Дәурен Қуат: қытайланған, өзбектенген, орыстанған қазақ қазақ болмайды

/uploads/thumbnail/20170708150902877_small.jpg

Соңғы ауыс-түйістің барысында, Алаш баласын қуантқан жаңалық, көші қон комитетінің қайтадан құрылып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамына енгені болды. Бұған дейін де комитет болып, агенттік болып өмір сүрген көші-қон 2011 жылы Ішкі істер министрлігінің құзырына беріліп, әбден тұралаған еді. Бұлай деуімізге себеп: 2012 жылы Үкімет көші қонға бөлінетін квотаны мүлдем тоқтатып тастады. Сөйтіп, 2011-2014 жылдар аралығында жыл сайын 10 мың отбасыға квота бөліп беруді қарастырған Үкімет өз қаулысына өзі қарсы шығып көштің бетін кері қайтарып тастады. Ал, Ішкі істер министрлігі қазақ көшін жалдамалы еңбек күшінің деңгейіне дейін түсіріп жіберді. 1991 жылдан басталған көш, кейбір мәліметтерге сүйенсек, 1 жарым миллион қазақтың елге қосылуына мұрындық болған көрінеді. Иә, өз жұртында қазақ қара ормандай қалың елге айналып үлгеріпті. Міне, осы жайт әлдекімдерге ұнамайтын болса керек, соңғы бірер жылдың ширегінде қазақ көшіне қарсы жұмыс қарқын алды. Қандайда бір келеңсіз жайтқа Атажұртына оралған қазақты айыпты санайтын пікірлер көбейді. Сол көп пікірдің бірі Жаңаөзен оқиғасы кезінде ресми тұлғалардың аузынан да шығып кетті. Жеті ай бойы әлеуметтік әділдікті талап еткен мұнайшылардың мұңын түсіне алмаған Үкімет «осының бәрін ұйымдастырып, пәлені бастап жүрген оралмандар» деп соқты. Бұл, анығында қазақ Үкіметінің қазақ мәселесіне, ұлттық мүддеге қарсы әрекетін әшкерелеген ұстанымы еді. Алайда, Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан істі болған адамдар қатарынан оралман мәртебесі бар бір пенде табылмады. Қазір Қытайда қазақ мектептері дерлік жабылды. Өзбекстандағы 565-тен аса қазақ мектебінің 40-50-і ғана қалды. Біздің «Мәңгілік досымыз» Ресейде қазақ мектебі туралы тіпті айтуға да болмайды. Қысқасы, біз алдағы аз жылдарда сырттағы бар қазағымыздан айрылып қалуымыз мүмкін. Неге? Себебі, тегі қазақ болғанымен тілі қытайланған, өзбектенген, орыстанған, парсыланған қазақ қазақ болмайды. Көші қон саясаты - ұлы саясат. Осыны Серік Ахметов Үкіметі бек түсініп әрекет етсе жөн болар еді...

«31» арна

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар