Ежелден-ақ тылсым күштер әлемі адамзат баласын жұмбақ болмысымен қызықтырып келеді. Балғын балалық шақтан бастап түрлі таңғажайып ертегілер мен мифтерге, фантастикалық баяндарға, сиқырлы дүниелерге сеніп өсеміз.
Шындығында да тылсым күштің барына көз жеткізгісі келгендер жындар мен рухтарды шақырады. Олармен байланыс орнататын бақсы-балгерлерге жүгінеді, болашағын болжайды. Құпия әлемнің жұмбағын шешуге құштар болады. Онымен қоса бұл тақырыпқа жазылған кітаптар мен интернет сайттары толып жатыр.
Әлемнің ұлы классиктері тудырған шығармаларда да жындар мен сиқыршылар шеткері емес. Мәселен, Оскар Уайльдтың сұлулық үшін жанын Ібіліске сатқан «Дориян Грейдің портреті» атты романы, Оноре Де Бальзактың «Сенің өмірің осының ішінде. Әрбір тілек тілеген сайын, мен де қусырылып кеми түсемін. Сенің өмірің де таусыла түседі. Мені иемденгің келе ме? Ендеше ал. Алла сенің тілегіңді есітеді» деген санскрипше жазуы бар «Шегірен былғарысы», Михайл Булгаковтың «Мастер мен Маргаритасы» тізіліп кете береді.
Франция мен Англия арасында 1337 жылы басталған жүз жылдық соғыста отқа өртелген француз қызы Жанны д’Арктың оқиғасын білмейтін жан жоқ. Бұл соғыста бас әскербасылардың бірі болған Жаннаға әр түрлі адам кейпінде періште Архангел Михайл жол сілтеп отырған.
Ғұмырының соңына дейін "Фаустты" жазған Гете өз шығармасындағы: "Сонымен сен кім болдың?-деген сұраққа: «Мен зұлымдықты аңсаған, бірақ әрдайым жақсылық тудыратын күштің бір бөлігімін» деп жауап берген жынның бар және олардың да тіршіліктің бір бөлігі екендігіне ақиқатты дәлелдер көп.
Чехтарда: «Елессіз қамал - қамал емес» деген мақал бар екен. Өлген адамның аруағы, елестердің өмірде бар екендігі жайлы ел аузындағы аңыздар да жетерлік.
Өз тарихымызға келсек, батырларымыз жауға шапқанда аталарының аруағымен жігерленген. Қолына аса таяғын ұстаған бақсылар болған. Қазіргі заман жазушылары тудырған, кейіпкерлері қанішерлер мен қорқынышты жын-шайтандар болатын туындылар желісімен түрлі фильмдер де түсіріліп, қаншама адамның санасын билеп отыр.
Мансұрдың оқиғасы
Түнімен егін басын күзетіп, жапан далада кереует қойып, жалғыз түнеген Мансұр таң қылаң бере ұйқысынан: Балам оян! –деген дыбыстан тұрды. Таза ауада тәтті ұйқыға батқан ол - зәресі қалмай жастықтан басын жұлып алды. Көзін ашып қараса жанында қап-қара болып киінген әжей отыр. Бөгде жаннан шошынғаны соншалық, тілі күрмеліп, іс-әрекетке шамасыз қалды. Осыдан соң жұмбақ кәрия қолындағы таяғын алып, бір-екі аттап ғайып болады. Бұл Мансұр атты жігіттің басынан өткен, өз аузынан шыққан оқиға.
Рахаттың оқиғасы
Рахат, әдетте, дос-жарандарымен бас қоса қалса, сыраханадан шықпай, талай бөтелкені сіміре ішіп, жастықтың тойын тойлайтын. Осындай отырыстан әбден масайрап келген соң сыртта тұрған нарға құлай кетті. Ештемені сезбей, қатты ұйықтап жатқан кезде тынысы тарылып, қысылып, әрең ес жиды.
Ояна салысымен, түрінен адам шошырлық қара кемпірді көзі шалды. Өз көзіне сенерін білмей жанталасқан жігіт - қылқындырған құбыжықпен алыса кетті. Кәлимаға тілін әрең келтіріп, бар күш-жігерін жинап, өзіне тарпа бас салған күш иесін бір ұрған еді, сауылдаған құм сияқты шашырап кетті.
Ертеңіне болған оқиғаны әрі ойлап, бері ойлап шындыққа мүлдем жанаспайтындығына өзі де таңданып, түсім болар деген оймен ұмыта бастады. Осылайша күн артынан күн жылжып, тағы да Шымкентке жолға шықты.
Созылған темір жолмен жүйткіген поездің ішінде отырып, еріксіз қасындағы намаз оқыған жігітке назар аударды. Сапарласына таяу келіп, әңгімеге тартты. Сөз арасында Рахат жанындағы жігіттің білдей бір мешіттің имамы екендігін естіді. Осындай жас жігіттің не себеппен дін жолына түскені Рахатты қатты қызықтырды. Оны өзі сұрап та алды. Әлгі жігіт: «Мен айтсам сенбейсің, бірақ...» деп Рахатқа дәл оның басынан өткен сол бір қара кемпір қылқындырғандағы әңгімесін айтып берді. Оған таң-тамаша болған Рахат ләм-мим деместен үнсіз ойға батты.
Аман-есен үйіне оралғанда да қызық бір оқиға болыпты. Рахат қарындасы Араймен үйде жалғыз қалған бір түні ұйықтап жатқан жерінен тұрып, ұйқылы-ояу қабырғаға қарап, қатты айғайлаған екен.
Осы оқиғалардың кейіпкері ортақ. Ол қара киінген қорқынышты кәрі кемпір. Бұл адамға бір нәрсені ескерткелі көрінетін жындардың бір түрі болуы мүмкін. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дейтін Абай атамыздың пайымына баратын болсақ, қасиетті Құранда да Ібіліс пен періштенің, жынның бар екендігіне куәліктер келтірілген.
“Әр-Рахман” сүресінің 74-аятында жындардың жұмаққа баратындығы туралы айтылады, яғни, мұсылман жындар жаннатқа кіреді. “Әр-Рахман” сүресінің 31-аятындағы «Сақаләйн» кәлимасында да «Ей, адамдар мен жындар» деген сөздер кездеседі. “Нас” және “Жин” сүрелері де жындардың бар екенін ашық түрде дәлелдейді.
(Жалғасы бар...)