Д. Ақышев «Bank RBK» Банкі» АҚ-ты қалыпқа келтіру шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық Банк ҚР Үкіметімен және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС арқылы әлеуетті инвестормен бірлесіп «Bank RBK» Банкі» АҚ-ты қалыпқа келтіру шараларының кешенін әзірледі. Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша журналистер сұрақтарына жауап беру кезінде ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев айтып берді.
Қазіргі уақытта «Bank RBK» Банкі» АҚ (бұдан әрі – Банк) өтімділіктің жеткілікті деңгейін қамтамасыз етумен байланысты қиындықтарды бастан кешіріп отырғаны белгілі. Соған байланысты Банктің клиенттік төлемдерді уақтылы жүзеге асыруы шектеулі. Бұрын хабарланғандай, Ұлттық Банк ҚР Үкіметімен және әлеуетті инвесторлармен бірлесіп келіссөздер жүргізді, соның нәтижесінде Банкті қалыпқа келтіру жөнінде шаралар кешені әзірленді. Данияр Ақышев қалыпқа келтіру моделі Банкті инвесторлардың 160 млрд. теңге сомасындағы қаражаты есебінен капиталдандыруды және Банктің орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында инвесторлардың оның бизнес-моделін одан әрі жетілдіруін болжайтынын айтып берді. Сонымен қатар шаралар кешені акционерлер мен басқа байланысты тұлғаларға берілген шамамен 600 млрд. теңге сомасындағы проблемалық портфельді жеке арнайы қаржы компаниясына беруді көздейді.
Ұлттық Банк басшысы арнайы қаржы компаниясына берілген міндеттемелерге берілген портфельден түсетін түсімдер есебінен қызмет көрсетілетінін нақтылады. «Жақын уақытта Ұлттық Банк Басқармасы Қазақстан Республикасы банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру жөніндегі бағдарламаға қатысу шеңберінде Банктің шамамен 240 млрд. теңге сомасындағы өтінімін қарайды», - деді Д. Ақышев.
Ол жоғарыда көрсетілген қалыпқа келтіру шаралары Ұлттық Банк қазіргі уақытта іске асырып жатқан, Ұлттық Банк Басқармасының 2017 жылғы 30 маусымдағы № 129 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру жөніндегі бағдарламаның бір бөлігі болып табылатынын атап өтті. Жоғарыда көрсетілген іс-шараларды іске асыру нәтижесінде Банктегі ахуал тұрақтанады деп күтіледі. «Өтімділіктің түсуіне қарай жақын арада Банк әлеуметтік тұрғыдан маңызды төлемдер бойынша, сондай-ақ ұсақ және орта салымшылардың депозиттері бойынша міндеттемелерді орындай бастайды», - деп атап өтті Ұлттық Банк басшысы.
Қазіргі кезде Банкте жеке тұлғалар жалпы алғанда 28 139 шот ашып, 188 млрд. теңгеге салым салған. Соған байланысты мемлекет Ұлттық Банк, Үкімет және квазимемлекеттік сектор қаражатының есебінен Банкке қолдау көрсету туралы шешім қабылдады. Ұлттық Банк Банктің ағымдағы зиянға әкеп соққан кредит саясатын іске асыруы бөлігінде Банктің уәкілетті органдарының қызметіне талдау жүргізеді, содан соң тиісті материалдар одан әрі шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілетін болады.
Данияр Ақышев «Delta Bank-ті» банктік және өзге операциялар мен бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүзеге асыруға лицензиясынан айыруға байланысты ахуалды түсіндірді.
«Өздеріңіз білетіндей, «Delta Bank-ті» лицензиясынан айыру туралы шешім қабылданды. Бұған мынадай факторлар негіз болды. Бірінші кезекте, кредиттік тәуекелдерді басқару жөніндегі ішкі рәсімдердің кемшіліктері, олар қаржылық жай-күйі орнықсыз қарыз алушыларды кредиттеуге, сондай-ақ сапалы кепілмен қамтамасыз етілмеген қарыздар беруге мүмкіндік берді, кредиттер бойынша мерзімі өткен берешектің айтарлықтай өсуіне алып келді. Мәселен, 2017 жылғы 1 қазанда мерзімі өткен берешегі бар қарыздар Банктің несие портфелінің 99,7%-ын (314,8 млрд. теңгені) құрады.
Екіншіден, лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдау сәтінде Банктің корреспонденттік шоттарындағы және кассасындағы ақша қалдығы 215,1 млн. теңгені құрады. Сонымен қатар, депозиторлар мен кредиторлар алдындағы мерзімі өткен міндеттемелер сомасы шамамен 79,8 млрд. теңгені құрады, - деді Д. Ақышев. Ол банк капиталының қабылданған тәуекелдерге барабар емес және өтімділіктің төмен көрсеткіші жағдайларында банкті қаржылай қолдауды қамтамасыз етудің аса қажеттілігін атап өтіп, банк қызметін қадағалау шеңберінде ұзақ кезең бойы «Delta Bank» АҚ-тың менеджменті мен оның акционерлері арасында Ұлттық Банктің ашық диалог жүргізгенін атап өтті. Соған қарамастан, Банктің ірі акционері тарапынан банкті барабар қаржылық қолдау жүзеге асырылған жоқ.
Сондай-ақ Д. Ақышевтың айтуы бойынша, Банктің активтері мен міндеттемелерінің банк секторының жиынтық активтері мен міндеттемелеріндегі үлесінің төмен (1%) болуына байланысты Банкті лицензиядан айыру басқа қаржы ұйымдарын тәуекелдерге ұшыратпайды.
«2017 жылғы 2 қарашадан бастап уақытша әкімшілік тағайындалды, оған Банктің барлық басқару органдарының өкілеттіктері өтті. Уақытша әкімшілік сот тарату комиссиясын тағайындағанға дейін жұмыс істейтін болады.
Қорытындылай келе ол, Банк жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылатынын атап өтті. Теңгемен және шетел валютасымен депозиттер, төлем карточкаларындағы және банк шоттарындағы ақша Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының кепілдігімен қорғалған.
Сонымен қатар, Ұлттық Банк Төрағасы Данияр Ақышев WhatsАpp пайдаланушылары арасында таратылған «Казкоммерцбанк» АҚ-тағы қаржылық ахуалдың нашарлағандығы туралы мәліметтердің шындыққа жанаспайтындығын растады
«Банк әдеттегідей режимде жұмыс істейді. Карточкалық, жеке және депозиттік шоттарда ақша алу бойынша ешқандай шектеулер жоқ», - деді Д. Ақышев ҚР Үкіметінің отырысы аяқталғаннан кейін журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.
Ол ағымдағы жылғы шілдеде «Казкоммерцбанк» АҚ-тың «Қазақстан Халық банкі» АҚ-тың еншілес банкі болғандығын, оның нәтижесінде Halyk қаржы тобының ТМД ірі жеке қаржы құрылымдарының үштігіне кіргендігін атап өтті.
«Халық тобының құрамында және оның қаржылай қолдауымен Казкоммерцбанк ҚР Ұлттық Банкінің капитал және өтімділік жеткіліктілігі жөніндегі негізгі нормативтерін сақтай отырып, дербес қаржы институты ретінде жұмыс істейді», - деді Д. Ақышев.
Қорытындысында ол жалған ақпарат тарату фактілері бойынша Ұлттық Банктің құқық қорғау органдарына өтініш беретіндігін атап өтті. БЖЗҚ зейнетақы активтерінің мөлшері 2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 7 544,7 млрд. теңге болды 2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Ұлттық Банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің мөлшері 7 544,7 млрд. теңге болды.
«2017 жылғы 9 айда салымшылардың шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша «таза» инвестициялық кірістің мөлшері 462,2 млрд. теңге болды. БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 2017 жылғы 9 айда 6,68%, инфляция осы кезең үшін 4,2% мөлшерінде болды. Осылайша, ағымдағы жылдың басынан бері оң нақты кірістілік 2,48% мөлшерінде қамтамасыз етілді», - деді Д. Ақышев.
Ол салымшылардың шоттарына бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі, инфляцияның деңгейімен салыстырғанда 2016 жылғы қыркүйек – 2017 жылғы қыркүйек аралығындағы кезең үшін – жылдық 7,33%, жылдық 7,10% инфляция болғандығын инфляция кезінде оң нақты кірістіліктің 0,23% мөлшерінде қалыптасқандығын атап өтті. Валюта нарығындағы жағдай тұрақты, деп мәлімдеді Д. Ақышев.