«Ертең көзім жұмыла қалса, мұсылман болмасам да, Кеңсайдың бір бұрышынан жер бесіктей орын бұйырса екен деймін»
Г.Бельгердің «Айқын» газетіне берген сұхбатынан.
Кешелі бері күн ұзаққа неліктен шу-шұрқан боп жатқандарыңызды түсінбеймін. Себебі, бәрі айқын. Жазушының өз аузынан шыққан сөзден ұғатынымыз – екеу.
Біріншіден, Гер-ағаң өзінің мұсылман еместігін айтып тұр. Қазақы ортада, ауылда өскеніне, ескі кісілердің көзін көргеніне, қазақтың ата діні – Исламмен біте қайнасып жатқан фольклорға, тарихқа жүйрік қазақ алыптарының дәрісін тыңдап, филология факультетінде тәлім алғанына қарамастан, жазушы мұсылманшылықты қабылдаған жоқ. Қаламгердің өзі еркі, өз құқы. Дінде зорлық жоқ. Қазіргі тілмен айтқанда, діни-наным бостандығы. Ендеше, мұсылманшылық қағидаттарынан бір кісіден хабары болған парасатты жазушының таңдаған сенімін өзі өмірден өткен соң тірілердің өзгертпекке тырысуы, біріншіден – күлкілі, екіншіден – ұят, керек десеңіз, біреудің сеніміне қол сұғу. Герольд Бельгердің фәни өмірлік кітабында соңғы нүкте қойылған. Жазушы діні үшін бір Құдайдың алдында ғана есеп береді.
Екіншіден, зейін салып оқысаңыздар, қаламгер сөздерінен өтініш, тілек лебін аңғару қиын емес. Тілі бір болғанмен, діні бөлек екенін және өзі жақсы көрген ұлттың әдебі бойынша басқа дін өкілін қазақтар бөлек жерлейтінін бес саусағындай біліп тұр. Өйткені, жаңа айтқанымыздай, Гер-ағаң өскен заман түгілі, әлі күнге ауылдық жерлерде қорымдардың бөлек болу дәстүрі сақталған. Жазушы Құдияр Біләлдің «Христиандық үрдіс бойынша Кеңсай зиратында бұдан былай стакан сыңғыры естіліп тұратынын ойлағанымда жаным тызылдап-ақ кетеді» дейтініндей де бар. Дұрыс, марқұмның өтінішін орындаған екенбіз, бірақ Кеңсайдың өзге бір бөлігіне емес, тұп-тура қазақтың қадірлі ақсақалы, ағайын қара үзбей Құран бағыштап тұратын Қадыр Мырзалиевтің қасына қоюдың қисыны қандай? Жазушыға деген құрметіміз - біздің ұлттың сан ғасырлық таным-салтынан артық па? «Әлде біздің мұсылмандығымыздан Гер-ағаңа деген құрмет биік пе?», - деді тағы да Құдияр Біләл.
Құран демекші, Амантай қажы марқұм қабірінің басында Құран оқыпты. Кейбіреулер қол жайып, дұға қылыпты. Өзін «мұсылман емеспін» деп кеткен адамға қай қазақ аят сауабын бағыштап еді? Қай жерде, қай кітапта жазулы? Қазақтың қай биі осындай салтқа амал қыпты? Қазақтың қай жырауы христианға жәннәт тілепті? Қазақтың қай батыры өзге дін өкілі үшін Алладан кешірім сұрап жалбарыныпты? Жоқ. Өйткені, қасиетті Құран иісі мұсылманға ғана бағышталады. Дұға – діндес бауырға. Өйткені, әркімнің діні – өзіне. Қазақылығымыз ғой, жақсылығы өткен кісіні айналып-толғанып жөнелеміз. Бірақ ақиқаты - солай.
Естіген құлаққа, рас, ауыр. Қазаққа көп қазақтан артық еңбек қылған адам. Мол мұраның авторы. Жақсы адам. Бірақ «жақсы адамның бәрі мұсылман» деген сөз жоқ.
Бірақ бұл – Бельгер есімі белінен бір-ақ сызылсын деген пікіріміз емес. Отбасының көңілін демдеу, жәрдемдесу – Гер-ағаңның қазаққа құрметін оятқан біздің ұлт қасиеттерінің бірі. Қалдырған мұрасы дәріптелсе, оқулықтарға енсе, жас ұрпаққа насихатталса, мемлекетті құрушы ұлтқа құрметтің эталонына айналса, ірі қалалардан көше аты, неміс театрының аты берілсе, әдеби сыйлық тағайындалса, әбден жарасар еді.
Темір Тәңірқұлов