Өнері арқылы нәсібін тапқан Светлана

/uploads/thumbnail/20171109182952596_small.jpg

«Денсаулығым сыр беріп, қатерлі ісік дертіне  сараптама тапсырған сайын  растала бергенде, бір айлық ғұмырым қалғандай күй кештім. Бұл аралықта не жасап үлгеруім мүмкін. Көзімнің ағы мен қарасындай ұлым мен қызымды кімге аманаттамақпын деген ойлар жанымды  жегідей жеп, уайымнан ішқұса бола бастадым», — деп бастады әңгімесін оралдық қолөнер шебері Светлана Дүйсенбаева.

Бүгінде ол – қос перзенттің аяулы анасы. Жұбайы Ерлан Арыстанғалиевтің  адал жары болумен қатар, мектеп оқушыларынан бастап зейнет жасындағы жандарға арналған Орал шаһарындағы «Тұмар» қолөнер  шеберханасының жетекшісі. Кейіпкеріміз осыдан екі жыл бұрын денсаулығында обырдың белгілері бар екенін білгенде, өмірден түңіліп кетердей күй кешкенін жасырмайды. Онколог маманға жолданған сайын жүрегі айнып, басы айналып, талып қалатын жағдайға дейін жетеді. Ал отағасы Ерлан жұбайының бұл күйін уайымдағаны соншалық, тіпті бір кездері өзі қарсы болған қолөнермен айналысуға кеңес береді. Сүйікті ісімен айналысып, көңілі бөлінсе, денсаулығына пайдасы тиер деп үміттенеді. Светлана бала күнінен тоқуға, кесте төгуге, қолөнер бұйымдарын жасауға  әуес болған.  Алайда  ата-анасы қолөнерді  кәсіп етіп таңдауына қарсы болып, Ақтау қаласындағы Шахмардан Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің мұнай және газ кен орындарын игеру мамандығы бойынша оқуға түсіреді.  ЖОО-ны бітірген соң 10 жылдай Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде оқытушы, кейін деканның орынбасары қызметтерін атқарады. Ұстаздық қызмет атқарып жүріп, тұрмысқа шығады, перзентті болады.Тұрмыс құрған алғашқы жылдары жары Ерланға қолөнер бұйымдарын сататын дүкен ашқысы келгенін айтады. Алайда отағасы да оның қолөнерге деген қызығушылығын хобби ретінде бағалап, білім ордасындағы қызметін жалғастыра беруіне кеңес береді. Бос уақытында қызметтестеріне, достарына, ағайынтуғандарына әдемі бұйымдар жасап сыйлап жүреді. Содан екінші перзентін босанғанда нәрестесі мерзімінен бұрын 30 аптада 1870 грамм болып өмірге келеді. Дәрігерлер сәбидің өмірін сақтап қалу үшін ерекше күтім жасап, кювезге жатқызып, жасанды тыныстандырады. Сол  кезде  сәбиін тамақтандыру үшін жансақтау бөліміне барғанда әлжуаз болса да, өмір үшін арпалысып жатқан 30 шақты нәрестеге көзі түседі.

— Қол-аяқтары тырбаңдап жатқан кіп-кішкентай сәбилерді көргенде  қатты аяп, қолымнан қандай көмек келетінін ойладым. Сонда анамның да шала туылып, атасы тымаққа салып, адамның көзі түсе бермейтін елеусіз жерге іліп баққандығын және оларға жүннен тоқылған киімнің пайдасы тигенін айтқаны есіме түсті. Содан жолдасыма үйдегі табиғи  жүннен иірілген жіптерді алдырып, үш күнде 30 шақты нәрестеге күртеше, бас киім, шұлық, қолғап тоқып бердім, — дейді Светлана тоқылған киімдердің суретін көрсетіп.

Кейін ұлы оңалып, үйіне оралған соң  облыстағы «28 ілмек» еріктілер клубына мүше болады. Аталмыш ұйым облыстық және қалалық перзентханадағы шалажансар шақалақтардың оңалуы үшін тоқыма киімдерін тоқып беріп көмектеседі. Мұндай бірлестік Қазақстанның 15 қаласында қызмет атқарады. Салмақтары 500 грамнан 2800 грамға дейінгі туған нәрестелерге ұсынылатын тоқыма киімдер 100% қазақстандық табиғи жүннен жасалады. Кейіпкеріміз бұл ұйымға мүше болу арқылы қолөнермен айналысатын қыз-келіншектермен танысып, тәжірибе алмасқанын тілге тиек етті. Кейін  бала күтімімен екі  жылдай уақыт үйде отырады. Осы кезде қатерлі ісік диагнозы қойылып, алайда ем алмас бұрын сарыуайымнан арылу үшін жұбайының қолдауымен қолөнерге біржола бетбұруға бекінеді. Бала күніндегі  қолөнер шеберханасын ашсам деген арманы жазылған қолжазба кітапшасы мен өзі 10 жыл  ұстаздық қызмет атқарған Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ұстаздары сыйлаған қолөнер бұйымдары туралы кітаптарын тауып алып оқи бастайды.

— Бірде ұялы телефоныма бір бойжеткен хабарласып, Шымкент қаласында республикалық қолөнершілердің көрмесі өтетіндігін айтты. Жолдасым «Байқауға  барып, деңгейіңді бағамдап кел», — деді. Қазақстан бойынша 30-дан астам дарынды қолөнершілердің арасынан үшінші орын алып, қуанышым қойныма сыймай, үйге оралдым. Көңіл күйім көтеріліп, гобелен, кілем тоқуға, қыз-келіншектер үшін  әшекей бұйымдар жасауға арналған кітаптар сатып алдым. Бұйымдарды, тоқыманы өзім бастап, кейін жасалу  әдісін көрсетіп, қызыма да үйретіп отырамын. Қолөнермен айналысқанда  түсін, тігісін, композициясын   келтіруге  бар зейініңді, ынта-ықыласыңды арнап, күйбең тіршіліктегі мехнатыңды да  ұмытып кетесің, — дейді кейіпкеріміз. Сөйтіп, ол Зашаған кентінен «Тұмар» шеберханасын ашады. Шеберхананың  ерекшелігі – жасалған әр затқа ұлттық нақыш беріледі. Мұнда 20-ға жуық мектеп оқушысы кесте төгіп, қамшы жасап, газеттен себеттер өріп, сөмке, ойыншық, киімдер тоқып, сырға, сақина, алқа  секілді әшекей бұйымдарын жасап үйренеді. Үйірмеге қатысушылар жасаған бұйымдарын сатып, олжалы болуда.

Шеберханада  полимерлі саздан жасалған әшекей бұйымдар көздің жауын аларлықтай болып самсап тұр. Светлана әрбір әшекей бұйымдарын қиялынан жасайды. Сазды қолмен илеп, оларды бір-бірімен араластырып, түрлі түске бояйды. Сөйтіп, оның қолынан шыққан дүниелер сан түрлі түспен айшықталады. Кейіпкеріміз өнердің бұл түрін кітаптардан,  ғаламтор арқылы ақылы сабақтардан үйренген.

— Полимерлі саз ермексазға ұқсас. Айырмашылығы – ермексазды жоғары температурада күйдіре алмайсың. Ал полимерлі саздан жасалған әшекей бұйымдарды сол күйінде пайдалануға болмайды. Әбден дайын болған әшекейлер 110 градус температурада күйдіріледі. Белгілі уақыттан соң пеш ішіндегі бұйым тас секілді қатады. Мұндай бұйымдарға сұраныс жоғары, —  дейді ол.

Қолөнер шебері болашақта кәсібін кеңейтіп, жас қолөнершілердің санын көбейтсем деп армандайды.

— Біз бәріне асығып жүреміз.  Жүкті болсақ, тоғыз ай тоғыз күнсіз босана алмайтынымызды білсек те, толғақ келетін күнімізді қайта-қайта есептейміз. Тіпті босанғаннан кейін алты айдан соң немен айналысатынымызды жоспарлап қоямыз. Өзіммен өзім бір сәт қала алмай, сүйікті ісіммен айналысуға уақыт таппаған кезімде асығыстық пен мазасыздыққа жиі ұшырайтыныма  өз басым талай көз жеткіздім. Барлық әйелдің жаны қай кезде де тыныштықты, жайлылықты қалайды.  Сондықтан болар, әжелеріміз қайнаған тіршіліктің ортасында жүріп те, қолөнерге уақыт тауып, жан дүниесінің қалауын жасап келді. Кезінде апаларымыз тезек теріп не отын бұтап, соған тамақ пісіріп, бейнеттері бастарынан арылмаса да, ең сүйікті істеріне қалай уақыт тапқан деп еріксіз таңғаламын. Олар саусақ ұштарындағы нүктелердің жүйке жүйесімен тығыз байланысты екенін білгендіктен немесе қолдың ұсақ моторикасын (мелкая моторика) жетілдіру үшін кесте тікті деп айта алмаймыз. Немесе сабырсызданып жүрмін, өзімді сабырға шақырайын деп тоқыды десек те, қате пікір болар еді. Қолөнермен айналысқан кезде әйелдің зейіні бір жерге шоғырланып, ойы жинақталады. Шеті-шегі жоқ ойлардан бір сәт дамылдайды. Қолөнер бұйымдарын жасау – мен үшін әр сәтімді көңілді өткізудің және шаңырағымда  бақытты болудың жолы, — деді шебер.

Гүлім АҚАП,

Батыс Қазақстан облысы

Қатысты Мақалалар