Жақында «Барыс-Арена» алдында астаналық команданың өтінішімен қой сойылған еді. Бұл туралы ақпарат шетелдік БАҚ-қа тарап, халықтар арасында түсініспеушілік тудырған.
«Барыс» ХК-ның баспасөз-хатшысы Евгений Акманов бұл жағдайды сәттілік үшін жасалғанын түсіндірген. Ол үшін аренаға имам мен әулие әкей де келген.
«Алдымен имам дұға оқып, қой сойылды. Қазақстанда «құрбандық шалу» деген салт бар және оған сыйластық танытқандарыңыз жөн. Ол жерде легионерлер де болды, бәрі көрді. Алайда ешкім есінен танып, құлап қалған жоқ. Оның үстіне олар діни қызметкердің айтқан сөздерін аударып беруді өтінген. Түсіністік танытып, құрметпен қараған. «Барыс» көп ұлтты команда болғандықтан имамды ғана емес, әулие әкейді де шақыруды ұйғардық. Ол дұға оқып, жігіттерге қасиетті су септі. Сондай-ақ Хенрик Карлссон мен Кевин Даллмэннің өтінішімен доп таяқтарға, спорттық киімдерге, киінетін бөлмеге де қасиетті су себілді», - деген еді Акманов.
Алайда мұндай жағдайлар бұрын да қайталанған. Мәселен, 2013 жылы қарағандылық «Шахтер» шотландық «Селтиком» командасымен алғашқы ойыны барысында қара қой сойған.
Ресейлік «Амкар» да ойын алдында қой сойдырды.
Осы уақытқа дейін шетелдіктерді таң қалдырып қана қоймай, бойларына қорқыныш ұялатқан қазақтың салт-дәстүрлері қандай? Көз жүгіртіп өтсек...
«Орел и решка» және қазақтың ұлттық тағамы
2013 жылы ресейлік «Орел и решка» бағдарламасы Қазақстанға келген. Жүргізушілері Андрей мен Анастасия Алматыда болып, қаланың көрікті жерлерін аралады, қазақ асханасымен танысты, жергілікті менталитетті көрді. Алайда бағдарламаны көрген қазақстандықтар наразылықтарын жеткізген.
Оған себеп – бағдарлама жүргізушісі Андрей Бедняков алматылық мейрамханадан ұлттық тағамдардан дәм татып көруді өтінді. Алайда алдына келген асты жақтырмаған түр танытты, жағымсыз иіс шығып тұрғанын айтты. Соңында Қазақстанға келген туристердің аш қалуы мүмкін екенін жеткізді.
Қазақтың ұлттық мәдениетіне құрметсіздік танытқан ресейлік жүргізушінің әрекеті Қзаақстан тұрғындарының наразылығын туғызды.
Мұны ескерген бағдарлама 2017 жылдың жазында «ЭКСПО-2017» уақытында Астанаға келді. Бұл жолғы бағдарлама да қазақстандықтардың көңілінен шықпады. Жаңа жүргізуші Наталья мейрамханада қойдың басы мен ет тағамдарына тапсырыс берді.
«Мына тірі ағзаның басына қарап, менің тәбетім жоғалып кетті. Масқара...», - деді ұлттық тағамды жақтырмаған Наталья Ивлева.
Америкалық БАҚ және қыз алып қашу
2014 жылы америкалық The New York Post басылымы «Борат» стилінде қалыңдықты алып қашу туралы мақала жазды. Онда Қазақстанда некенің 60 пайызы алып қашу әдісі арқылы қиылатыны жазылған. Сондай-ақ қыздың қарсылығына қарамастан жігіттің туыстарының күшпен қалдыруға тырысатын әрекетін сынаған.

Қыз алып қашу туралы Central European News басылымы пікір білдірді. «Ұлттық неке қию рәсімі былай өтеді: қазақ әндері, арнайы той кілемі және қалыңдық пен күйеу жігітке шашылған тәттілер».
Николас Кейдж және шапан
2017 жылдың маусымында «Еуразия» кинофестивалі барысында елге Николас Кейдж келген. Оған құрмет көрсеткен қазақтар салт-дәстүрге сай үстіне шапан жапты.

Бұл жағдай әлемдік деңгейде мазақ астына қалды. Сөз шапанға ғана емес, қазақтың ұлттық сусыны қымызға да келіп тиді. Бар әлемнің желі қолданушылары танымал актердің әр суретіне түрлі фотошоп жасап, күлкіге айналдырды.

Шетелдік желі қолданушылары XXI ғасырдың өзінде осындай дәстүрлердің әлі де сақталғанын айтып күлісті, мақсатын түсінбей дал болды. Тіпті қазақстандықтардың пікірі екі бөлінген еді.