Нәтижесінде сумен жабдықтау тарифі 30%-ке төмендеуі мүмкін.
Шымкент қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру нысандары мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
Шымкенттегі сумен жабдықтау нысандарын 21 жыл бойы "Су ресурстары – Маркетинг" ЖШС басқарған. Мемлекеттің үлесі 22% болған. Қаржылық мониторинг агенттігі нысанды басқарған серіктестің қаржысына талдау жүргізген.
"Компанияда серіктес құрылымдармен байланысты күмәнді қаржы операциялармен қатар, шығын белгілері, сумен жабдықтау саласындағы заң бұзушылықтар анықталды. Су кодексінің талаптарына сәйкес келмеген. Жекешелендіру кезінде процедуралық ауытқулар болғаны және тиімсіз басқару фактілер белгілі болды. Материалдар нысандарды мемлекет меншігіне қайтару үшін әкімдікке жолданды", - дейді агенттік.
Су нысанына қатысты мәселе Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралды. Сот сумен жабдықтау және су бұру нысандарын жекешелендіруді жарамсыз деп тану және оларды бастапқы жағдайына келтіріп, мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарды.
Нәтижесінде сумен жабдықтау тарифі 30%-ке төмендеуі мүмкін. Бұл туралы әкімдік айтты.