Еліміздегі агроөнеркәсіп саласын кешенді дамытудың 2021 жылға дейінгі бағдарламасы аясында жылыжайлар көлемін арттыру міндеті тұр. Бұл жоспар негізінен Алматы мен Астана қалаларының іргесінде жүзеге асырылмақ. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі 24.kz-ке сілтеме беріп хабарлайды. Сондықтан 2018 жылы Алматы облысында жылыжай көлемін 20 гектарға ұлғайту көзделген. Ал қазір мереке дастарханына қажет көкөніспен қамтуға отандық өндірушілер қаншалықты дайын? Өткен жылы Алматы маңында азық-түлік белдеуін қалыптастыру бойынша 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Тек Қарасай ауданының өзінде екі нысан іске қосылды. Бірі – жылына 3 мың тонна алма өңдейтін зауыт. Екіншісі – 24 мың тоннаға дейін көкөніс пен жеміс-жидек сақтауға арналған қойма. Алматының өзінде де бұл бағытта оң бастамалар бар. Индустриалды аймақта салынған жылыжай соған дәлел. 17 гектар жерді алып жатқан заманауи жылыжай голландиялық технологиямен салынған.
Жылыжай қазіргі кезде жылына 7 мың тоннаға дейін өнім беріп, қала тұрғындарының көкөніске деген сұранысының 8 пайызын қамтып отыр. Жылыжай кешені жылына 10 ай үзіліссіз өнім береді. Қазір мұнда көкөністің 4 түрі өсірілсе, тек қызанаққа бөлінген жер көлемі 5 гектар. Ал осы жылы кешен көлемі және 12 гектарға ұлғаяды. Сөйтіп қызанақтың 11, қиярдың 2 түрін өсіріп жатқан жылыжай қала нарығындағы үлесін 20 пайызға арттыруды көздейді. Бұдан бөлек Алматы маңында өсірілген көкөністің 50 пайызы еліміздің басқа да өңірлеріне жөнелтілетінін айта кету қажет.
Қазір Алматыда органикалық табиғи таза өнім өсірумен айналысатын 20 кәсіпкер бар. Ауылшаруашылық тауарларын өндіретін 25 компанияға 3,5 млрд теңге көлемінде мемлекет тарапынан көмек көрсетілген. Бұл – агроөнеркәсіп саласын дамытып, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жасалған қолдау. Алдағы екі жылда қалада жылыжай кешенінің көлемін 25 гектарға арттыру жоспарланған. Ол жүзеге асса, отандық өнім көлемі ұлғаяды және жаңа жұмыс орындарының ашылары сөзсіз.
Пікір қалдыру