Ерлан Ибрагим: 3 ай мерзімдік виза қиындық тудыруда

/uploads/thumbnail/20170708150904697_small.jpg

 Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға қатынайтын, келіп-кететін адамдардың қарасы көп болып тұр. Әсіресе, арғы беттегі қазақтардың Атажұртқа қадамы, виза мәселесі күн тәртібінен еш түсер емес.   ҚР Сыртқы істер министрлігі Үрімші қаласындағы Төлқұжат-виза қызметінің басшысы Ерлан Жеңісұлы Ибрагим мырза осы және өзге де жайттардың ҚХР-да қалай шешіліп жатқаны турасында әңгімелейді.

–  Соңғы 2 жыл айналасында Үрімжідегі виза мәселесі төңірегінде жағымды пікірлер айтыла бастады. Қазіргі беталыстарыңыз қалай?

–   Мұнда қызметке келгеніме 1 жылдан асты. Менің алдымда бұл мекемеде кәсіби дипломат Қайыржан Кеңесұлы Сәрсебаев басшылық етті. Дипломатия саласында бірнеше жыл қызмет атқарған Қайрекең мұндағы виза мәселесінің шешілуіне айтарлықтай ықпал жасады. Біз сол игі бастаманы жалғастырып, қолдан келгенінше қазір жүйелі жұмыс жасаудамыз.

–   Қандастарымызға виза беруде әлі де шешілмей жатқан түйтікілді мәселелер бар ма?  

–  2010 жылы енгізілген жаңа заң бойынша тек 3 айға ғана виза бере аламыз. Оның алдында қазақтарға виза беру мерзімі 6 айдан бір жылға дейін еді. Іргелес жатқан екі елдің ортасында барып-келушілер өте көп болғандықтан, 3 ай мерзімдік виза бізге көптеген қиындықтар әкелуде. Соның салдарынан дүниежүзіндегі ең көп виза қабылдайтын орталықтың бірі біз болып отырмыз. Өйткені жазғы уақыттарда күніне 300-ге жуық адамның өтінішін қабыладуға тура келеді. Жалпы, орта есеппен айына 5000-ға жуық адам қабылдаймыз. Әйтеуір жүйелі тәртіптің арқасында ғана сапалы жұмыс атқарып жатқан сияқтымыз. Жүйелі деп отырғанымыз жоғарыда атағанымыздай Қайыржан Кеңесұлы басшылық еткен жылдарда виза беруде бірқатар тәртіптер қабылдағанбыз. Мысалы, бір отбасынан бір адам келсе жеткілікті (бұрын әрбір адам өзі келу керек болған), виза алатын уақытын алдын ала белгілеп тізімге алдыра алады, келушілерге толыққанды ақпарат береді.... т.б.

– Сонда визаның уақытын 6 айға ұзартуға мүлде мүмкіндіктеріңіз болмағаны ма?

 – Қазір бұл сауал ҚР СІМ мен басқа құзырлы органдар басшылығының қарастыруында. Визаның мерзімін 6 айға ұзартқан жағдайда берілетін визаның саны да азаяды. Бұл мәселенің қалай шешілетіні бізге де беймәлім.

 Меніңше, Қазақстанға сапарлап барушы қандастарымыздың көптігі біріншіден, ҚХР бұл санаттағы азаматтарынан консулдық алымның алынбауы мен визаның жеңілдетілген түрде берілуіне байланысты. Екіншіден, ҚР мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық және гуманитарлық өзара байланыстың кеңеюі. Үшіншіден, Қазақстанның Кедендік одаққа кіруіне байланысты және халық тұтынушы тауарларды Қазақстанға кіргізу бойынша бір қатар шектеулердің күшіне енуі болмақ. Осыған орай, Қазақстан Республикасымен шекаралас аудандардың этникалық қазақтардан тұратын көптеген тұрғындары шекаралық сауда-саттық шеңберінде Қазақстанға белгіленген салмақтан аспайтын тауар (50кг) жеткізу мүмкіндігін қолдануда. Бізде де тек қандастарымызға берілетін визаның мерзімін алты айға дейін ұзарту мәселесінің шешілуі тездетілсе деген тілек бар.

–  Кезектегі адамның көбеюіне байланысты делдал болатындардың да қатары көбейтіні сөзсіз. Мұндай заңсыздықпен қалай күресіп жатсыздар?

–  Біз ең алдымен әрбір аймақтағы ағайынға, әсіресе, қазақтар жиі қоныстанған өңірлерге виза берудің тәртібін көрсететін арнайы ақпараттық парақшалар тараттық. Үлкен газеттер арқылы Үрімжіге келушілердің ортада жүріп делдал боламын дегендерге алданып қалмауын ескерттік. Мысалы, осы маңда арнайы асханалар мен қонақ үйлер бар. Бізде адам көп болса олардың саудасы жүреді. Сондықтан пайда табуды көздеген сол кәсіпкер азаматтар ауылдан келген қазақтардың жұмыстың жөнін білмей Үрімжіде бірнеше күн жүргенін қалайды. Алуан түрлі қиындықтарды айтып, виза алуды алынбас қамал етіп көрсетеді. Соның салдарынан көптеген бауырларымыз алаяқтардың торына түсіп қалады. Делдалмен күресудің тағы бір жолы ретінде біз қызметкерлерімізді 95 пайыз жаңарттық. Яғни бұрынғы қызметкерлерден ешкім қалған жоқ. Қазіргі күнде кәсіби дипломаттар барлық жұмысты орнына келтіріп жатыр.

– Қазақ еліне баратын Қытайдағы қазақтар мен басқа ұлт өкілдері визаны ұқсас жағдайда ала ала ма?

 – Қазақстан визасын алу үшін 3х4 фотосурет жапсырылып толтырылған нұсқадағы сауалнама, жеке куәліктің көшірмесі, паспорттың көшірмесі, үй кітапшасының тиісті парақтарының көшірмесі және ҚР СІМ Үрімші қаласындағы төлқұжат-визалық қызметі жетекшісінің атына жазылған өтініш керек. Қытайда тұратын басқа ұлт өкілдеріне жоғарыдағы көрсетілген құжаттардан сырт жұмыс орнынан тиісті анықтама, ҚР СІМ Консулдық қызмет Департаментімен немесе жұмыс істеу мақсатымен баруды жоспарлаған жағдайда қатысты мекемелермен келісілген шақыртуды қоса өткізуі керке.

Қазақстаннан білім алғысы келетін қандастарымызға виза алуда жеңілдіктер қарастырылған ба?

–   Біз негізінен шілде, тамыз айларында студенттерге баса аназар аударамыз. Өйткені олар дайындық курсына емтихан тапсыратындар мен еліміздің жоғары оқу орнында оқып жүрген түлектер. Сондықтан да тиісті оқу орнынан шақырту қағаз немесе студенттік билеті болса оларға кезексіз виза беріледі.

Соңғы жылдары Қытай елінен «Абай институтын» ашу мәселесі көтеріліп келеді. Мұндай игілікті жұмысқа қатысты қандай іс-шаралар атқарып жатсыздар?

–  «Абай институтын» ашатын нақты жұмыстарды Елшілік атқарады яғни ол мәселе Бейжіңде шешіледі. Өйткені біздің қызмет көлеміміз шектеулі. Біз тек виза мәселесіне ғана жауап береміз. Ұсыныс жасағанымызбен  бұл жұмысқа тікелей қатыса алмаймыз.

Бұрындары мекемелеріңіздің алдында қара көз қандастырымыздың қатары көбейгені соншалық, жолға шығып кетуші еді...

–  Сол жағдайды ескеріп әрі қыс маусымында көп адамның сыртта жаурап қалмауын ескеріп, бір жолда 100-ге жуық адам  сыятын арнайы үй жасаттық.

–  Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Біләл Қуаныш

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар