Заманың түлкі болса, тазы болып шал дегеннің керісі ме әлде жаңа заманның сіз бен біз білмейтін модасы ма белгісіз. Кейінгі уақытта естір құлаққа түрпідей тиетін мағынасыз есімдер көбейіп кетті. Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес елімізде екі Нұрпрезидент, төрт Ақорда, он Нұротан және он үш Нұрлыжол атты бала бар екен. Мамандар болса мұндай үрдіс дұрыс емес деген пікірде. Балаға ат қоярда алдымен нені білу керек? Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алғашқы кейіпкеріміздің есімі - Фестиваль. Астана қаласының тұрғыны. «Атымды мектеп жасында қатарластарым келеке қылып мазақтайтын кездер болды. Бірақ уақыт өте келе үйренісіп кеттім» - дейді ол. Бір қызығы, Фестиваль думанды, мерекелерге толы ортаны ұнатады екен. Атына заты сай деген теңеуде осындайда айтылса керек.
«Көбінесе көңілді жерлерде жүремін. Көңілді жерлерді жақсы көремін. Жұмыс істегенде тәрбие жұмыстарын көбіне өзіме алғым келеді. Іс-шараларды көп алғым келеді. Сондай жұмыстармен айналысқым келеді. Концерт ұйымдастыру. Болмаса бір баланың бір әдемі қасиетін көрдім бе, әнші ме әлде биші ме өзіме тартып тұрғым келеді. Сондай нәрселер маған қатты ұнайды» - дейді қала тұрғыны Фестиваль Болатқызы.
Ерекше есімдердің топтамасына елімізде соңғы жылдары өткен айтулы шаралар да әсер етпей қоймады. Ресми дерекке сәйкес, Қазақстанда 57 Азияда және 86 Саммит өсіп келеді. Бұған халықаралық көрменің арқасында Бәйбібэкспо және Нұрәлемдер қосылды. Филолог Болат Сағынбекұлы аталған үрдіс кеңес заманынан қалған бір әдет дейді. Қызыл тудың астында комсомол болған кей ата-ана балаларына Совет, Съез, Партия тіпті Трактор сынды ат қойған.
«Бәрібір бұл жерде дәстүрдің заңдылығы бар. Қазақтар осы дәстүрді берік сақтап келе жатыр. Құптау-құптамауға келгенде бәрін бірдей құптай беруге болмайды. Себебі, балаға ат қоюда ойлану керек. Оның өскен ортасы болады, заман өзгереді. Заман өзгергенде архаизмге айналғанда кей есімдер күлкіге айналады деген сияқты. Осының бәрін ескеру керек сияқты» - дейді филология ғылымдарының кандидаты Болат Сағынбекұлы.
Адамның есімі өміріне сөзсіз әсер етеді. Имамдар бұған сенімді. Сондықтан ат қоярда алдымен баланың болашағын ойлау керек дегенге саяды.
«Бұрынғы кездерде Қасқырбай, Түлкібай, Итбай деген сияқты аттарды қойған. Қоразбай деп те атаған. Әрине, ол уақытта қойылған есімдерді қоярда көңілдерінде бір жақсы ниеттері болса керек. Біз оларды айыптаудан аулақпыз. бірақ балаға дұрыс ат қойғанымыз дұрыс болады. Бір мағыналы, ислам талаптарына келетін аттарды қойған дұрыс» - дейді «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Әділхан Серікбай.
Босанар алдында түс көреді
Иә, 8 жастағы Бәйтеректің есімінің қойылуы құдды бір фантастикаға толы оқиға ма дерсің. Көзбен көріп, өз құлағыңмен естімесең сену қиын. Бірақ, әпкесінің айтуынша Бәйтерек өмірге келерде аян
берілген.
«Анам жаңағы түске сенеді. Иә шынымен атын Бәйтерек деп қояйын дейді. Солай түсінде ақсақал келіп бата береді. Бәйтерек ағашының жанында құстар ұшып жүреді биікте. Биіктен жерге қарайды анам. Мүмкін ол белгі шығар, біз солай ойладық» - дейді Бәйтеректің әпкесі Алтынай Бақыт.
Жақсылыққа ырымдап қойылса кері кетпес. Бәйтеректің арманы асқақ. Месси мен Роналду сынды болмаса да топ жарып, теңбіл допты қақпаға дәл көздейтін футболшы боламын дейді.
«Менің атым Бәйтерек. Мен сегіз жастамын. Үшінші сыныпқа көштім. Анам түс көрген аян. Менің арманым футболшы болу. Мен Астанаға жанкүйермін» - дейді оқушы Бәйтерек Бақыт.
Нұрпрезидент, Экспобай, Нұротан, Азияда, Саммитхан деген балалар ертең-ақ ер жетіп, ел қатарына қосылады. Бүгінде мақтанмен қойылған аттың ертең-ақ Совет, Маркс, Партия сияқты ескіріп, ел арасында күлкіге айналмасына ешкім кепілдік бермейді. Бұл мамандардың пікірі.
Пікір қалдыру