Ақанов көтерілді. Алғашқы сөзді Ақанов бастап, әдемі сарынмен тамылжыта тыңдарманның көкейіне қонатын, сәлиқалы әңгіме бастап Сақтардың сарқыты, Ғұндардың жұрнағы болған ар ма қазақ деп қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойына жалғады. Жыр шумақтарын тамаша көркемдеу амалдарымен безендіріп, ұстазы Аманжол сияқты әдемі айтыс бастады. Ал қарсыласы шымшыма сөз тапқыш Нұрлан: «сен ыңыранып отырғанда Арқаға жаз келер», - деп оның асықпайтын сабаздығын сөгіп өтті. Екінші айналымда Мақсат қазірге арқаға қыс келмейді, бұл араның қысы ұзақ деп Нұрланды тоқтатып, бойының мыртықтығына шұқшиды. Іліп алған Нұрлан ақын мен бұл жерге құл боп сатылғалы келгем жоқ деп жұртты ду күлдірді. Осылай біразға көкпарды сүйреледі, әділ қазылар бұл жолы дәл бағасын берді. Мақсатың алыстан бастап, астарлап толғайтын терең ойлары таразы басып тұрғанын жұрт көрді. Сол күннің соңғы жұбы болып Түркістанның атақты ақыны Бегарыс Шойбеков пен Қызылордалық тұңғыш алтын домбыра иегері Мұхтар Ниязов сахнаға көтерілді. Сөз баптаған Бегарыс: «жоғалған алтыныңды іздеп келдің бе?»,- деп әділетсіздеу алған алдыңғы жылғы алтын домбыра жүлдесіне байланысты сөз қозғады. Былтырғы жылы Жандарбек өте айқын басымдылықпен жеңседе жыламсырап зорға берген бұл ақынға жұрттың көкейінде жүрген сөзді айтты. Өтіріктен халық үшін келдім деме деп бірден жолын буды. Кезегін алған Мұхтар ашуға булыға өлең бастап не айтарын білмей тапырақтап қалды. Иә, қайтесің алтынымды іздеп келдім деп шынына көшті амалсыз.

Мұхтар Шымкенттің мақтасы т.б, бәрі-бәрін жинап адам жасасақ Бегарыс болар тура өзі деп тоқтағанда, іліп алған Бегарыс ақын Қызылорданың ақ мешіті сияқты сенің сыртың жылы, ішің зәр, Байқоңырдың протоны сияқты артың У, мұрның анау қатқан Арал,  адамға айналдырсақ дәл сен болар Қызылорда деп арқырап барып тоқтады.

Ертесі дәл уағында бар жұмысты тоқтатып айтысты күттік. Ақтық айтыс. Кешегі ондық бағаларды алған Жамбылдың жас баласы Әсет пен азуы алты қарыс Айнұр Тұрсынбай айтысты. «Атақты ақынсың-ау, бірақ менің жеңгемсің» деп Айнұрға қалжың айта бастады жас ақын. Астаның аязына жұқа  кепсің, қайным-ау деп тоқыр басына бөрік, үстіне шапан жауып қайнысын саханадан аударып алды Айнұр. Жас ақында әнге салды Балғынбекше. Әсет «мына конгресс-хол неге қазақшаланбайды» деп бір қалғанда, іліп алған Айнұр «айтыс сарайы» деп атайық деп сөз тапты.

Одан соң Түркістаның ақыны Еркебұлан Қайназар мен атақты Балғынбек бақ сынасты, бұл жолы Балғынбек арыдан қозғап, қытайға тиген қыздардың ішінде құрт-құмырсқа өсіп жатыр дей келе, қазақтың қыздары басқаларға тиіп өз жауымызды жатырында өсіріп отыр деп тоқтады. Еркебұлан қазақтың бар байлығына салынып жатқан Астана жайын айтты. Ары қарай екеуі бажа болып қалжыңмен сөз сайыстырды. Ақыры мен алтын домыра алмағанда нем қалды деп тоқтады Балғынбек тағыда. «Мен де көп дәмелімін жүлдеден, үш жыл бұрын үйден шығып, көлік кептелісімен биыл әрең жеттім Астанаға», - деді Еркебұлан.

Атақты ақ шапанды Айбек Қалимен кешегі Бекарыстан аямай жеңілген Қызылордалық ақын Мұхтар сөз сайыстырды. Бірден тиіскен Айбек ақын “өзгелер терлеп тепшіп финалға шығады, сен қалай оңай жол тауып алғасың, сонша жеңілсеңде «жеңілмес ақын» екенсің, бізгеде айтсаңшы” деп отты жырын жалғап, елдегі жалғыз жыныстылардың біріне-бірі жабысуын сөз етіп тізгінін зорға тартып тоқтады. Ал қарсыласы Айбектің сұрағын жауапсыз қалдырып, бозадағы бос сөз сапырып, шаршы алаңда қашып уақыт өткізетін жуан жұдырықшыларша кезегін өткізуге тырысты. Ал Айбек ақын сонау Сақтардан түсіп бүгінге дейінгі тарихты тізбелей асып-төгіп жырлады. Орнымыздан тұрып қол шапалақ соқтық.

Бұлардың соңынан Бекарыс пен Жандарбек шықты, сөз бастаған Жандарбек өз түрлерінің ұқсайтынын айтып, таңғала ағасынан себебін сұрады. Ағасы сөзін қостап «Ұлыларда ұқсастық болады» емес пе деп теңеу амалын қолданып, ойын жеткізе жақындығын білдіргені сол, Жандарбек мүлт кетіп балалық жасап айтыскерлердің ішіндегі абыройлы жігіт ағасы Бегарыстың жағасына жармасты. Жұрт алдында дөрекі қалжың айтты. Сені төрт содыр жігіт күтіп тұр қарызыңды төле, мына айтыстан ұтар ұтысыңды олар сыпырып аламыз дейді деуімен қоймай, «ұлыларда ұқсастық болады» деген сөзін тура мағынасында қабылдап, мынау өзін ұлымын дейді деп білімсіздігін көрсетіп қойды. Ағалық асқақ ойын жалғаған Бегарыс Елбасының ұлытауда сөйлеген сөзімен бірлестіре Ұлытау ауданын құру туралы ұсыныс жасады.

Соңғы жүкті арқалап, Сара мен Мақсат Ақнов шықты. сөз бастаған Мақсат “Сара, Сара дегенде  сараковка” деп бастағаны сол - Сара көзін бір жұмып, бір ашып түрін сан өзгертіп, өзінің не айтып не қойғанын бірде біліп, бірде білмей  сөз саптады. Сенің тұсауыңды мен кесіп ем ғой дегенде өзін әрең тапты. Ақанов арықарай Астана жайынан жағымды өлең айтып елдің еңсесін тіктеді.

Бас жүлде өзі айтқандай Балғынбкке бұйырса, бірінші орын Жандарбекте, екінші  орын Еркебұлан Қайназарға, ал үшінші орын Бегарыс пен Айнұрға тән болып, қалған ақтық айтысқа шыққан алты ақын да жүлдесіз қалмады.

Қазақ өнеріндегі ең биік шыңның бірі – айтыс. Жершілдік, рушылдық, діншілдіктің кесірінен ұлы өнердің өзегіне құрт түсіру – кешірілмес күнә.  Әсіресе, кейбір айтыскерлердің көркемдеу амалдарын түсінбеуі, сөздің өзіне қалай айтылғанын бағамдамауы, от алып, қопаға түсуі, кімнің жеңіп, кімнің жеңілгені айқын көрініп тұрғанда төрешілердің бір-біріне жалтақтап,  бір көтерген балын екінші мәрте өзгертуі – жаныңды ауыртады.

Әйтеу, «Айтыстағы жемқорлық» деген терминді сөздік қорымызға енгізіп алмасақ болғаны...

Нұрхалық Абдурақын

Қатысты Мақалалар