Халықаралық деңгейдегі жобалар мақұлданды

/uploads/thumbnail/20171116165034201_small.jpg

Жуырда Батыс Қазақстан  облысы әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен БҚО-ға  инвестиция тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі өңірлік кеңес отырысы өтті. Жиында екі инвестициялық жоба талқыланып, мақұлданды.

Алдымен Орал қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесі бойынша  кешен құрылысы жобасы таныстырылды. Жобаны іске асыруды қолға алған «Baltic tade hose» басқармасының мүшесі, «Green Servise Company» ЖШС-ның өкілі, Финляндия Республикасының азаматы Калвер Каппердің айтуынша, осы көктемде қалдықтарды іріктейтін желі құрылысы басталады. Онда 80 адамға жұмыс беріледі. Орал қаласының бір тұрғыны жылына 300 келі шамасында қалдық тастайды. Бұл жоба бойынша қалдықтардың 60 пайызын өңдеп, кәдеге жаратуға болады. Қазір қоқыс  полигонының пайдалану мерзімін 15 жылға ұзарту мақсатында электр және жылу қуатын өндіретін биогаз стансасының құрылысы жобалануда. Қалдықтарды іріктеу желісінен шыққан қалдық түрлері одан әрі өңделеді. Қағаздан қаптама материалдар, жұмыртқаға ұяшық қағаз, әжетхана қағазы, пластиктен пластик түйіршіктері, халық тұтынатын тауарлар, пакеттер жасалады. «Қазір жергілікті билік орындарымен үйлесімді байланыс орнатып, тұрғындардың, әсіресе, мектептегі балалар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек. Қалдықтарды іріктеу желісі қуатты, сондықтан қаланың қалдықтары бізге аздық етеді. Ауыл-аймақтан да тұрмыстық қалдықтарды қабылдаймыз», –деген Калвер Каппер жер телімі бөлінсе, аталмыш желінің биыл салынатынын жеткізді. Оның сөзіне сүйенсек, Финляндияда тұрмыстық қалдықтардың 98 пайызы өңделеді, сондықтан қалдықтар полигоны бұл елде жоқ. Тіпті қоқыс қалдықтары жетпегендіктен, оны өзге елдерден сатып алады. – Бірінші кезеңде полигон-дағы инфрақұрылымды жақсартамыз. Қазір онда инфрақұрылым атымен жоқ. Қалдықтарды іріктеу желісін саламыз. Екінші кезеңде қалдықтар өңделеді. Ал үшінші кезең - биогаз стансасын (қуаттылығы 1МВт) салу. Мұның барлығын үш жыл ішінде салып, іске қосамыз. Полигонды зерттедік, онда биогаз жанып кеткен. Сондықтан мамандарымыз газ жиналғанша оны жауып қояды,– деді Калвер Каппер облыс әкімінің биогаз стансасы құрылысына қатысты қойған сауалына орай.

Жобаны жүзеге асырушылар қалдықтарды іріктеу желісіне 1,5 млн. еуро, биогаз стансасы құрылысына 3 млн. еуро инвестиция құймақ. Кеңес отырысында қаралған екінші жоба – Орал қа- ласындағы Құрманғазы көшесі 84 мекенжайында халықаралық франшиза бойынша қонақүй құрылысы. Жобамен «Grand Hotel Service» ЖШС-ның директоры Жақсылық Саматов таныстырды. Оның айтуынша, аталмыш компания Оралдағы «Eldivino» ойын-сауық орталығын және Ақсайда «Марко Поло» қонақ-үйі жобаларын жүзеге асырған. Енді «Ақжайық» қонақүйінің орнына екі жыл ішінде жаңа халықаралық деңгейдегі 8200 шаршы метрлік қонақүй бой көтермек. Оның жанында ауданы 4200 шаршы метр бизнес орталығы ғимараты болады. Жаңа қонақүй халықаралық франшиза бойынша іске қосылмақ. Қазір қонақүй бизнесі бойынша әлемдік франшиза өкілдерімен келіссөздер жүргізілуде. Халықаралық  франшиза бойынша ашылатын қонақүй ондағы көрсетілетін қызмет сапасының тұрақты және қатаң бақылауда болатындығымен, сервистің жоғары деңгейімен, қала және облыс мәртебесін көтеруімен, бөлмелердің әлемдік стандартқа сай болуымен ерекшеленеді.

  Шетелдік мамандармен қонақүй қызметкерлерін оқыту жоспарланған. Қонақүйде 125 бөлме, оның ішінде 92 стандартты, 10 люкс класс, бір президенттік, 20 апартамент және екі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бөлме болады. Ғимарат сегіз қабатты. Онда 70 орындық мейрамхана, үш конференц-залы, кофе-брейк залы, орыс моншасы, түрік хамамы, фитнесзал, екі қауыз джакузи және өзге де қажетті қызмет көрсету орындары болмақ. Сондай-ақ жер асты 40, жер үсті 20 көлікке арналған паркинг салынады.

Ғимараттың төбе шатырына руф-мейрамхана және жаздық терраса орналаспақ.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар