«Қазақ мемлекетіне – 550 жыл» проза бәйгесіне!
Соңғы бірер айдан бері Жарылқасын мұң құрсауынан босай алмады. Былайша бәрі дұрыс сияқты, бірақ ішінен бірдеңе аяусыз тырнай берді. Күн өткен сайын жүрегіне шер толды. «Сырты – бүтін, іші – түтін» деген осы шығар.
...Бұл азапқа шыдай алмаған Жарылқасын бір күні бар жұмысты тастады да, ештеңеге қарамай тіке темір жол вокзалына қарай тартты. Туған өлкесіне деген бұл жолғы сағыныш өзгеше һәм ауыр еді. Ол еңсені езген ауыртпалықты жеңілдетпек ниетпен қас қарайғанда Екатеринбург-Алматы бағытындағы пойызға отырды...
Жарылқасын оншақты жылдан бері Ресейде тұрады. Мектеп бітірген жылы өз білімімен Мәскеудегі мүйізі қарағайдай оқу орнына түскен. Студент кезінен-ақ айналасындағыларды ерек дарынымен тәнті ете білген қазақ баласы университетті аяқтағанда, олар Жарылқасынға жата-жастана кеп жабысты. «Бізде қалсаңшы. Қалсаң, талайдан бері ойыңда жүрген жобаларыңды іске асырасың. Мемлекет көмек көрсетуге әзір».
...Ет пісірім уақытта пойыз қызылды-жасылды сәулелері жарқыраған алып қаладан кең жазира далаға шықты. Қалай шықты, жаны солай жадырап сала берді. Енді түсінді, шаң топырағына аунаған даланы сағынған екен...
...Уақыт өте баяу сырғитындай. Тіпті, Қазақстанға жақындағын сайын уақыт еш өтпей қойды. Неткен құдірет. Сағатына қайта-қайта қарайлайды. Уақыт өтпейді, жол қысқармайды. Осылай күн де ұясына батты.
...Бір уақта «Қазақстан Республикасы» деген тақтайшаға көзі түскенде, Жарылқасын жүрегі жарылардай қуанды. Артында Ресей қалды, сағым сынды бұлдырай. Енді, мінекей, алда – Қазақстан. Туып-өскен жер қанша дегенмен де ыстық қой, қалай жасырсаң да. «Отан – оттан да ыстық» деген шынында да рас екен. Шүбә келтірмеске керек… Шекарадағы аз-маз тексерістен соң, пойыз Қазақстан жерімен жүйіткіп ала жөнелді. Ұйқысы шайдай ашылған Жарылқасын енді терезеден сыртқа үңілді. Пойыз дәл қазір көкорай құшағындағы далада келеді. Бұл – Солтүстік Қазақстан облысы. Алаш жұрты үшін жанын қиюға барған Мағжандай арыс тұлғаны өмірге әкелген өлке. Даласы орманды, шөбі шүйгін...
...Жер-дүниені қою қара реңге малынған шақта пойыз облыс орталығы - Петропавловск қаласына жетті. Бір әттеген-айы, қала әлі күнге дейін – Петропавловск деп аталады екен. Пойыз терезесінен тап-таза қалаға сүйсінген Жарылқасын «Қызылжар деп өзгерсе нұр үстіне нұр болар еді» деп ішінен күбір етті.
Пойыз Атбасар, Сілеті жазықтары, Қорғалжың ойысы алып жатқан - Ақмола облысына жетті. Орталығы – Көкшетау қаласы... Көкшетау... Жер жаннаты! Ақан сері секілді небір марқасқалар дүние есігін ашқан өңір бүкіл әлемді өз сұлулығымен тәнті етті. Ішіне талай сырды бүккен Көкше, Жалғызтау, Сандықтау, Бұқпа, Зеренді, Айыртау, Сырымбет таулары мен Шортанды, Бурабай, Айнакөл, Мамай, Қоскөл, Сілетітеңіз, Теке, Қараой секілді ондаған көлдері бар өлкені қалай бай демеуге болады? Әсіресе, Бурабай көлінің ортасындағы Жұмбақтас талайларды сүйсіндірді емес пе? Ақындар жырлаудан шаршамаған Оқжетпес шыңы ше? Кезінде үш жүзді билеген біртуар қазақ ханы – Абылай да осы Көкшеде хан ордасын тікпеп пе еді? Хан Абылай – Қазақ елінің маңдайына біткен тау тұлға болды. Ол сол тұста жан-жақтан анталаған жаумен жалғыз арпалысты десе де болады. Сондай қиын-қыстау кезеңде оған Бұқар жырау ақылшы болды. «Келісіп пішкен тон келте болмас», Абылай абыз қарияны тыңдап жаман болмады. Дүние күйіп кетсе де, қазақ деген әрқашанда қариясын сыйлаған текті ұлт емес пе? Бұқар жырау:
Әй, Абылай сен он бір жасыңда
Тұрымтайдай ұл едің.
Он бес жасқа келгенде,
Арқада Әбілмәмбет төренің
Түйесін баққан құл едің.
...Отыз беске келгенде,
Қара судың бетінде
Шайқалып аққан сең едің.
...Елу жасқа келгенде,
Үш жүздің баласының
Атының басын бір кезңге тіредің, - деп жырлап, ханға шын жүректен разы екендігін жеткізді. Абылай өмірінің соңын осы Көкшеде өткізді. Бәрі-бәрі керемет. Қыз жасауындай құлпырған бұл өлкеге барған да арманда, бармаған да арманда. Жарылқасын Көкшетаудан өткенде бір марқайып қалды. «Шіркін, Қазақ жері неткен сұлу еді!»
Пойыз күн кешкірген мезгілде шамдары жарқыраған аппақ вокзалға келіп тоқтады. Жарылқасын іштей тебіренді. Бұл – Астана қаласы еді. Ғасырлар тоғысында, 1998 жылы Алатау етегінен Арқа төріне көшірілген бұл қала бүгінде сәні мен салтанаты келіскен бас қалаға айналды. Қазақ аңызында Самұрық құс ұшар басына адам көзі жетпейтін бәйтерекке ұя салады екен. Сол аңыздағы бәйтерек - бүгінде Астана символы. Айналдырған 15 жылда ит байласа тұрмайтын құла түзден осындай заманауи қала тұрғызылды дегенге Жарылқасын түк те сенбейді. Қанша сенгісі келсе де, ішінен «мүмкін емес, мүмкін емес» деп қайталай берді.
Кеңес Одағы тұсында осы елорда бой көтерген өңір Ресей құрамына кіріп кете жаздап еді. Сол тұста қазіргі Орал, Павлодар, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында тың игерілді. Ұран етіп алынған мақсат – егін егу. «Халық астыққа қарқ болады» деген жалаң ұранмен талай жер шынында да жыртылып кетті. Нәтижесінде, топырақ желге ұшты. Қара жер бар құнарынан айрылды. Қасиетті Жер-Ана жылап қала берді. Ал, шындығында «тың игерудегі» басты мақсат – егін егу емес, Қазақстанды бөлшектеп тастау. Сол өңірдегі қазақтарды ділінен, тілінен айырмақ болды. Осыны терең түйсінген сол кездегі Қазақ елінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы шама-шарқы жеткенше елін қызғыш құстай қорғаумен әлек болды. Ол ұлт мүддесі үшін болған саяси арпалыста бір жағынан ұтып, бір жағынан ұтылып та жатты. Жеңіс пен жеңілісті қатар көрді. Бірақ, халқының алдында әрқашан жүзі жарық болып қала берді. «Сүйер ұлың болса сүй оны, сүйсінерге жарар ол» деген рас сөз емес пе?
...Пойыз ұсақ шоқылы ұлан-ғайыр даламен келеді. Бұл – Орталық Қазақстан. Солтүстігінде Ерейментау, оңтүстігінде Бетпақдала жатқан Қарағанды облысы. Бұл жон арқалы, үстіртті далада ежелгі Қазақ жеріне билік жүргізбек болған парсы патшаларына өлермендікпен қарсылық танытқан сақтар өмір сүрді. Жер-дүниені құмырсқадай қалың қолымен жаулап алып, жолындығыны пілше таптап келе жатқан, түкірігі жерге түспейтін Кирді сайын далада Тұмар патшайым бастаған сақтар ажал құштырды. Басын қан толы торсыққа бөктірді. Сақтардан масқара болып жеңілгендеріне намыстанған парсылар сақ даласына қайта жорыққа шықты. Бұл жолы жорықты Дарий патша бастады. Ол Орта Азияны егінге түскен шегірткедей жайпап тастамақ болды. Әрине, ол үшін сақтарды жеңу керек. Бірақ, жеңе алмады. Шырақ есімді сақ шопаны асқан айлакерлікпен Дарий қолын сусыз далада шөлден қаталатып селдіретті. Тоз-тозын шығарды. Сонда Дарий «енді көрмегенім сақтар болсын» деп ежелгі қазақ даласынан безіп кетті.
...Өз заманында жарты әлемді уысында ұстаған Шыңғыс қаған ұлы Жошыға осы Сарыарқа төрінен ұлыс беріпті. Сарыарқа - «Ақсақ құлан-Жошы хан» атты күйді дүниеге әкелген Кетбұқадай жыраулар өмір сүрген, тарихы тым-тым тереңде жатқан өлке. Баяғыда Жошы хан жанына нөкерлерін жиып алып, арқа беліне аңға шығыпты. Ол қарсы кездескен киік, құландарды қынадай қыра берген екен. Сонда төлінен айрылған бір құлан ғаламат күшпен Жошыға атылыпты. Тегі, киелі аң болса керек. Құланнан сескенген ат оқырана тұяғын көкке көтергенде, үстіндегі Жошы жерге омақаса құлады. Белі сынды ма, әлде қарақұсы үзіліп түсті ме, әйтеуір ол сол жерде тіл тартпай кетіпті. Озбыр ханды жер киесі һәм аң киесі жібермеді. Шыңғыс қаған баласының өлгенін сезеді. Бірақ, әке жүрегі бұған еш сенбейді. «Жоқ, ұлым тірі. Өлуі мүмкін емес» деп алас ұрып, «егер кімде-кім менің ұлымды өлді десе, көмейіне қорғасын құям» деп жарлық шығарады. Жошы жайын қағанға айтуға ешкім бата алмайды. Бірақ, жасыруға тағы болмайды. Бәрібір де ұлының өлгенін естірту керек. Не істемек керек? Сонда амалдары құрыған бейбақтарға Жаратушы ғайыптан Кетбұқаны кезіктіреді.
...Тақта Шыңғыс қаған отыр. Жүзі өрт сөндіргендей қарайып кеткен. Көздері өте зәрлі. Мына түрінен адам түгілі сайтан да сескенетіндей. Нөкерлері жер шұқылап тұр. Бірақ, Кетбұқа қаған алдында бүгежектемеді. Еш саспай, қаған алдына келіп отырды. Сөйтіп, қолына домбырасын алып, зарлы күйді күмбірлете жөнелді. Күйдің күмбірлеуі мұң екен, қаған жүрегі бұлқынып сала берді. Тіпті, бір кезде көзіне ыстық жас келді. Күй құдіреті соншалық, көз алдына баласы елестеді. Ол сайын далада нөкерлерімен шауып жүр екен. Бір кезде ол аттан ауып, өліп бара жатты.
- Тоқтат, - деп Шыңғыс қаған күйшіге ақырып жіберді. Жанындағы «шаш ал десе, бас алатын» шабармандарына: – Мынаның көмейіне қорғасын құйыңдар, - деді іле-шала.
Хан нөкерлері жалаңдап келіп, Кетбұқаны ошаққа қарай сүйрелей жөнелді. Сонда күйші:
- Уа, хан ие, датым бар, - деді.
- Датың болса айт.
- Хан ие, өзіңіз айтпап па едіңіз, «өлімді кім естіртеді, соның көмейіне қорғасын құямын» деп. Енді мұныңыз не? Менің не жазығым бар? Ләм-мим деп тіл қатсам мейлі екен.
Шыңғыс хан абдырап қалды. Айтып тұрған уәжі рас. Айтқан сөзінде тұрмаса, онда несіне ұлы хан болып жүр? «Уәде – Құдай сөзі». Уәде бұзар жайы жоқ.
- Ендеше, қолыңдағы зарлауыққа қорғасын құйылсын!
Хан нөкерлері Кетбұқадан қолындағы аспапты тартып алып, көмейіне ыстық қорғасын құяды. Бұл аспап – домбыра еді. Хан жүрегін бұлқындырған қасиетті домбыра қазақ халқы үшін әлі күнге дейін қадірлі аспап. Жарылқасын бала кезінде атасы домбыра тартқанда ұйып отырып тыңдаушы еді. Сонысы Арқа белінде келе жатқанда есіне түсіп кеткені. Атасын сағынғанын түсінді. Атасы немересі Жарылқасынға айтушы еді, «ұлттық құндылықтарыңды қастерле. Оны ешқандай дүниеге сатпа. Қазақ деген атыңды сақтап қал. Дүрмекке ілесіп кетпе». Қазір ойлап қараса, атасы көреген болыпты ғой. «Ұлттық құндылығыңды сақта дегені – тәуелсіздігіңді сақта» дегені екен.
Бұл далада іргедегі алпауыт империяны басып алып, астанасы Мәскеуді өртеп, оларға алым-салық төлеуге мәжбүр еткен Алтын Ордадай ондаған хандықтар өмір сүрді. Олар азаттық туынан айрылмас үшін жан-жағындағы анталаған жаулармен талай арпалысты. Талай батыр азаттық жолында шейіт болды. Содан бері бұл өлке жел тұрса, сай-сүйегіңді сырқыратардай күңіренеді деседі. Орталық Қазақстан – егемендік жаршысы, ата-бабалар сүйегі жатқан киелі мекен. Жерұйық іздеген Асан қайға да осындағы Ұлытау басында жерленген деседі. Қазір бұл облыс – көмір кенімен танылған Қарағанды, пайдалары қазбаларымен ел экономикасына аянбай үлес қосқан Жезқазған, ел президенті еңбек жолын алғаш бастаған Теміртау қалаларымен республика жұртына аса танымал... Пойыз Қарағанды қаласына жетті. Бұл қала кезінде бүкіл Одақты асырады десе де болады. Баяғыда Аппақ Байжан деген адам Қарағандыдан көміртас тауыпты. Содан бері осы Қарағандыдан көмір үзбей өндіріліп келеді. Бүгінгі күнге дейін Қарағанды қаласы Кеңес Одағы тұсындағы абыройынан айрылған емес. Қарағанды мемлекеттік университеті, Медицина университеті, Ішкі Істер министрлігінің заң институтына оқуға түсуді қалайтын талапкерлер жылдан-жылға көбеймесе, азаяр түрі жоқ.
- Аға, шай ішіңіз!
Жарылқасын селк ете қалды. Әбден ой құшағына сүңгіп кетіпті. Қараса, қарсы орындықта бір келіншек бұған жымия қарап отыр. Бауырында егіз қозыдай қос ұлы жатыр.
- Ойға беріліп кеткен секілдісіз ғой. Бізді байқайтын түріңіз жоқ.
- Айып етпе, қарындасым, - деп Жарылқасын марқая күлді. – Сендер Қарағандыдан міндіңдер ме?
- Иә, ағасы. Қарағандыдан міндік. Алматыға бара жатқан жайымыз бар. Мына балаларым нағашы ата-әжесін сағыныпты. Соларға апара жатырмын. Туыстарын көрсін, білсін, оларға үйрене берсін дегенім ғой. Кейін жатбауыр болап кетпесе болғаны. Күйеуім әскери кісі. Шекарада қызмет істейді. Уақыты тығыз. Әйтпесе, қазір бізбен бірге жүрер ме еді.
- Жөн болған екен, - деп Жарылқасын келіншекке дән риза болды. «Бауырмалдықты, мейірімді ойлаған осындай қазақ әйелдерінен айналдым. Әйтпесе, соңғы кезде Батыс мәдениетіне еліктеушілер көбейіп кеткені. Өзінен басқа ешкімді ойламайтын тасбауыр, қатігез балалар саны қоғамда неге артып барады? Бұл үрдіске кім кінәлі? Қашанғы мектепті кінәлай беруге болады? «Тәрбие – тал бесіктен басталады» емес пе? Бәріне ата-ана жауапты. Егер олар балаларын жастайынан мейірімді болуға баулыса, өздері де мейірімді болса, бала отбасыдағы тәрбиесінен алыстап кетпейді. Сөз бар емес пе, «өзің қандай болсаң, балаң да сондай болады. Сол себепті ең бірінші балаңды емес, өзіңді тәрбиеле». Иә, дөп тауып айтылған сөз. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі».
Әлгінде биязы келіншекті көргенде, есіне өзінің үйленген кезі түсті... Зейне жас кезінде сұлу болған соң ба, жігіттер артынан қалмапты. Бірақ, тәкәппар Зейне ешқайсысынан қарамаған. Талай жүректерді қан жылатқан Зейне мектеп бітірген соң, облыс орталығындағы институтқа «мейірбике ісі» факультетіне оқуға түседі. Мұнда да Зейне сөз салған көп жігіттерге иімеді, жауап қайтармады. Жаздыгүні Мәскеуден туған жеріне демалысқа келген Жарылқасын Зейнені бір көргеннен-ақ ұнатты. Көп ұзамай қызға:
- Жүрсек қайтеді? - деп те ұсыныс айтады.
