(Айтыскер Арзыгүл Қайыңбекқызымен сұхбат)
2014 жылы «Бір халық, бір ел, бір тағдыр» атты республикалық ақындар айтысында аталы сөзімен Алашты таңдай қақтырып, алтын домбыраның иесі Балғынбек Имашевпен салмақты айтыс жасаған, Қытай елінен келген ақынымыз Арзыгүл Қайыңбекқызы болатын. Қытай елінде де жүлдеден қағылмаған, жырлары жалындаған, маңдайы жарқын, таңдайы алтын ақын қыздарыңызбен сұхбаттасудың сәтін бүгінге жазған екен. Ендеше ақын қыздың сыры мен жырын тыңдап көрейік.
- Қазақ елі өнеріңізге таныс болғанымен өзіңізге бейтаныс. Жалпы Өзіңіз жайлы, ұшқан ұяңыз жайлы азырақ әңгіме бастасаңыз.
- Мен ҚХР-ның Іле аймағындағы, Мұңғылкүре ауданының, Қайыңды деген жеріде 1987 жылы, 26 желтоқсанда дүние есігін аштым. Әкем Қайыңбектің есімі осы туған жердің құрметіне қойылған екен. Қазір қытайлар ол ауылдың есімін де қытай тіліне аударып алған.
- Ақындық жаратқаннан беріліп, атаның күшімен, анының сүтімен дариды деп жатады. Өзіңіздің арғы аталарыңызда ақындық қасиет бар ма еді?
- Менің анам ақын. Әкем де өнер адамы. Өкініштісі, ес білмей тұрып асқар тауымнан айрылып, есеңгіреп қалдым. Балапандай шиқылдаған төрт баласын жетектеп өнер қуу анама тым қиын болды. Анам біз үшін талантын тәркі етіп, тынымсыз тірлікке араласып кетті. Менің ақындығымды алғаш байқаған да анам. Бастауыш сыныптардан бастап қолымнан жетектеп айтысқа алып барған болатын. Ең алғаш сахнаға шығарда: «құлыным, мен айтыскер ақын болып, өнерді соңына жеткізе алмадым. Мен мекеніне апара алмай, жолда қалдырған жүкті сен арқала!»-деп айтқан еді. Әр жолы сахнаға шығарда анамның осы сөзін еске аламын.
- Анаңыз бар ғой қазір?
- Әрине, туған ауылда.
- Атажұртқа алғаш қалай жолыңыз түсті?
- Атажұртқа келу арманым ақылтісім түскен сәттен бастап бар болатын. Тарихи топырағымның дәмі екі жылдың алдында бұйырды. Мен Іле педагогикалық университетінің Күйтүң оқыту районынан «Ақындар сыныбын» бітіріп шықтым. Сол жерде оқып жүргенде халқаралық Сүлеймен Демирель атындағы студенттер айтысынан бізге шақырту келді. Ұстаздарымыз төрт ақыннан үміт күтіп, үкілеп жіберді. Соның бірі мен едім. Қазақтың топырағы, қазақтың ауасы, мен енді ол кездегі сезімді айтып жеткізе алмаймын. Бір ауыз сөзбен ТЕКТІЛІКТІҢ иісі аңқыды. Жүлделі орын алып қайттым.Мен сол жолы ақырындап жиналып, атажұртқа тұрақтайын деген ойға келгенмін. Қазір осындамын, білімімді жалғастырып жатырмын.
- Біз танитын ақындардың көбі Күйтіңдегі ақындар сыныбынан шыққан. Сонда ақындықты үйретуге болама?
- Бұл «ақындар сыныбының» қабырғасы 2004 жылы қаланған болатын. Қазақтың ақындық таланты бар жастарын тәрбиелеп келеді. Қытайдағы айтыс мектебінің басында Құрманбек пен Жамалқан, ол кісілерден кейінгі Әбдіғани Бәзілқан, марқұм Еркін мен Мұрал, Шәкен ағалар тұрады. Жас ақындар сол кісілердің ізін суытпай, ат тұяғын тай басып келе жатыр. Өзінде ақындық қабілеті жоқ болса, мың жерден ақын шықпайды. Ақындар сыныбының мақсаты алтынды сүртіп жарқырату ғана.
- Қытайда айтыскер ақындарға құрмет қалай жасалады?
- Бізде елдің көңілінен шыққан ақындарға халық жиналып, ақсақал батасын беріп, ат мінгізеді.
- Ал бізде ақындар ТЕМІР ТҰЛПАР мінеді. Сіздер жақта ТЕМІР АТ мінгендер бар ма?
- Бар, Жамиға Дәулетқызы. Бірақ, ол да осы Қазақстаннан мініп кеткен. Сол үшін жоқ деуге де болады.
- "Қазақстандық ақындарға құрмет пен атақ, материалдық жағдай жақсы жасалып жатыр. Атақ пен байлықтан таршылық көрмеген ақын халықтың мұң-зарын қалай сезініп айтады" деген пікірлер бар. Сіз осыған қалай баға бересіз?
- Меніңше ол мүлдем теріс пікір. Ақындар кешегі сал-серілердің тұяғы. Қазақ өзі аштан өлседе өнерпазын жаутаңдатпаған халық. Оның үстіне зарланып айтатын халы мүшкіл ел емеспіз. Ақындарға қандай құрмет жасасада жарасады.
- Қытайдағы айтыс ақындарына жағдай жасалған ба?
- Негізінен жасалған. Бізге үкіметтің көмегімен арнайы «Штат» беріледі. Осы жақтың сөзімен айтсақ "ақындық мамандығын" алған болып жұмыс жасайсың.
- Біздің елдің айтыскерлеріне ондай жағдай жасалмаған. Ал сіздерге арнайы жұмыс беруінің себебі айтыс жүлдесінің аздығы болса керек...
- Дұрыс айтасың. Біздің айтысып, бас жүлде алғандағы жүлдені осы жақта жай қатысқаның үшін береді. Бізде қазір ең үлкен жүлде - жиырма мың қытай юаны.
- Сізде «Ақындық Диплом» яғни сіздерше «Штат» бар ма?
- Бар, менде мемлекеттік ең жоғары дәрежелі «Штат» болды. Бірақ мен атажұртқа келу үшін ол мәртебеден бас тарттым. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!» деген. Мен Қазақстанның қарапайым тұрғыны болып, әр күні топырағын сүйіп жүруге ризамын.
- Әр қандас сіздей батыл қадам жасаса ғой. Қазір қандастар жайлы жаңа заң шығып, Отанға көшіріп әкелуге барынша жағдай жасауда. Қытайдағы қазақтардың қазақ елі туралы ойы қалай?
- Қазақстанға бармаймыз деген қазақ жоқ. Бәрі келгісі келіп отыр. Амал не, қысқа жіп күрмеуге келмейді. Оның үстіне құжат жұмыстары да қандастарды титықтатып жібереді. Жаңа заңды естідім. Іске асса өте жақсы болар еді. Атажұртқа келмейміз деген қандастарды естігем жоқ. Бірақ жергілікті азаматтардың өзіме: Қытай алып мемлекет, барлық зат арзан, тұрмысы жақсы, ол жақтан неге келіп алдыңдар, - деп, тіке айтқанын естігенде түршігіп кетем. Ит тойған жерінде жүретінін білесің ғой. Ал менің адам болып қалғым келеді.
- Халық сізді жүрегіне сақтаған айтыстарының бірі ол "Нұр Отан" партиясы ұйымдастырған «Бір халық, бір ел, бір тағдыр» атты айтысы. Бұл айтысқа ақындар іріктеліп алынды. Елімізде «мен» деп жүрген ақындардың өзі сол күні «көрермен» болып отырды. Сіз осы айтысқа қалай қатыстыңыз?
- Бұлда бір кездейсоқ жағдай болды. Маған ұйымдастырушылардың өздері хабарласып айтысқа қатысуды өтінді. Мені студенттер айтысында көрген болса керек. Сонан айтысып кеттім. Өзің айтпақшы біздер ұстаз санайтын ақындар да ол айтысқа қатыспады. Мені бәйгеге қосуын қазақ елінің қандас ақындарға деген қамқорлығы деп білем.

- Сіз шоу жасаушы, "шип-шип" деп талай джип мінген, породия салған әндері хит боп жүрген айтысы шоулы, аты шулы Балғынбекпен айтыстыңыз. Қиын болған жоқ па?
- Қиын болады ғой, біздің жақпен қазақстан ақындарының айтысу бағыты екі бөлек. Біз көнерген сөзбен айтысамыз, осы жақтың ақындары жаңадан кірген термин сөздерді көп қолданады. Біз саясатқа тиіспейміз. Сүбелі сөзбен ғана сайысамыз. Оның үстіне мен сахнада Балғынбек ағаның орысша сөйлегенін түсінбедім. Сонымен мен де қытайша айттым. Менің жағдайымды түсінсін деп. Жалпы айтыс қызықты болды.
- Қытай тілі демекші, өзіңіз қытай тілін меңгергенсіз бе?
- Иә, жақсы меңгергенмін. Деседе біздің уақытта қытай тілін "күштеп" оқытпайтын. Өз ана тілімізді біліп өстік. Қазіргі балаларға қиын. Олар қазақ мектебінде оқысада қытайша тәрбие беріледі.
- Қазақ елінде де қасірет болып тұрған мәселе осы – ТІЛ. Бізде үшінші сыныпқа барған балаға үш тіл үйретеміз деп, аққу, шортан, шаян секілді баланың есін үш жаққа тартып жүрміз. Ана тілін білмеген бала «ана» дегеннің не екенін білмейді. Ал «ана» дегеннің не екенін білмеген бала «Отан» деген ұғымды білмейді. Қытайдағы жағдайды бағамдай келе, сіздерден кейін қатайша оқыған жас ұрпақтан айтыскер ақындар шығады деп ойлайсыз ба?
- Бізден кейін шығады, бірақ одан кейінге бірдеңе деп айта алмаймын. Не дегенмен де қазақ бар жерде айтыс бар. Қазақ барда айтыс өлмейді.
- Қазақ еліндегі айтыскерлерден кімдерді бағалайсыз?
- Бәрі де мықты. Балғынбек ағамыз, аққу ақын Айнұр апамыз, саңқылдаған Сара. Ақиқат Айбек, жалынды Жандарбек, маңғаз Мұхтар, Жақсылық Орынбасар...
- Жақында болған «Жұлдызды айтысқа» біреулер күле қараса, біреулер тұнжырай қарады. Сіз қалай қарадыңыз?
- Мен күліп қарадым. Бұл айтысқа қарсы пікірде болғандарға айтарым, бұл –ШОУ. Осыны айтыспен шатастырып алмау керек. Лақпа айтыс солай болу керек. Егер кәдімгі ақындардардай есті айтысса ол-АЙТЫС болушы еді. Бекболат ағаның өзі де айтты ғой. Дұрыс көзқараспен қараған жөн. Айтыс заман ағымына ілесуі үшін ШОУ міндетті түрде керек.
- ШОУ болса болсын, Шу болып кетпесе болды, әйтеуір! Әңгімемізде бірәз жерге барыпты. Енді айтыскерден сұхбат алып отырып айтыста айтқан бір шумақ қызықты өлеңін тыңдамасақ ұят болар.
- Іле аймағының Текес ауданы, Қаражон сахарасында, жайлауда болған айтыста ақтық сында Ерсін деген бойдақ жігітпен айтыстым. Менің басым бос, ол бойдақ. Сахнаға «екі жарты, бір бүтін» болып шыға қалдық. Ерсін маған қалжыңдап «сені алып қалайын ауылға» деді. Менің сонда былай айтқаным бар еді.
Ерсіннің көптен мәлім аты бізге,
Бірақ біз көне алмаймыз дәтіңізге…..
Мына менен Ерсінжан үміт үзіп,
Қаратаудың қойнынан асыл ізде.
Өзіңнің тірлігіңе сай келетін,
Жүрегі адал қарапайым ғашық ізде.
Анаңды қуандырып үйіңдегі,
Үйленуді ниет қыл осы күзде.
Сырнайыңа көнетін тіліңді алып,
Ыңғайыңа келетін қатын ізде.
- Ой, бәрекелді , табан астында тауып айту оңай емес қой. Басыңыз бос па?
-Әзірше бос.
- Ақ тілек сұрай отырып сұхбатымызды қортындыласақ.
- Менің жалғыз тілегім бар. Дүниежүзіне тарыдай шашылған қазақтар көк тудың астына жиналса екен. өмірде де ең үлкен арманым осы.
…. Аспаннан алтын жауған кісі елінен,
Бабаңның артық дейді өскен елі.
Алты құрлыққа от жаққан арда қазақ,
Қазақстан - Медина меккем еді.
Сайыңның тасы болып қалсам болды,
Мен сенен дәметпеймін ештеңені!
- Сұхбатыңызға рахмет!
https://www.youtube.com/watch?v=pW9aJO8wnPgәңгімелескен Бірлесбек Саягүл

