Редакциямызға баспанасынан айрылып, әділдік іздеп шырылдаған қызылордалық Бейсенгүл Алшынбаева мен заңгер Құдайберген Жуантаев хабарласты. Qamshy.kz порталы еркін ақпарат алаңы болғандықтан, олардың айтқанын қаз-қалпында беріп отырмыз. Бұл іске қатысты пікір білдірем деушілер болса, сайт бетінде жариялауға дайынбыз.
Құдайберген Жуантаев қызылордалық Бейсенгүл Алшынбаеваның сот тарапынан әділетсіздікке ұшырап, өзіне тиесілі мүлкінен айрылып қалғанын айтады. Оның сөзінше, қолында құзыреті бар адамдар Б. Алшынбаеваның аңқаулығын пайдаланып, пәтерін заңсыз иемденіп алған екен.
- 1997 жылы Қызылорда қаласы Тасбөгет кенті Наурыз мөлтекауданындағы бұрынғы аудандық әскери комиссариат ғимаратын екіге бөліп, Тасбөгет кентінің әкімі С. Жапбархановтың (марқұм) шешімімен пәтердің бір бөлігін Б. Алшынбаеваға, екінші бөлігін А. Қалиевқа берген. Б. Алшынбаева – көп балалы және мүгедек кісі. Оның 8 баласы бар. Сол жылдары пәтер иелерінің кооперативі, яғни ПИК деген болатын. «Наурыз» ПИК-інің төрайымы Сапаркүл Тұрсынбаева мен Тасбөгет кенті әкімдігінің бас маманы Алмаш Таспанова екеуі пәтердің жартысынан көбін осы «Наурыз» ПИК-не уақытша пайдалана тұруға сұраған. Ал пәтердің құжаттарын С. Тұрсынбаева рәсімдеп, заңдастырып беретінін айтқан. Араға шамамен 5-6 ай уақыт салып С. Тұрсынбаева пәтердің құжаттарын әкеп берген. Сөйтіп әкімдік ыңғайлы орын тауып бергенше «Наурыз» ПИК-і Б. Алшынбаеваға берілген пәтердің жартысынан көбін пайдаланатын болып келіседі. Ал 3-4 жылдан кейін С. Тұрсынбаевадан: «Пәтерді қашан босатасыздар?», - деп сұраса, «Тұра тұрыңыз, сізге кейін түсіндіремін», - деген жауаппен Б.Алшынбаеваны шығарып сала берген. Ал 2007 жылдың аяғында «Наурыз» ПИК-і белгісіз себептермен пәтерден көшіп кеткен, - дейді бұл іспен айналысып жүрген заңгер.
Ал Б. Алшынбаева «Наурыз» ПИК-нің төрайымы С. Тұрсынбаева рәсімдеп берген құжаттарда не жазылғанын түсінбегендіктен, оны тексеріп, ашып қарамаған екен.
- 2008 жылы пәтердің сыртқы есігінің ішінен кірпіш өріп бекітіп, ішкі бөлмелеріндегі екі есікті жаңадан орнаттым. Бөлмелерді әктеп, сырлап қойдым. 2016 жылдың жаз айында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанымда Айнұр деген көршім «Наурыз» ПИК-і пайдаланған бөлмелерге қатысты сот болғанын айтты. Мен ол туралы ештеңе білмейтінімді айтып, дереу пәтер құжаттарын балама оқытсам, кезінде С. Тұрсынбаеваның құжат рәсімдегенде маған тиесілі пәтердің ауданын қасақана кем көрсеткенін байқадым», - дейді Бейсенгүл Алшынбаева.
Заңгердің айтуынша, С. Тұрсынбаева өзінің қызметтік бабын пайдаланып, бөтен мүлікті иеленіп алу мақсатында уақытша пайдалана тұруға берген пәтердің жартысынан көп бөлігіне 2007 жылдың 11 қыркүйегінде техникалық паспорт жасатып алған.
А. Таспанова қаржы полициясына берген түсініктемесінде: «Әкімнің шешім шығарып беремін дегеніне сеніп қалып, С. Тұрсынбаеваға ордерді жазып беремін деп қателік жасағанымды мойындаймын, кешірім сұраймын», - деген болатын. С. Тұрсынбаева бұл істі өз пайдасына асыру үшін А. Таспанованың жазып берген, алайда жарамсыз болып қалған ордерін қолданған екен.
- Бұл істі зерттеу барысында 1997 жылы Б. Алшынбаеваға пәтер берілгені туралы Тасбөгет кенті әкімінің шешімін А. Таспанова мен С. Тұрсынбаеваның өздері қолдан жасап алғанын анықтадық. Архивті ақтарғанымызда ол пәтердің тек екі адамға ғана берілгені белгілі болды. Тасбөгет кенті әкімінің мұрағаттан алынған шешімінің көшірмесі қазақша әріптері бар машинкада терілсе, Б. Тұрсынбаеваның ұсынып отырған көшірмесі қазақша әріптері жоқ машинкада теріліп, соңғы жағы – Тасбөгет кент әкімінің қолы қойылған тұсы құрастырылып жасалған. Осылай С. Тұрсынбаева екі адамға берілген пәтердің құжаттарын үш адамға берілген деп көрсетіп, пәтердің көп бөлігін өзі иемденіп алған», - дейді заңгер Құдайберген Жуантаев.
Қызылорда облыстық сотынан бастап ҚР Жоғарғы сотына дейін арыз жазған Б. Алшынбаева өзінің ісі еш жерде дұрыс қаралмағанына шағымданыпты.
- Бұл іске Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы, полиция подполковнигі Болат Шажанбаевтың тікелей қатысы бар. 2016 жылдың 31 қазанынан бастап облыс әкімі, облыс, қала прокуроры, облыстық сот, оның төменгі сатысындағы қалалық сот және соттың судьялары менің арызымды құрдымға жіберіп жатыр, - дейді жәбірленуші Алшынбаева.
Заңгердің айтуынша, Б. Шажанбаевтың жұбайы Ботагөз Тұрсынбаева марқұм анасы Сәрсенкүл Тұрсынбаеваның заңсыз иемденген пәтерін «Заң бойынша мұраға құқық туралы куәліктің» негізінде меншіктеп алған екен.
Оның сөзінше, полиция полковнигі Б. Шажанбаевтың заңсыз іс-әрекеттерін әшкерелеп, облыс әкімі мен облыс прокурорына арыз жазған кезде құзырлы орындар Б. Алшынбаеваның өзін айыпты деп тауып, рақымшылықпен кешірген сыңай танытыпты.
– 2016 жылы 31 қазанда Б. Шажанбаев пен Б. Тұрсынбаева менің үйіме баса-көктеп кіріп, қызымның басынан ұрып құлатып, соңында өзімізді кінәлі етіп шығарып, жауапқа тартты. Облыс орталығындағы прокуратура органдарына бірнеше рет арыздансақ та, сот органдарының актілеріне бірнеше рет шағымдансақ та, Б. Шажанбаев пен Б. Тұрсынбаеваның әрекетінде заңсыздық бары дәлелденіп тұрса да, бұра тартушылардың кесірінен қызым екеуіміз жеңіліс тауып жатырмыз. Заңсыз құжаттардың күшін жою туралы талабым әлі күнге дейін орындалмады. Қызылорда сотының заңсыз іс-әрекеттерін қалай тоқтатуға болады? - деп шарасыз күрсінеді Б. Алшынбаева.
Пікір қалдыру