Бірақ, Зейне көнбейді. Жігіт те қайтпайды. Арада біраз уақыт өткенде тәкәппар Зейне Жарылқасынға қалай ғашық болып қалғанын білмей де қалады. Сөйтіп, араларында махаббат шоғы алау отқа айналған. Зейне 1 курсты аяқтағанда, Жарылқасын Зейнеге тағы бір ұсыныс жасайды:
- Үйленсек қайтеді?
Әрине, ол кезде Зейне албырт жас қыз. Көп ойланбай, бірден келісім берген. Осылайша сол жазда екеуі үйленеді. Құдалар той жасардан бұрын табиғат аясына шығады... Маусым. Күн қатты ыси қоймаған. Құда-құдағилар өзен жағасында отырды. Сол күні мөп-мөлдір, томаға-тұйық өзен сылдырай аққан-ды. Өзенге жақын маңдағы егістіктен жоңышқа иісі келгендіктен шығар, мәз-мейрам отырған құдалар түшкіруден шаршамады. Әр түшкірген сайын:
- О, құда, даусыңнан сол, сау бол! – деп кеңк-кеңк күлісті.
Сол күні олар қурай терді, от жақты, шай қайнатты, дастарқан жайды. Жеңіл-желпі тамақтанған соң, олар осы өзен маңындағы шие-алмасы, тал-терегі аралас өскен тоғайды аралады, әлі пісе қоймаған көк өріктен дәм татты, шалғын шөпке аунады, май топырақты үгітті, суы тізеден келетін өзенді кешті, ерінбей биік қырға шықты. Уа, шіркін, қарт Қаратау мен Алатау қауышқан Түркібасы расында жер жәннаты ғой. Мына шетінен келесі шетіне қарасаң көз жетпейтіндей ұлан-ғайыр дала. Осы даладағы жап-жасыл тал-теректерге көмкерілген ауылдар-ай. Әне, анау жатқан – Ақсу-Жабағылы емес пе? Табиғаты бай, тобылғы, ұшқатқа көмілген, сілеусін, аю, барыстары жыртылып-айрылған бұл қорық Түркібасты бүкіл республика жұртына танымал еткен. Ә-ә, мынау ше? Меңқызыл құмда гаухар тастай жалт-жұлт етіп жалтырап жатқан? Е-е, бұл Арыс өзені ғой. Қашан көрсең жағасынан күлкі-сыңғыр бір сәт саябырлаған емес. Талай шайырлар осы Арысты суы мөлдір, ауасы саф, толқыны мамыр деп тамсана жырламап па еді? Әне, анау жатқан ирек-ирек тауды – ұйқыдағы батыр дейді. Алыстан қараса, басы, көзі, мұрны, аузы, мойны, жауырыны көрінеді. Бұл да болса Жаратушы ие құдіреті болса керек-ті.
Алқара аспанды жұлдыздар қаптай бастаған шақта құдалар көліктеріне отырды. Жол бойы:
- Жаз еді күлкің де,
Қайдасың бұл күнде?
Сені іздеп арманым,
Сыр бойын шарладым, - деп Шәмші әндерін айтты, дуылдасты, қауқылдасты, күлісті. Машина асфальт жолға шыққанда құдалар өзен-көлді, тау-тасты, тал-теректерді, топырақ жолды қимай-қимай, арттарына қайта-қайта қарайлай берген еді. Сол күні олар бойларына талай жылдан бері қақ секілді жиналған қоқыр-соқыр, шер-шемен, қатпар-қатпар кіреукелерден арылған-ды.
Ол кезде қылышынан қан тамған Одақ құлағалы тұрған кез. Той деген мейрамханаларда емес, үйде өтеді. Осы үйлену тойына ауыл тұрғындары 1 ай бұрын дайындала бастады. Ауыл жастары ең алдымен той өтетін ауланы дөңке-мөңкелерден тазалады. Келіндер бір жантық қалдырмай сыпырды. Ұзын-ұзын үстелдер, қазан-ошақ, самауырлар тасылды. Тойға бірер күн қалғанда даяшылар тартылды. Даяшылар – осы ауылдағы келін-кепшік, бозбалалар. Олар келген соң ат сойылды, дастарқан жайылды. Сөк-мөк, тары-талқан, бауырсақ дей ме, бәрі бар.
Той басталды. Ең төрдегі үстел басында Жарылқасын мен Зейне отыр. Арттарындағы ілулі тұрған кілемге «Жарылқасын – Зейне бақытты болыңдар» деп ақ мақтамен жазылған.
- Қадірменді ағайын-туыс, дос-жаран, бауырлар, міне бүгін қос жас – Жарылқасын мен Зейне үйленгелі жатыр екен. Махаббат деген қос жасты бір етпей ме, қос жақты мыңжылдық құда етпей пе, бәрінен де екі ауылды бір-біріне бауыр етпей ме? - деп асаба әңгімені арыдан бастады. – Енді, ортаға қадірменді құдалар шықсын! Қанекей, ду қол шапалақ!
Ортаға құдалар мама қаздай теңселе шықты.
- Айналайын, Жарылқасын, Зейне, жандарым! – деп сөзді қыз алған жақ бастады. - Міне, бүгін сен үйлендіңдер... Не деймін енді, бақытты болыңдар. Сендер бізге қарамаңдар, ең бастысы, екеуің әй-шәй деспей, араларыңдағы сыйластықты өшірмеңдер. Сыйластық болған жерде бәрі де болады. Мен сөзді Сәке құдама берсем.
- Сөз бергеніңе рақмет, Ереке, - деп Сәке құдасы микрофонды қолына алды. - Мен көп сөйлемей, қысқа-нұсқа айтар болсам, - деп жарты сағат сөйледі.
* * *
Бір тәуліктен астам уақыт ұйқы көрмеген Жарылқасын ыстық күрең шайды терлеп-тепшіп отырып ішіп алған соң, көзі ілініп кеткен еді...
Салдыр-гүлдір еткен дауыстан оянып кетті. Пойыз іші күп-күңгірт екен. «Бұл не дауыс?» деп Жарылқасын терезеден сыртқа қарап еді, көзіне жартастан диюдай төнген қап-қара көл көрінді. Балқаш! Ол Балқашты өз көзімен көргеніне баладай қуанды. Іле, Қаратал, Лепсі, Ақсу, Аягөз өзендері құятын Балқаш - Қазақстандағы ірі көлге жатады. Кейбіреулер теңіз деп те жатады. Балқаш – Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстарының шегінде жатыр. Бұл көл өзі жайлы аңыздан кенде емес. Ертеде мыңғырған мал айдаған бір байдың Балқия дейтін айдай сұлу қызы сүйгенімен бірге бола алмаған соң, өзін Балқаш шалқарына жартастан лақтырып жіберген көрінеді. Сонда саумал жел, көл жағасындағы сыңсыған ну, байтақ дала қасірет күйін тартыпты. Көл бойын жағалай қонған жұрт бұл айдынды – «Балқаш» деп атайтын болыпты. Бүгінгі таңда табиғи ресурстарға бай Балқаш көлінің маңы – «Балқаш» кен-металлургия комбинаты, «Қапшағай» су электр станциясы, Қоңырат мыс кені секілді түрлі өндіріс орындарына толы. Бәрі ел игілігі үшін күндіз-түні тынбай өз жұмыстарын абыроймен атқарып жатыр.
Пойыз Жамбыл облысына өтті. Бала кезінде Жарылқасын Жамбылда тұратын ата-әжесінің үйіне талай барған еді. Жарылқасын терезеден көз алмады. Құдды ата-әжесі жасындай жарқ етіп көріне кететіндей. Ол осылай баяғыда марқұм болған ата-әжесіне деген сағынышты басқысы келді. Бетпақдаладан Тәңірітауға дейін, Шудан Қаратауға дейінгі аумақты алып жатқан облыста талай қоғам қайраткерлері дүниеге келді. Кезінде Қазақ халқының бас биі болған - Төле би, поэзия дүлділі, жырау – Жамбыл, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгер-қолбасшысы - Бауыржан Момышұлы, Қазақстанның Халық жазушысы - Шерхан Мұртаза секілді тұлғаларды дүниеге әкелген топырағы киелі бұл облыстан қалай айналмайсың?! Қазақ елі жоңғарларды егемендік үшін болған маңызды шайқаста осы Жамбыл облысы, Шу маңында ойсырата жеңіпті. Бұл шайқас тарихта – «Аңырақай» деген атпен мәңгі қалды.
...Аспанды қара бұлт торлап кетті. Төңірек енді не жарық, не қараңғы емес, алагеуім көлеңке бір.
Қазақ даласында ұрыс жүріп жатқанына көп болды. Екі жақ та алапат шығынға ұшырады. Ұйқы көрмей қан кешкен сарбаздар әбден болдырды. Қонтайшы Суан Рабдан бастаған құба қалмақтарға қарсы соғысуға еш құлшыныстары қалмапты. Қалмақтар да осал емес екен. Алғашқы ұрыста-ақ қазақ жеріне жеңіс үшін келгендерін, өліспей-беріспейтіндіктерін аңғартып қойды.
Әбілқайыр өзін тау астында қалғандай ауыр сезінді. Кешелі бері көңіл түкпіріне үрей ұялап алды. Бұрын мұндай күйді мүлдем бастан кешіп көрмеп еді. «Бұл не? Еңсемді көтертпей қойған бұл не сезім? Қорқыныш па? Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Соңымнан ерген жауынгерлеріме қай бетіммен қараймын? Қолбасшылары өлімтік күй кешіп тұрғанда, бұлар қалай соғыспақ? Жоқ, дәл мұндай жауапты шақта бұлай әлсіздік танытқаным жарамас». Сөйтіп, басындағы қара-қошқыл ойларды сілкіп кеп жіберді де:
- Бауырларым, - деп Әбілқайыр артында қарақұрым боп тұрған жауынгерлеріне бұрылды. – Біз неше ғасырдан бері өздігімізден ешкімге тиіспей жай жатқан ел едік. Айналамыздағы көршілермен әрқашан тату-тәтті тұруды қаладық, кеудемізді аштық, жүрегімізді бердік. Бірақ, көрші қалмақтар бізді түсінбеді. Түсінгісі келмеді. Өкінішті. Көздерін шел қаптап әбден құтырды. Керей ханнан бері ешкімге бермей келе жатқан егемендігімізді күшпен тартып алмақшы. Ата-бабаларымыз аманат етіп кеткен жерлерді иемденіп кетпекші. Бірақ, ол үшін мына бізді, ешкімге басын иіп көрмеген құдіретті қазақтарды жеңіп көрсін, - дегенде рухтары асқақтаған жауынгерлер екілене жер тепті.
- Әнекей, ана қырда қалмақтар жатыр. Байқасаңдар, кешегі арындары қайтып қалған. Бірақ, әлі де болса саны бізден екі есе көп. Бірақ, біз үшін сол да сөз болып па? Екі күн бұрынғы ұрыста олар бізден төрт есе көп еді. Білесіңдер, бүгін шешуші айқас. Бүгін қол шайқасы емес, рух шайқасы. Қай жақ рухтан сынбаса, жеңіс сол жақта. Біз, қазақ – аждаһа болсақ, қалмақтар аждаһамен ойнағысы келген торғай. Қалмақтарға қазақтармен ойнағанның қандай болатынын көрсетейік. Алға, қанекей, - дегенде, қандары қызынған қазақ жауынгерлері қарсы қырда үймелеп тұрған жауға бар дауыстарымен «әрауқ, әруақ» деп айқай салып атылды. Мынандай рухты айқайдан аспан айналып жерге түсетіндей.
Қалмақтар да өздеріне қарай шауып келе жатқан қазақтарға қарсы шапты. Олар да жеңілгісі келмейді. Олар да ет пен сүйектен жаралған адам. Оларда да жүрек бар. Бірақ, мүдделері екі басқа. Қазақтар өз тәуелсіздігін сақтап қалу үшін шайқасса, қалмақтар өзгенің тәуелсіздігін тартып алу үшін қолдарына қылыш алды.
Бір-бірлерімен бетпе-бет келіп шарт-шұрт етісіп қалған қос тарап қиян-кескі ұрысты бастап жіберді... Кім-кімді қылыштап жатқаны белгісіз. Екі жақ бір-бірлерін аяусыз өлтіріп барады. Аяқ астында өкіріп құлаған сарбаздарда жоқ. Әлгіндегі көкпеңбек жер қою қара қанмен былғанып кеткен. Айнала өлік сасыды. Мына шулы қырғыннан дүние күңіреніп кетті. Аспанда қарғалар қарқ-қарқ етіп ұрыс даласын айнала ұшып жүр. Ағаш бұталарында ұрысты бақылап кәрі қырандар отыр...
Сол шайқаста бетеге, жусан, селеу өскен қоңыр дала қою қара қанға боялды. Себебі, қалмақтар тас-талқан болып жеңілді. Бұл – Аңырақай шайқасы еді. Жарылқасын осындай кең-байтақ даланы жауға бермей, олармен қасық қаны қалғанша айқасқан батыр бабаларының рухына дұға бағыштады. «Жандарын жаннатта қыла көр» деп Құдайға жалбарынды...
...Жарылқасын мәз болып келеді. Себебі, екі тәулік болды, пойыз әлі жетер жеріне жете алмай келеді. Шынында да, қазақ жері шетсіз һәм шексіз ғой. Сонау көз ұшында Алатау мұнартады. Бұл – Алматы облысы. Бұрынғы – Жетісу. Батысында Жамбыл, солтүстігінде Балқаш көлі арқылы Қарағанды, солтүстік-шығысында Шығыс Қазақстан облысымен, шығысында Қытай Халық Республикасымен, оңтүстігінде Қырғыз Республикасымен шектескен. XV ғасырда, яғни 1465 жылы Әбілқайыр ханнан еншілерін алған Керей мен Жәнібек осы Жетісу өңіріндегі Шу маңына Қазақ хандығының туын тіккен екен. Қазақстандағы ең биік шың – Хан тәңірі де осы Алматы облысындағы Шығыс Тянь-Шаньға тиеслі. Өткен ғасырда Іле Алатауында Алматы қорығы құрылды. Төменгі тау белдеуіне долана, қарақат, алма секілді жеміс ағаштары мен қалың шырша өссе, келесі белдеу жартас, одан ары мәңгі ерімес қалың қар басқан құздар жатыр. Бұл облыста кезінде Түркістан Атқару комитетін басқарған Тұрар Рысқұлұлы дүниеге келді. Тұрар Қазақстан үшін не істеді деп емес, не істемеді деп айтса да жарасатындай. Шынында, Қазақстанды көркейткен, қазіргі деңгейге көтерілуіне аз да болса себеп болған іргені қалап кеткен – қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлұлы деп қысылмай айтсақ та болады. Жаһанданудан қалып кету қаупі төнген Орта Азияны көтермелеу ниетімен орасан ауқымды Түркістан-Сібір темір жолының салынуына Мұқамеджан Тынышбай екеуі көп күш салды. Содан болар, бұл темір жол магистралы әлі күнге дейін кәдеге жарап тұр. Осы темір жол арқылы мың, миллиондаған адам ары-бері сапар шекті. Әрине, айтқанға оңай. Әйтпесе, 1936 жылға дейін Одақтық мәртебесі болмаған Қазақстанды ұшпаққа шығару деген мүмкін еместей еді. Бірақ, Тұрар алған бетінен қайтпады. Ұлт қамы жолында: «Сіз қателесесіз, жолдас Сталин» деуге дейін барды. Нәтижесінде, халық жауы атанды. Айуандықпен азапталды. Атылды. Сондағы халық жаулары – Тұрар секілді қазақ қаймақтары еді. Қаймағы алынған сүт – көк сүт. Оны ішкенмен, денеге нәр бармайды. Бастаушы серкелерінен айрылған қойлар бастары бірікпей, жан-жаққа бытырап кетеді. Осыны түсінген бас хатшы Сталин бүкіл Алаш зиялыларын жаппай түрмеге тоғытты. Араларында еуропашыл Мағжан да бар.
...Темір есік ауыр ыңырси ашылды. Есік артынан бөлмеге кірген еңгезердей күзетші:
- Тұр орныңнан, тергеуге жүр! - деді жерде жатқан тұтқынға жекіре.
Аядай тар, күңгірт көлеңкелі бөлме ішінен күлімсі иіс шығады. Бұл бөлме күн көзіне зәру болғалы қашан... Салдыр-гүлдір еткен кісенімен бірге тұтқын орнынан әзер көтерілді. Ап-арық көтерем денесінен сау тамтық жер жоқ. Көкала қойдай. Екі ұрты ішіне қарай кірген. Қанды теспей соратын тергеушілер бұл тұтқынды аяусыз-ақ жұлмалаған екен. Тек қана көзіндегі отқа қанша су құйса да өшіре алмапты... Тұтқын тасбақадай баяу қозғалды. Әрине, бойында баяғыдай күш жоқ қой. Күніне аш құрсағына баратыны бар болғаны – бір тілім қатқан қара нан мен жарты тостаған сасық харам сорпа ғана болса, не үміт, не қайыр?
Күзетші:
- Бол тез, - деп қолындағы таяғымен тұтқынды аямай нұқыды. Тіпті, есіргені сонша, ол бұл нұқығанына қанағаттана алмай, енді тұтқынды артынан бар пәрменімен бір тепті. Сол кезде тұтқын күзетшіге бар назарымен қарады. Көзінен ызғар шашырай. Құдды аш қасқыр секілді. Әлгінде ғана кеудесіне нан піскен ол алдындағы шидей арық тұтқынға қарай алмай:
- Немене? Адам көрмедің бе? Алдыңа қара да, тез жүргін, - деді. Бірақ, бұл жолы үні бағанағыдай емес, бәсең шықты.
...Олар ұзын дәлізбен ұзақ жүрді. Ауыр тыныштыққа мүлгіген дәлізден тек тық-тық еткен дауыс пен салдыр-гүлдір еткен кісен дауысы ғана шығады... Бір уақта олар дәліз соңындағы бір кішігірім бөлме алдына тоқтады... Күзетші есікті тоқылдатқанда, бөлме ішінен «кім бұл?» деген гүр еткен дауыс шықты.
- Мырза, сіз айтқан тұтқын осында.
- Тез арада бөлмеге кіргіз.
...Тергеуші дәл қарсысындағы орындыққа отырған тұтқынға барлай қарады.
- Мағжан, абақтыға түсуіңе себепші болған қылмысты жасағаныңа өкінесің бе? Тек, шыныңды айтшы!
- Неге өкінемін? Өкінбеймін!
- Жарайды, - деді тергеуші наразы кейіппен. Осы уақытқа дейін Мағжанды еш «өкіндіре» алмағанына қынжылды. Қанша азаптаса да сынбады ғой, сынбады. «Мұндай темір рухты адам да болады екен-ау!»
- Ендеше, екінші сұрақ. Өткенде күзетшілер сенің бөлмеңнен бір жапырақ қағаз тапты. Өте маңызды құпия хат па деген күдікпен шұқшия оқыдық. Дегенмен, бұл ешқандай құпия емес, жай ғана бір қияли өлең екен. Бір қызығы, әлгі өлеңіңнен өкініш сарыны сезіледі. Міне, тыңда:
Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.
«Қарашығым, құлыным!» - деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағындым.
...Алтын Күнді, қара жерді сағындым,
Жан жолдасым – жүйрік желді сағындым,
Асау тайдай еркелетіп есірген
Ағайынды, туған елді сағындым...
Жарайды, туған жеріңді, өлген анаңды сағынғаның жөн екен. Заңдылық қой. Ал, бірақ ағайынды, туған елді сағындым дегеніңе не жорық? Сен түрмеге түскенде олар қолдау көрсетті ме? Әрине, жоқ.
Мағжан үндемеді. Арзан адамға қымбат сөзді шығын еткісі келмесе керек-ті...
- ...Анаң сендей қарабет ұлы барда қалай тірі жүрмек? Сонау Сарыарқадағы малдан айырмашылығы жоқ жабайы еліңе не бетімен қарамақшы? «Халық жауына» ана болғаннан... - дей бергенде Мағжан тергеушіге былш түкірді. Біреу өзіне тиіссе шыдар, бірақ, қаймана қазағына тіл тигізсе шыдай алмас...
...Зеңгір көкті қою қызыл түске малындырған қашқын күн жүзі қызара заңғар тау артына жасырынды. Мөлдіреген бейкүнә аспанды қанға бөктіргеніне өкіне ме, соңғы рет болса-дағы көз ұшынан жер бетіне өртене сығалайды...
- Дайындалыңдар!
Бір топ әскерилер қолдарындағы мылтықты өлім жазасына кесілген тұтқынға кезеді. Бұл тұтқын – Мағжан ғой...
«Дайындалыңдар» деген дауыс шыққанда, бір демде өткен өмірі көз алдынан кинолентадай өте шықты.
Мағжан дүниеге келгенде бәрінен бұрын атасы жүрегі жарылардай қуанған екен... Ол алғаш қаз-қаз қадам басқанда, кейіннен былдыраған тілі шыққанда – ата көзінен жас тамды. Қайда барса да ол Мағжанды қасынан бір елі қалдырмай өзімен бірге ертті. Қысқы кештерде сәби Мағжан ата бауырына тығылатын. Сондайда Жұмабай қария қәрі жүрегі дірілдей: «Мағынасыз өміріме сән берген құлыным» деп елжірейтін-ді...
Уыстан құмша суситын уақытқа не шара... Көңілі жібектей пәк, жүрегі жаңа жауған қардай аппақ бала Мағжан уақытпен бірге өсе берді. Өскен сайын кешегі аппақ жүрегіне қара-қошқыл дақтар түсе бастады... Жастайынан білімге құмар өскен ол қос бірдей медресені аяқтады, ең соңы Мәскеудегі әдебиет-көркемөнер институтынан бір-ақ шықты ғой. Ол жақты да ойдағыдай бітірді, обалы не керек. Бірақ... Осы бірақ қой, Мағжанды жасына жеткізбей ерте қартайтқан... Сол кездегі қоғамға ол наразы болды. Және ол сол наразылықты ішіне бұқпай, сыртқа шығарды. «Садақ» журналынан атқан жебесі нысанаға дөп тиген болу керек, ащы айқай естілді. Ескерту айқайы...
Ойласа бар жастық өмірі пеш түбінде емес, ат жалында өткен екен. Сол қиын-қыстау уақыттарда ол жылы көрпе астында жасырынбай, ызғары бетті қанжардай тілетін республикадағы қоғамдық-саяси өмірге белсенге араласты. Бәрінен бұрын, Мағжан қараңғы, сауатсыз халқына жан-жүрегімен жарық шашқысы келді. Сол мақсатта, ол ағарту саласына көп көңіл бөлді. Һәм ұлттық рух пен мүддені дәріптейтін туындыларды дүниеге әкелді... Әрине, бұл «ұлы» халық – биліктегі орыстарға ұнамады. Ұнамады деген соң белгілі емес пе, артына «құйрық» түсті. Ақыры, сол шұбалыңқы құйрық жас қазақты түрмеге тықты ғой...
