7-20-25 бағдарласының орындалу барысы қандай? Бәрімізді баспанамен жарылқай ма?

/uploads/thumbnail/20180810193558232_small.jpg

Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы аясында қолға алынған тұрғындарды баспанамен қамту «7-20-25 бағдарласының» орындалу барысы туралы тиісті мекеме ақпарат таратты, деп хабарлайды Qamshy.kz.

Ақпаратқа сай, аталған бағдарламамен баспаналы болуға ең көп өтінім Алматы қаласынан келіп түскен. Оңтүстік астана тұрғындарынан 522 өтініш жасалған. Бұл бағдарлама бойынша берілген кредиттік 39% үлесіне тең.  Олардың 312-сі банктерден мақұлдық алып, 128-іне баспаналы болуға кредит берілген. Екінші орында Астана қаласы тұр — 21%. Елордадан 280 адам ипотека арқылы үйлі болуға өтінім беріп, 180-і мақұлдық алған. Ал, Ақтау қаласынан 128 өтініш 10 пайыздық үлеспен үшінші орында тұр. Олардың 89-ына үй алу займы берілген. Өтініш беруден Ақтөбе және ШҚО бес-бес пайыздан иеленген. Қалған өкірлерде бағдарлама арқылы баспана алғысы келетіндердің саны 10-20 төңірегінде ғана.

Аталған көрсеткіштер 9 тамызға дейінгі банктерге келіп түскен өтінштің бекітілген есебі. Жалпы республика бойынша 15,486,147,143 теңгелік займға 1323 өтініш түскен. Алайда, олардың 843-і мақұлдық алып, 315-іне ипотека төлемі жасалған.

Ұлттық банк таратқан ақпаратта шілде айында тиесілі бағдарламамен баспана алуға 1175 өтініш келіп түскен болатын.

Qamshy.kz тілшісі мәселенің мәнін білмекке Алматы және Астана қалаларындағы құрылыс компанияларына, бекітілген банктерге барып көрді. BI Group, Highvill Kazakhstan, Global, TAU Development, Алматыгорстрой, Базис сияқты компаниялардың ұсынған үй бағасы шаршы метрі 300 мыңнан, 450 мыңға дейін барады. Әрі, бір бөлмелі үйлер жоқтың басы. Бары сатылып кеткен деп шығарып салады. Екі бөлмелі үйлердің 60 шаршы метрден басталатынын ескерсек, ең төменгі 300 мыңдық бағаның өзімен үй алу құны 20 миллиондай шығады. Ал, ондай үй алғысы келетіндерден банк кемінде 350 мың теңге айлық табысы болуын талап етеді. ТҚЖБ-дан басқа банктердің сұрайтын құжаты да, қояр талабы да күшті. Ең басты талап бір тиын болса да кредитің болмауы керек. Бала-шағам бар десең саған көңілі суып сала береді.

Астана қаласындағы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бөлімшесіне жолыққан «Қамшы» тілшісі аталған бағдарлама бойынша үйлердің қалай беріліп жатқанын сұрады. Астана бойынша «7-20-25 бағдарласымен» қазір тек екі тұрғын үйге өтініш қабылданады. Бірі «Шар құрылыс» компаниясы салып жатқан «Бағыстан» тұрғын үй кешені, екіншісі «Биік Шаңырақ» ЖШС салып жатқан «Биік шаңырақ» тұрғын үй кешені. «Бағыстан» 2019 жылдың аяғында толықтай дайын болып, пайдалануға берілетін болса, «Биік шаңырақ» келесі жылдың сәуір-мамыр айларында дайын болады. Алайда, екеуінде де бір бөлмелі үйлер қалмаған. Екі бөлмелі үйлердің ең төменгі бағасы салынып жатқан үй Әуежай жақта орналасқанына қарамастан «Бағыстанда» шаршы метрі 230 мыңнынан 14-15 миллионды құрайды. Алайда уақыт өткен сайын шаршы метр бағасы қымбаттай түспек. «Биік шаңырақта» екі бөлмелі үй де қалмаған.

Тілші сұрақтарына жауап берген ТҚЖБ өкілі 14 миллиондық үйді алу үшін өтініш беруші тиісті 20 пайызды жинап, құжаттарын өткізген жағдайда қалай төлем жасауы керектігі туралы төлем кестесін көрсетті.

Біріншіден, үйді бұл бағдарламамен ең төмен дегенде 13 жылға алуға тиіссің. Мерзімін одан төмен қысқарта алмайсың, ал 25 жылға бірақ созсаң артық төлемің тағы бір үйдің құнындай болады;

Баспана

Екіншіден, алғашқы 8 жылда айлық төлемің өте жоғары болады. Себебі осы уақыт арасында ипотекаңмен қосып тиісті пайызыңды төлейсің; Мысалға 14 миллиондық үйді 15 жылға бөліп төлеуге алу үшін 2 800 000 салған адам алдымен 8 жыл бойы ай сайын 118 мың 66 теңгеден төлеуге, одан соңғы 7 жылда 82 690 теңгеден төлеуге міндеттеледі.

Осы жерден бір түсінбестік туындайды. Неге ипотекалық несие алушы алдымен көбейтілген, күшейтілген түрде пайыз қосылған төлем жасауға міндетті? Жалпы займға қосып беретін 9 миллион артық төлемді тезірек беріп құтылуы үшін бе? «Қамшы» тілшісі тексеріп көрген 14 миллиондық ипотека тіпті әлі салынып болмаған, 2019 жылдың аяғында дайын болатын 60 квадраттық екі бөлмелі үй ғана. Ал, 4-5 бала өсіріп, жалданып жұмыс істеп жүрген ата-аналар, қарапайым азаматтар ондай баспанаға қалай қол жеткізбек? Үйде екі бірдей кісінің де табысы жақсы болды деген күннің өзінде айлық 118 мың төлем бірнеше балалы отбасыға оңай тие ме?

 

«7-20-25» бағдарламасы ресми түрде бастау алды. Алғаш рет Қазақстанда бағдарлама қатысушысы салушыдан тек қана бастапқы нарықта таңдай алатын тұрғын үй бағдарламасы қабылданды. Жиынтық пайыздық мөлшерлеме 7%-ға дейін төмендетіліп, бастапқы жарнаның шегі 20% деп танылып, қарызды өтеу мерзімі 25 жылға дейін ұзартылды, қарыз тек теңгемен беріледі, комиссия жоқ. Бір қарағанда, коммерциялық банктен алынатын ипотекамен салыстырғанда, шарттары қолайлы. Бірақ осы орайда, бағдарлама қарыз беруші мен қарыз алушы арасындағы өзара қатынастың нарықтық сипатын жорамалдайды. Тұрғын үйді ипотекамен сатып алуға тек қаржылық тәртіпті ғана емес, әлеуметтік қорғалған және төлем қабілетіне ие азаматтардың ғана мүмкіндігі бар екендігі белгілі.

Публикация от «Нұр Отан» партиясы (@nur_otan)

Билік партиясы «Нұр Отан» президенттің 5 әлеуметтік бастамасын жарнамалағанда осындай үнпарақтар қолданған. Онда ай сайынғы төлем бірдей көрсетілген. Алдын ала 8 жылдық күшейтілген төлем туралы сөз жоқ.

Ал, аталған бағдарламаны Ұлттық банк қабылдаған кезде Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов жаңа «7-20-25» бағдарламасының артықшылықтарын мысалдармен келтіріп, былай деп айтып берген: «Елбасы атап өткендей, осы мақсаттарға Ұлттық банк 1 трлн теңгеге жуық қаржы тартады, яғни ипотекалық несие сомасы 9,6 млн теңгені құрайтын болса, онда 100 мыңға жуық қолжетімді несие берілуі мүмкін. Біздің есептеулеріміз бойынша бұл 6,7 млн м² тұрғын үй. Мәселен, 12 млн теңге тұратын пәтердің бастапқы жарнасы (20%) 2,4 млн теңгені құраса, қалған 9,6 млн теңгені банк 25 жылға 7%-пен береді. Нәтижесінде, ай сайынғы төлем 68 мың теңгені құрайды», - деген еді Мархабат Жайымбетов. Дәл осы математиканы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне көрсеткенімізде банк өкілі тіптен ондай шарт жоқ екенін, кім қанша жылға, қандай сомада үй алғанына қарамастан алғашқы 8 жыл көбейтілген төлем жасауға міндетті екенін айтты.

«Нұр Отандікі» не математика? Жайымбетовтікі не есеп? Әлде ТҚЖБ бүйректен сирақ шығарып отыр ма? Ол жағын біле алмадық.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар