«Ұры банкоматтар» немесе «Скимминг» туралы не білесіз?

/uploads/thumbnail/0_small.jpg

Бүгінгі күні банкомат қызметін пайдаланбайтын адам кемде-кем шығар. Төлем карточкасын қолына ұстаған әрбір адам осы бір темір жәшікке міндетті түрде бір үңіледі.

Бірақ қазіргі таңда банкоматтарға деген сенім азайып бара жатқанға ұқсайды. Себебі, ел арасында: «банкомат ақшамды жеп қойды», «банкоматтағы ақшам жоғалып кетті», – дегендерді де кездестіріп жүрміз. Әрине, мұндай келеңсіздікке әрқашан банк кінәлі бола бермейді. Өйткені, қоғамда сіздің карточкаңыздың көшірмесін жасап, құпия кодыңызды ұрлап, ақшаңызды тып-типыл ететіндер бар. Ұрлықтың жаңаша түрі «скимминг» деп аталады. «Жаңа» ұрыларды «скиммерлер» немесе «кардерлер» деп атаса, зардап шегетін объект ретінде сіз «холдер» болып табыласыз.

Рас, осыдан бірнеше ай бұрын елімізде банкомат арқылы ақша ұрлайтындар ұсталды. Қылмыскерлер бұл ойын банкоматтың карточка салатын тесігіне сағыз,балауыз жапсыру арқылы іске асырған. Яғни, карточканы салып болғаннан кейін пайдаланушылар ақшаның тесік аузына кептеліп қалатынын байқамайтын болған. Негізі бұл тұтынушының ақшасын жымқырудың қарапайым ғана әдісі. Қазіргі күні мұндай қитұрқы әрекеттің неше түрлі жолдары пайда болды. Мәселен, сіз алдыңызға ноутбугіңізді қойып бір демалыс орнында отырсыз дейік. Осы кезде сіздің жаныңызда дәл сіз сияқты тағы бір кісі демалып отырады. Оған сіз жай ғана жымиып қарағаныңызбен, оның қандай әрекетті жүзеге асырып жатқанын білмейсіз. Шын мәнінде әлгі кісі «скиммер» арқылы сіздің құпия кодтарыңызды ұрлап жатқан болуы мүмкін. «Скиммер» – пластикалық карточканың магниттік жолағынан ақпаратты жинайтын, былайша айтқанда, ұрлайтын құрал. Кейбір ақпараттар скиммерді 2002 жылдары Еуропада пайда болды деп жүр. Дегенмен, банкоматтардың Еуропа көшелерінде талай жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқанын ескерсек, олардың тіпті әріден келе жатқанын болжай беруге де болады. Қалай айтсақ та, қазіргі күні «скиммер» төңірегіндегі шатақ бұрынғыға қарағанда анағұрлым өршіп тұр. Ұрлықтың модернизацияланған түрімен күресті, әсіресе, Англия қатты жүргізіп келеді. Аталған мемлекетте «скимминг» есірткі және қару саудасы қылмыстарымен қатар қойылған. Тәртіп сақшылары үнемі «антискиминг» шарасын өткізеді. Ресейде «скиммерлер» туралы мәліметтер тек 2004 жылдан бастап, яғни «пластикалық карточкалардың ақпаратын заңсыз пайдаланған» топ ұсталғаннан кейін кеңінен тарай бастады. Ал біздің елімізде мұндай қылмыс қаншалықты деңгейде дейтінге келер болсақ, өкінішке қарай бұл жағынан мамандар мардымды жауап бере алмай отыр. Тіпті аталған қылмысқа қатысты фактінің тіркелген-тіркелмегені белгісіз. Ал банктер өз беделін жоғалтып алмау үшін көбіне мұндай ақпараттарды таратпауды жөн санайды. Банкомат қызметін пайдаланатын әрбір адам үшін бұл маңызды болғандықтан біз «скиммер» туралы аздаған мәліметті беріп кетуді жөн көрдік.

Сонымен, қазіргі таңдағы «скиммер» екі бөліктен тұрады. Біріншісі – банкоматтың карточка қабылдайтын тұсына орналастырылатын, яғни карточканың магниттік жолағынан ақпарат жинайтын қаптама. Мұндай құрылғы әсіресе үнемі бір банкоматты пайдаланатын адамдар үшін қауіпті. Кей азаматтар ұрынып қалмас үшін үнемі банкоматтың өзі мен экрандағы бейнесін салыстырып отыратындықтан, «скиммерге» көрінбейтіндей етіп жасалады. Әдетте оның ені карточканың магниттік жолағының еніндей, ал қалыңдығы 2-2,5 мм. болып келеді. Аталған құрылғы ақпараттарды өзіне жинайды немесе сымсыз каналдар арқылы (смс, блютуз) жақын маңдағы басқа құрылғыға жіберіп отырады. (сурет-1)

Скиммердің екінші бөлігі – PIN-код жайлы ақпарат жинайтын клавиатура қаптамасы. Бұл да әлгі қаптама сияқты, тек одан айырмасы клавиатураға орнатылады. Банкоматтың клавиатурасы негізінен темірден болғандықтан, жасырын қаптама да әдетте темірден жасалады. Бірақ оның қалыңдығы 0,5-1 см. болғандықтан, қолмен ұстап анықтауға мүмкіндік бар. Кейде тұтынушының күдігін тудырмау үшін қаптама клавиатураның үстіне тегіс жапсырылады.(сурет-2)

Мұнымен қатар құпия ақпараттарды шағын камера арқылы жазып алатындар да бар. Мұндай камералар көбінесе монитордың үстіңгі жағына орналастырылады. Кейде сіз монитордың жанынан жарнама парақшаларын салып қоятын кішкене ғана қорапты көріп қалуыңыз мүмкін. Бұлар да камераны жасырып қою үшін таптырмайтын орын. (сурет-3)

Ақпаратты жинап болғаннан кейін негізінен алаяқтар оларды «ақ пластик» деп аталатын магниттік жолағы бар пластикалық карточкаларға көшіреді. Не логотипі, не басқа да белгісі жоқ ақ пластиктер арқылы-ақ кез келген банкоматтан ақшаны оңай ала беруге болады. Бірақ сауда орындарында пайдалану үшін ақ паластиктерді кәдуілгі карточканың бейнесіне келтіріп алатындар да бар.

Қысқасын айтқанда көше бойында тұрған банкоматтың қызметін пайдаланарда өте сақ болғаныңыз жөн. Әсіресе жаныңызда күдікті адам байқалса, өте мұқият болған дұрыс. Ең жақсысы банктің өзінде орнатылған банкоматтардың қызметін пайдалану. Себебі, ол жерде сіздің операцияңызды бақылап отыратын камералар орнатылады және үнемі қасыңызда күзетші тұрады.

Н.ТАЙБЕК Халық сөзі

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар