Алматыда қаланың маңызды объектілеріне архитектуралық жарық беру жұмыстары жалғасуда. Кешке қарай мегаполистегі Ықылас атындағы халық аспаптары музейі, Офицерлер үйі, 28-ші гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябақтағы Даңқ Мемориалы мен Бауыржан Момышұлының ескерткіші, Жамбыл атындағы республикалық филармония мен Қазақ мемлекеттік циркінің ғимараттары түнгі жарықтар нұрына бөленді.
Қазіргі кезде архитектуралық жарық көздері көптеген мегаполистерде қолданылады, олар әр көрнекі орындарды айшықтай түсіп, кешкі серуен кезінде қолайлы жағдай туғызады. Өз кезегінде заманауи энергияжинақтаушы технологиялар электроэнергиясын үнемдеп, жарық көздерінің ұзақтығын қамтамасыз етеді.
Алматыда соңғы екі жылда қала ғимараттарын, нысандары мен ландшафтарын кешкі және түнгі нұрландырудың бірыңғай архитектуралық стилін қалыптастыру барысында 120-дан астам маңызды архитектуралық объектілерге көмескі жарық көздері орнатылды.
Олардың арасында Тәуелсіздік Монументі, «Қазақстан» қонақ үйі, «Көктөбе» телемұнарасы, Абай атындағы опера және балет театры, Республика Сарайы, Әуезов атындағы театр, Қастеев атындағы музей, Орталық мешіт, Свято-Вознесенский кафедралды соборы және басқа да маңызды ғимараттар бар.
Алматының бір стильдегі архитектуралық жарық көздері бюджеттен тыс қаржы көздері арқылы жүзеге асуда.
Айта кетерлігі, Алматыда биылғы жазда 157 көше жөнделеді, 600 аула көріктендіріледі. Барлық жер асты өтпелі жолдар күрделі жөнделеді, жаңа фонтандар салынады. Бұрын қайта жасалған Панфилов, Жібек Жолы, Гоголь, Қабанбай батыр, Байсейітова, Төлебаев көшелері мен «Астана» алаңынан өзге мегаполистің бірқатар негізгі даңғылдары түгелдей жаңарады.
Пікір қалдыру