- Атыңдар!
...Көз алдында дүние тұманданды. Тұманытқан дүние бірте-бірте қою қараңғылыққа сіңе берді. «Қош, Алаш»...
...Жүрген ескі заңымен,
Алдындағы малымен,
Бірге жусап, бірге өрген,
Алаш деген елім бар,
Неге екенін білмеймін -
Сол елімді сүйемін!
Жарылқасын осы жайттарды ойлағанда жаны жай таппады. Өзінің бейқамдығына жыны келді. Қаншама ата-бабалары ел үшін өз жандарын құрбан етіпті ғой. Атасы да айтушы еді, Алаш зиялылары жазған кітаптарды тығылып оқыпты:
«Оны несіне сұрайсын, құлыным. Ол кезде заман қиын еді... Бір күні ұйқым келмеді. Көзім еш ілінбей-ақ қойды. Ары дөңбекшідім, бері дөңбекшідім. Қазір осылай тағы біраз уақыт жатсам, демім үзілер енді...
Бір уақта дәліздегі жарық сөнді ғой, ақыры. Бәрі ұйқыға кетті-ау деген шақта жаймен орнымнан тұрдым. Төсек астынан ақырын ғана жұқа кітапты алдым... Тырс еткен дыбыс шығармай кітапты құшағыма тығып, мысық жүріспен терезеге қарай жылжыдым... Сыртқа дәліз арқылы шыққым келмеді. Себебі, дәлізде – тырнақ астынан кір іздейтін қатал кезекші бар. Ол түнде сыртқа шығатын баланы міндетті түрде тінтиді. Егер кезекшіге мына жыртық кітабыммен ұсталатын болсам, онда шекем шылқи қоймас.
Терезені білдірмей ашуға қанша тырысқаныммен, ескірген терезе жақтауы бәрібір ыңырси берді. Терезе ыңырсыған сайын, маңдайымнан порша-порша суық тер бұрқырады... Ух, әйтеуір терезені аштым-ау, шіркін! Ендігісі оңай. Қабылан секілді ашық терезеден сыртқа секірдім. Жерге түскенде, «топ» еткен дыбыс шықты. Сол мезет зәрем ұшты...
...Түнгі аспанда сансыз жұлдыздар жымыңдасады. «Қараңдаршы, дені дұрыс адамдар ұйқыда жатқанда, есінен ауысқан Әлжан жападан-жалғыз далада жүр» деп бір-бірлерімен сыбырласатындай. Аспан төрінде хан әскеріндей жымың қаққан сансыз жұлдыздарға қолбасшыдай күлше ай жатыр. Бейнебір «сендер өздерің-ақ соғыса беріңдерші, ал мен кішкене демалайын» дейтіндей. Осы бойкүйездік меңдеген ай түбінде қыстыгүні мыжырайма үй мұржасынан будақтайтын қара-сұр түтіндей будақ бұлт шұбатылады.
Қадам басқан сайын денем қорқыныштан қалш-құлш етіп, соқпақ жолмен интернат жанындағы ескі сарайға жеткенше асықтым... Бір уақта аяқ астынан тал-бұталарды сыбдырлатып, жапырақтарды саудыратып жел тұрды. Неге екені белгісіз, осы бір суық жел қойны-қонышымды ақтара сумаңдағанда жаным жаздай жадырап сала берді...
Әйтеуір, қи мен тезекке толған сарайға әрең дегенде жеттім ғой. Ішіне кіріп, ілгекпен есікті іліп алдым. Дей тұрғанмен, мұнда күлімсі иістен басы айналатындай-ақ екен. Бірақ, амал нешік, бойыма жылу таратқан кітапты осында оқуға мәжбүрмін... Қырық жамаулы кітапты асықпай, рахаттана аштым. Кітап сыртында - «Шолпан» деген жазу бар. Авторы – Мағжан Жұмабаев...
Иә, Жарылқасын, біз кітапты осылай жасырынып жүріп оқитынбыз. Қазір заман тыныш. Шүкір. Енді Құдай осыны көп көрмесін».
* * *
...Күн шуағы төгіле бастаған кезде пойыз Алатау етегінде сәбидей бұйығып жатқан Алматы қаласына да келіп жетті. Жұрт жапа-тармағай пойыздан түсе бастады. О, Алматы... Талай ақын-жазушылар өз жырларына арқау еткен Алматы расында көркіне көз тоймайтын сұлу ғой, шіркін! Кезінде даңқы бүкіл Одаққа тараған «Дос Мұқасан» тобы да «Алматы түні, ұйқымды менің ұрлады. Алматы түні, Алматы түні, мен болып таңды жырлады» деп қаланы әнге бөлемеп пе еді? Дарынды режиссер Шәкен де бүкіл ел сүйсініп көрген «Тақиялы періште» атты киносын осы Алматыда түсірді. Бұл қала жетпіс жылға жуық уақыт Қазақ елінің астанасы болды. Қазір астана болмаса да, Алматыға ағылатын адамдар қарасы мол. Алматыға бір келген жан кейін міндетті түрде қайта оралады екен. Мұнда адамды жіпсіз байлайтын бір сиқыр бардай.
...Жарылқасын Тәуелсіздік алаңына келді. Шындығында, оны осында белгісіз бір күш жетелеп әкелген еді. Аяғы алаңға тигенде, жан дүниесі астаң-кестең болып, көзіне ыстық жас келді... 1986 жылы олар осы алаңға шыққан болатын. Күн тастай суық. Долы боран бетіңді тіліп түсердей борап тұр. Саясат бораны. Бірақ, ұлт тағдырына бей-жай қарай алмаған қазақ жастары ешқандай кедергі, ешқандай тоқтауға қарамай, тәуелсіздік жолында өз жандарын құрбан етуге дейін дайын болды. Көздері ашық, көкіректері ояу қазақ жастары ел егемендігі сынға түскен сағатта аянып қалмады. Олар