Қазақcтан Елшісі Ауғанстан Президентіне сенім грамоталарын табыс етті

/uploads/thumbnail/20180501152044215_small.jpg

Қазақстан Республикасының Елшісі Әлімхан Есенгелдиев Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мохаммад Ашраф Ғаниге сенім грамоталарын табыс етті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Ауғанстан басшысы қазақстандық тарапқа және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өзіне Ауғанстанды қайта қалпына келтіруге, елде бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатуға бағытталған барлық халықаралық және өңірлік бастамаларға үнемі көрсетіп отырған қолдауы үшін алғысын білдірді.

Ол Қабыл үшін Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі әріптесі ретінде ерекше маңыздылығын атап өтті. Бұған оның тек 2017 жылында Астанаға жасаған екі сапары және ҚР Президентімен келіссөздері дәлел болып отыр.

Айта кетсек, Қазақстан Ауғанстанды қиын кездерде әрдайым қолдады. Атап айтқанда, 2002 жылдан бастап 20 миллион доллардың азық-түлігі жеткізілді, құқық қорғау органдарының қызметін нығайту үшін қаражат аударылды және ауған студенттерінің біздің елде білім алуы үшін 50 миллион доллар бөлінді.

Еске салсақ, екі ел арасындағы Дипломатиялық қатынастар 1992 ж. 12 ақпанда орнатылды. 2016 ж. қыорытындылары бойынша Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 489,4 млн. АҚШ долларын құрады: оның ішінде ҚР экспорты – 486,8 млн. доллар, импорты – 2,6 млн. доллар.

Ауғанстан Президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудің қажеттігін басып айтты. Қазақстандық іскерлерді ауған нарығында, атап айтқанда бидай жеткізу, Ауғанстан аумағында қазақстандық компаниялардың диірмен салуы, тау-кен өнеркәсібінің объектілері, электроэнергия салаларында, теміржол жобаларында жұмыстарын белсендетуге шақырды. Өз кезегінде, ауғандық тарап қазақстандық нарыққа жеміс-жидек пен жаңғақтардың түр-түрлерін жеткізбек.

Ә. Есенгелдиев Ауғанстан Президентіне көрсетілген қонақжайлық үшін алғысын білдіріп, Қазақстан Президентінің Ауғанстанға, оның ішінде ҚР-дың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелігі шеңберіндегі бөліп отырған ерекше маңыздылығын атап айтты. Мемлекеттер арасындағы екіжақты қатынастарды одан әрі кеңейтуге барын салатындағына дайындығын жеткізіп, сондай-ақ елді қысқа мерзімде қалпына келтіру ісінде Астананың Қабылды толықтай қолдайтындығы бойынша ұстанымы туралы мәлімдеді.

Бұдан бөлек, Қазақстан елшісі сол күні Сыртқы істер министрі Салахуддин Раббанимен жеке кездесу өткізіп, тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелері бойынша пікір алмасты.

Қатысты Мақалалар