ҚазҰПУ-да Алаш зиялыларына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті

/uploads/thumbnail/20180301203628684_small.jpg

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде білім ордасының 90 жылдық мерейтойына орай «Алаш зиялыларының ғылыми-әдістемелік мұралары: дәстүр мен жаңашылдық» атты халықаралық ғылыми-практикалық  конференция өтті. Аталған конференция «Филология және көптілді білім беру институтының» бастамасымен ұйымдастырылған болатын, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Халықаралық конференцияға Түркия елінің Гази университетінен, Фрат университетінен, Мұғла Сытқы Кошман университетінен ең беделді профессорлар, сонымен қатар еліміздегі бірқатар ЖОО мен институттарының профессор-оқытушылары келіп қатысып, «тіл, діл, мәдениет, дәстүр» тақырыптарында сөз қозғады.

ҚазҰПУ

Университеттің бірінші проректоры М. Ә. Бектемесов конференцияға модераторлық жасады. Модератор алғысөзінде:

– Жыл басынан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығы аясында бірқатар ірі шаралар ұйымдастырылып келеді. Сондай маңызды басқосудың бүгін де сәті түсіп отыр. Алқалы жиынымыздың тақырыбы «Алаш зиялыларының ғылыми-әдістемелік мұралары: дәстүр мен жаңашылдық» деп аталуының өзіндік мәні бар. Республикамыздағы тұңғыш оқу орны, қазақ білімінің қарашаңырағы атанған осы университеттің іргетасын қалаған Алаш арыстарының еңбегі ұшан теңіз,-дей келе, салтанатты мәжілісті бастар алдында ұлтымыздың ұлы тұлғаларының рухына тағзым етіп, еске алу  үшін бір минут үнсіздік жариялады. Содан соң «Тарихқа тағзым» атты бейнежазба көрсетілді.

ҚазҰПУ

Келесі кезекте Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Т.Балықбаевтың Құттықтау хаты оқылды. Хаттың мазмұнында университеттің құрылу тарихы сөз етілген. Университеттің құрылуына бірден-бір ұйытқы болған қайраткерлер қатарында тұңғыш ректор Санжар Асфендияров, қара шаңырақта алғаш қызмет еткен қайраткерлер Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсынұлы, Құдайберген Жұбанұлы, Ораз Жандосов, Телжан Шонановтардың есімдері аталып өтілді. Сөз соңында:

– Бүгінгі мерейтой қарсаңында университет қабырғасында осындай алқалы жиын – «Алаш зиялыларының ғылыми-әдістемелік мұралары: дәстүр мен жаңашылдық» атты Халықаралық конференция өткізуіміз халқымыздың ұлысын ұлықтауды парыз санайтын ұлы дәстүрінің  жаңғыртылуы деп санаймын. Конференцияға қатысушылар арасында шетелдік танымал зерттеушілер мен отандық ғылымда өз қолтаңбасы бар көрнекті ғалымдарымыздың болуы  алқалы жиынның мәртебесін биікке көтереді деп білеміз. Конференцияда көкейкесті іргелі мәселелер  талқыланып, жаңа да құнды  ой-тұжырымдар жасалатынына сенеміз,-деп ректор сөзін қорытты. Конференция жұмысына сәттілік тілейтінін жеткізді.

ҚазҰПУ

Конференцияның бағдарламасы бойынша кезек баяндамашыларға берілді.

Алқалы мәжілістің бірінші баяндамасын Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы ғалым Айгүл Ісмақова жасады. Баяндамада «Алаш ғылымы: білім беру мен ұлттық тәрбиенің бірлігі» мәселесін көтерді. ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларының жазған еңбектерінің маңызына тоқталды. Әсіресе, Ахмет Байтұрсыновтың еңбектеріндегі қарастырылған мәселелер бүгінгі күні де үлкен маңызға ие болып жатқандығын баса айтып өтті.

Жалпы алғанда онға жуық баяндама тыңдалды. Отандық ғалымдардан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның корр. мүшесі Фаузия Шамсиқызы Оразбаеваның «Тілдік руханият және латын әліпбиі туралы Алаш зиялыларының пікірлері» тақырыбында жасаған баяндамасы көпшіліктің көңілінен шықты. Баяндама барысында Фаузия Шамсиқызы Алаш қайреткерлерінің негізгі көздеген мақсаттарын сөз етті. Т. Шонановтың латын әліпбиіне қатысты көзқарасын, ондағы әріп санының аздығы және үлкенді-кішілі әріптің ұсталандығы жөніндегі пікірлеріне тоқтала отырып, ғылыми тұрғыда талдау жасады.     

Түркия елінен келген ғалымдардың көпшілігі латын графикасын мәселе ретінде көтерді. Сондай ақ, бауырлас елдің ғалымдары қазақ елінің латынға көшуін толықтай қолдайтынын жеткізді.  Мұғла Сытқы Кошман университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Eкрем Aянның «Мұстафа Шоқай және «Жас Түркістан» журналының азаттық үшін күресі» туралы көтерген мәселесі конференцияға қатысушы оқытушы-профессорлар мен жас ізденушілерге жақсы әсер етті. Ғалым Алаш рухты азамат Мұстафаның «Жас Түркістан» журналын шығару жолындағы күш жігері, қажыр-қайратына барынша терең үңілгенін көрсетті.

Түскі үзілістен кейін секция отырыстары басталды. Бағдарлама бойынша 4 секция жұмыс жасады. Сағат 17.00-де Конференцияның қорытынды мәжілісі болып, конференция қарарлары қабылданды. Жалпы, конференция барысында ХХ ғасыр басында көтерілген ұлттық мәселелер бүгінгі күні де өз маңызын жоймағандығы анық аңғарылды. Түбі бір түркі елінен келген ғалымдардың әр сөзі мен көзқарасынан қазақ елінің рухани жаңғыру аясында жасап жатқан маңызды қадамдарына қызығушылық байқалды. Туркология саласы бойынша алдағы уақытта біріге отырып екі елдің ғылымына үлкен пайдасы боларлық жобаны қолға алатындарына уағдаласты.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар