"Қос сәбиімізді өлтірген дәрігерлер жауапқа тартылсын!"

/uploads/thumbnail/20180802113500975_small.jpg

"Қос сәбиімізді өлтірген дәрігерлер жауапқа тартылсын!" Алматы облысында бір жылда екі бірдей перзентінен айрылған ата-ана көмек сұрайды. Олардың айтуынша, ауданның бас дәрігері бастаған ақ халаттылар  құрсақтағы сап-сау нәрестені босандырудың орнына  өлтіріп тынған. Алайда, олар өз кінәсін мойындап, кешірім сұраудың орнына барлығын нәрестенің анасына жапқан көрінеді. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасының дерегіне сүйеніп хабарлайды.

Сарыөзек ауылының тұрғыны Нұржан Маханов бұл күнде 2 баланы құшағында әлпештеуі тиіс болған. Алайда, қос құлынынан бір-ақ  жылда айрылып, өз қолымен жер қойнына тапсырыпты. Соңғы рет 8 айлық шақалақты  4 күн бұрын ғана үлкенінің жанына жайғастырған екен. Қайғыдан қан жұтқан азамат бұған аудандағы дәрігерлердің салғырттығы себеп болды, дейді.

«Бірінші перзентімнен айрылдым, міне. Қыз бала болатын, 9 ай толғағы кеп содан өлі туылып отыр. Бірінші перзентім осы дәрігерлердің салғырттығының арқасында. Одан міне, 4 күн болды ұл баламнан айрылып отырмын, аралары 1 жыл 2-ақ ай. Алла, ешкімнің басына бермесін деймін. Осы Кербұлақ ауданы Сарыөзек кентінің мына дәрігерлерінің кесірінен деп айтуға тура келіп тұр. Бұдан кейінгі балалар өлмесінші» - дейді Сарыөзек ауылының тұрғыны Нұржан Маханов.

Махановтар отбасы тұңғыштарынан 2017 жылы айрылған екен. 9 ай толып, толғағы қысқан сәтте аудан дәрігерлері ем-дом жасаудың орнына Талдықорған қаласына жіберген көрінеді. Алайда, 90 шақырымдағы облыс орталығына жеткенше шақалақ кіндікке оратылып, жан тапсырған. Арада 5 ай өткенде жұбайы кезекті рет бала көтеріп, дүниеге қыз келеді деп қуанған жас отбасы тағы да қайғыдан қан жұтады. 

«23-шілде айында өз аяғыммен осы Кербұлақ ауданы Сарыөзек кентіндегі больницаға бардым. Ол
жақта мені сохранениеге жатқызды, отек аяғымда, кішігірім отек болған соң жатқызды. Одан кейін екі күн мен ампецилин уколын алдым, таңертең, кешке. Одан кейін среда 25-күні терапевт Айдарова келіп, назначение қалдырып кетті, кешке цефазалин салынады деп» - дейді Сарыөзек ауылының тұрғыны Мадина Жақсылықбаева.

Бәрі де дәрігерлердің цевазалин антибиотигін салған сәттен басталған. Арада жарты сағат өткен соң, жүкті әйелдің іші ауырып, жатырынан қан кетеді. Іс насырға шаппасын деп жұбайы ота жасауға келісім береді. Алайда, оны жасауға тиіс дәрігерлер жарты сағат бойы науқастың жанына келмеген екен. Дегенмен, ауданның бас дәрігері өз қарамағындағыларға шаң жуытпай отыр. Сөзіне сенсек, гиппократқа ант берген абзал жандар өзіне міндеттелген істі адал атқарып, қолдан келгенін жасаған.   

«1 кило 900 граммдық бала дүниеге келеді. Бала, жаңағы ешқандай тірі деген белгісі жоқ дейді. Бірақ оған реанимациялық барлық шаралар жасалады. Ол жақта реаниматологымыз бар, педиаторымыз бар, микропедиаторымыз бар. Солар барлығы реанимациялық ем-шара жасағаннан кейін, өкінішке қарай, бала тірілмеді» - дейді Кербұлақ аудандық ауруханасының директоры Қанат Қалдыбаев.

Қансырап жатқан жұбайын ота жасау бөліміне дәрігерлер емес өзі жеткізген Нұржан Махановтың сөзінше, отадан кейін шақалақтың жылаған даусы естілген. Сәбидің тірі туылғанын перзентханадағы медбикелер де растаған көрінеді. Алайда, бұл туралы тіс жармауды өтінген, себебі, жұмыстарынан айрылып қаламыз деп қорқып отыр, дейді ашынған әке.  

«Сіз өтірік айтып отырсыз, сіз құдайдан қорықпайтын адам екенсіз. Мен сізге сенуден қалдым. 10
минутта келдік кесерова деп, ол жарты сағат операционныйда жатқан. Әйелімнің де есі дұрыс қой, ол баласынан айрылғанмен, мына психологиядан қуып кеткен жоқ, ол ертең де айтып бере алады. Ал, ана цефазалин салғанын әйелімнің өзі айтып отыр» - дейді Сарыөзек ауылының тұрғыны Нұржан Маханов.

Қос перзентінен қапыда айрылған ерлі-зайыптылар мен оның туыстары енді сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтетін болады. Алайда, ондағы мамандар шындықтың бетін ашып береді дегенге сенбейтіндерін де жасырмайды. Бір белгілісі - құрсаққа біткен келесі сәбиді жас жұбайлар Кербұлақ ауданындағы перзентханаға босандырмаймыз деп бекініп отыр.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар