Қазақтың өзінің төл атынан айрылғаны бір сәрі ғой. Ал оның Қазақ атымен қоса мемлекетінің атауынан да жұрдай болып тоналғаны - рас болса ше? Және ай мен күннің аманында, егер соның өзін алғанымыз рас болса, мына тәуелсіздік заманында қасақана атынан айрылып, жер сипап қалған ұлт және мемлекет – мына біз болсақ ше?
Елімізді соңғы жетпіс жылдан астам уақыт езгісінің астында ұстаған кеңестік-тоталитарлық жүйенің бодандық қамытын киген тұсымызда біздің – «Қазақ ССР-і» деген мемлекет болғанымыз естеріңізде шығар?..
Құдайдың құдіретімен сонау 90-шы жылдардың басында еліміз тәуелсіздігін алысымен республикамыздың атын өзгертетін Республика Жоғарғы Кеңесінің кезекті бір басқосуында халық қалаулыларының негізгі бөлігі:
– Атаудағы «ССР» сөзін алып тастап, «Қазақ республикасы» болсын,– деген шешімге келгелі жатқанда, сол арада бүйректен сирақ шығарған депутат Мұрат Әуезов:
– Жоқ, олай «Қазақ республикасы» деуге болмайды. Өйткені, біз елімізде тұрып жатқан басқа ұлт өкілдерін де есімізден шығармауымыз керек. Барлық ұлт өкілдеріне ортақ, мемлекетіміздің аты – «Қазақстан» (стан -парсы тілінде «ел» дегенді білдіреді) болсын! – деп, табандап тұрып алып, ақыры дегеніне жеткенін кім білмейді.
Айтпақшы, Мұрат Әуезовтың бұл мемлекетті «Қазақ елі» деген атаудан құтқарған сол «көзсіз ерлігі» дер кезінде биліктен жоғары бағасын алып, іле-шала Қытай сияқты алып елге елші болғанын ешкім жоққа шығара алмас...
Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінде өткен Мұрат Әуезов бастамашыл болған дәл осы оқиғадан бастап, біздің қазақтың басынан бағы тая бастады.
Ең алдымен барлық мемлекеттік ресми құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жүргізілетін болды. Мемлекет басшысы екі тілде: қазақша, орысша сөйлейтін жағымпаздық әдет тапты. Ол онысымен қоймай «біз көп ұлтты елміз, бізде 140 ұлттың өкілі тұрады» деп соқты. Сол тұста тіпті, 14 миллионға да жетпейтін ел халқынан оның 140 ұлтты қалай жасап алғанын ешкім де сезбей қалды.
Қазақ оларға отар болған кезден бастап, шамамен үш жүз жылдай, Қазақты орыстар «Казах» деп айтып және солай жазып келеді. Ұзақ жылға созылған сол бодандықта, орыстардың бізді әлгіндей «казах» деп айтқанына, қойдан жуас қазақтардың еті де үйреніп кеткен сияқты еді.
Бүгінде, атап айтқанда,«Тәуелсіз мемлекет болдық!»деп жүрген кезімізде, барлық ағылшын тіліндегі халықаралық мемлекеттік құжаттарда, қатынас қағаздарында, еліміз ішіндегі автокөліктердегі, халықаралық әуе, авто, және теміржол көліктері билеттеріндегі жазулар, тіпті, ағылшын тіліндегі жағарафиялық және саяси, физикалық, геодезиялық карталарда, Қазақстан азаматтарының төл құжаттарында, т.б. қатынас қағаздарында ұлтымыздың және мемлекетіміздің аты мен атауы тура орысшадағыдай: «kazakh», «Kazakhstan» деп байдырайтып тұрып жазылып, ауызекі сөздерде де дәл сол орысшадағыдай айтылып жүргеніне, міне, табаны күректей жиырма жылдың жүзі болыпты.
Рас, бүгінде латын жазуының үстемдік құрып тұрғаны рас. Латын қаріптерінің ғылымның дамуындағы прогрестік қызметін де жоққа шығара алмаймыз. Басқасын айтпағанның өзінде,бүгінгі таңда түркітілдес мемлекеттердің дені осы латын қарпімен жазады. Жиырма жылдан асса да орыс бодандығынан құтыла алмай, солардың кирилл жазуын тастамай келе жатқан жалғыз ұлт – біз қазақтар ғана екеніміз қандай аянышты еді десеңізші!
Ал, ерте ме, кеш пе, біздің де сол латыншаға көшетініміз, тағы да ақиқат.Бұл – үстіміздегі саяси жүйе өзгерсе ғана мүмкін болатын асыл арман ғой, әрине!
Латын жазуына көшіп жатсақ, біз неге екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Қазақстанда қолданылған және күні бүгінге дейін шетелдегі қандастарымыз пайдаланып жүрген латын жазуының заңдылықтарын сақтай отырып, «qazaq», «Qazaqstan» деп қасақана жазбай, орыс тілінің заңдылықтарына сәйкес «казах», «Казахстан» деп, өзімізді өзіміздің қалай қорлап жүргенімізге таңмын. Осындайларды күнде көзімізбен көріп жүріп,«апыр-ау, біз не деген намыстан жұрдай болып тоналған сорлы ұлт едік десеңші!» деген ойға еріксіз қалады екенсің...
Күлбілтелемей, ашығын, анығын айтатын болсақ, халықаралық дәрежеде бүгін біз өзіміздің «қазақ»(qazaq) екенімізді дәлелдей алмайтын күйге жетіп отырмыз, қойдан жуас момын ұлтым!
Қайран қазақ, өтің жарылып кетсе де айтайын, ащы да болса, шындық осы!
Бір сұмдығы сол, біз енді өзіміздің«казах» емес, «қазақ» екенімізді дәлелдей алмайтын пұшайман қәлге жетіп отырғанымыз, неткен өкінішті еді десеңші! Өйткені қазақ ұлты мен оның мемлекетінің атауы барлық ресми құжаттарда қасақана дәл жоғарыдағы біз көрсеткендей жағдайда заңдастырылып, жазылып кеткен. Сенбесеңіз, жалғыз ғана қалтаңыздағы төлқұжатыңыздың сыртындағы ағылшын тіліндегі жазуға және ішіндегі «ұлтыңызға» қараңызшы?..
Бұл сөзімізге дәлел, алғашқы желтоқсандағы Президент күнінде Елбасы біздің түптің-түбінде «қазақ» емес, «қазақстандық ұлт» болатынымызды тағы да ернінің емеурінімен сездіргені өтірік пе?..
Қазір заманауи жаңа технологияның қарыштап алға дамып , ғаламтордың (интернеттің) біз қолданатын күнделікті тіршілік көзіне айналғалы қашан! Ғаламтор демекші, осы ғаламтордағы барлық байланыстардың негізінен латын қарпімен жүргізілетіні тағы да белгілі.
Ғаламтордағы Қазақстан билігі жүзеге асырып отырған қазақ тілінің бүгінгі хәлі тіпті мүшкіл дер едім. Қазақтың: ә, ө, і, ү, ұ, қ, ғ, ң... сияқты өзінің төл әріптері күнделікті қолданыстағы латын қаріптерінен мүлдем алынып тасталып және тұтасымен аласталған. Қазақтың төл қаріптерін ғаламтордағы қолданыстаналып тастап отырғандар - тағы да ана біздің бұрынғы және бүгінгі қожайындарымыз - кеудемсоқ өркөкірек орыстар да, тіпті, сырттай керемет мәдениетті көрінгілері келетін - ағылшындар да емес, өзіміз, яғни, өзіміздің «іштен шыққан шұбар жыландарымыз», тілсіз, дінсіз, тексіз, шалақазақтарымыз болып отырғаны - бүгінде ұлттық қасіретімізге айналып отыр дер едім.
Қазақстандағы ғаламторлардағы латын қарпімен жазылған: Kazakh, Kazakhstan, mail.ru, kz, т.б. атаулардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Әр қайсымыз күнделікті пайдаланатын электронды пошталарымыздағы mail.ru – біздің қожайындарымыздан ешқандай сыр бүкпейтіндігімізді, күні бүгінге дейін орыстардың құлы екенімізді айғақтаса, ал,kz - qazaq-тың әдейі орысшаланған нұсқасы. Еліміздегі сайттардың барлығы осылайша «пәленше.qz» емес, әдейі орысшаланып, «пәленше. Kz» болып таңбаланып жүргені - басқалардан гөрі біздің қазақ оқығандарын неге шындап ойлантпайтынына таңым бар. Қазақстандағы барлық мемлекеттік құпия атаулы орыстардың алдында ашық жатыр...
Көшелердегі, жол жиектеріндегі , маңдайшалардағы, телеарналардағы, спорттықжәне жарнамалық киім-кешектердегі, радиотолқындарындағы, дүкендердегі, дәмханалардағы, мемлекеттік және жекеменшік мекемелердегі,т.б. бүкіл жарнама атаулыларда бір де бірқазақтың төл қарпі жазылмайды. Бәрі орысша, не ағылшынша, қытайша, шүршітше болып кете береді...
Күні бүгінге дейін бір ғана мемлекеттік туымыздың нақты түсі анықталмай келеді. Қараңызшы, ілініп тұрған мемлекет байрақтарына: бірінің түсі жасыл, бірі көгілдір, бірі сарғыш, осылайша кете береді...
Республика тәуелсіздігі күні–«1 қаңтардың» көлеңкесінде қалып келе жатқаны тағы да өтірік емес. «1 қаңтар» - бір ай тойланса, Қазақстан тәуелсіздігі күні асығыс-үсігіс бір ғана күн тойланған ғана болады. Сонда біз «осы жиырма бір жыл бойы орыс отарында келе жатырмыз!..» деген сөз емес пе, бұл?..
Тағы да негізгі тақырыбыма оралайын.
Тап бір «Қазақ» атымен аталатын бұл мемлекетте қазақ деген ұлт атымен жоқ сияқты. Біз қазақтар бүгінде АҚШ-тағы резервацияларға күштеп қуылған үндістердің ауыр тағдырын басымыздан кешіп отырғандай болып елестейді маған. Егер біздегі қазаққа деген саясат осылай жалғаса берсе, қазақтың түптің-түбі сол үндістердің кебін киері де және даусыз...
Бір ауыз қазақша сөйлемейтін Қазақстанның қазіргі астанасы - Астана қаласы тұрғындарын айтпаған күннің өзінде, қасиетті де киелі Арқа төсіндегі сол жаңа қаладағы барша сәулет, құрлыс өнерінен қазақтың иісі де шықпайтыны өтірік емес. Керісінше, орыстың, қытайдың, будданың, еврейдің, христиан әлемінің сәулет өнерінен аяқ алып жүре алмайсыз. Оған дәлел, ана еврейдің елтаңбасына ұқсас Пирамида, ана Сыпыртқы, Мәскеудегі Ломоносов университетіне ұқсас тұрғын үй кешені, т.б. айтуға болады. Бүкіл қала иуда дінін насихаттап тұрған сияқты әсер етеді.
Қазақтың қасиетті Сары Арқасын бейне бір бөгде діндегілер, тілдегілер, жын-шайтан, ібілістер жаулап алғандай ма, қалай?
Иә, айтпақшы, алда-жалда біз латын қарпіне көшіп жатсақ, сонда өзіміздің және мемлекетіміздің атынлатынша – qazaq, Qazaqstan-деп емес, орысшадағыдай – Kazakh, Kazakhstan -деп жазып, масқарамыз шығары тағы да даусыз. Шалақазақтардың ол орысшылдықтарын тыңдамай, өзімізше - Qazaq, Qazaqstan ,Qz, QU -деп, жаза қалған күннің өзінде, ана биліктегі тексіздер көсемін арқаланып, орындарынан өре түрегеліп, бөрінің көтіндей шулай жөнеліп:
-Калбиттер, оттамаңдар, халықаралық құжаттарда біз - казах, Казахстан (Kazakh, Kazakhstan) болып жазылып кеткенбіз. Оны енді ешқашан да өзгерттірмейміз. Өйткені біз, ұлы көшбасшымыз Елбасымыз айтқандай, түбі қазақ емес,казах, яғни,«қазақстандық» ұлт боламыз.Және де біз өмірбақи солай болып қала береміз. Кім де кім қарсы шықса, заңды бұзған болып саналады!-деп, қоқан-лоққы көрсетулері әбден мүмкін. Мүмкін ғана емес, олардың бұл ұсыныстары ащы да болса ақиқатқа айналғалы тұр.
Тәуелсіздікті алған жиырма жылдың ішінде біз тек қана өлшеусіз жер асты және жер үсті байлықтарымыздан ғана айырылып қойғамыз жоқ, аса қастерлі бүкіл ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, дінімізден айрылдық деп жүрсек, ол да бізге аз екен.
Міне, Қазақ деген атымыздан, Қазақстан(халықаралық құжаттарда – qazaq, Qazaqstan емес, қасақана орысшаланып – Kazakh, Kazakhstan)-деген мемлекетіміздің атауынан, баяғыда-ақ айрылып қалыппыз ғой.
Біздің ұлтымыздың және рас болса, тәуелсіз мемлекетіміздің латынша атауларының халықаралық деңгейде қасақана орысша бұрмалануларының артында - «Кедендік одақ», «Еуразиялық одақ» дегендерге мемлекет басшысының арқасында «өз еркімен» бас иген қазақ елінің қайтадан орыс боданына айналып бара жатуының айқын да анық белгісі тұр дер едім.
Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, ол былай: қасақана төл атынан тоналған Қазақ ұлтының, атауынан айрылған Қазақстан мемлекетінің болашағы бұлдыр деп ашына ашық айта аламын.
«Қалың елім, Қазағым, қайран жұртым» (Абай)!
Біздің не «бар», не «жоқ» деген екі тарам жол айрығының түйісер жерінде,ең соңғы таңдаудың алдында тұрғанымыз тағы да жалған емес!
Не ұлт болып қаламыз, не жер бетінен тып-типыл жоғаламыз!
Не ұлт ретінде дүр сілкініп, жерге иілген басымызды қайтадан көтереміз, не ұлт ретінде, мемлекет ретінде қайтадан сол орысқа бодан боламыз!
Иә, біздің биліктегі тексіздер қазақты қайтадан құлдыққа итеріп отыр!
Біз, не деген маңдайының соры бес елі ұлт едік десеңші, ағайын!
Не болып барамыз,ұлтым-ау!
Бізде енді бұрылатындай басқадай үшінші жол жоқ! Ойлан, оян, Қазақ!
08. 12. 2012.
Сурет azattyq.org сайтынан алынды
Пікір қалдыру