ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру аясында Үкімет резервінен Шығыс Қазақстан облысындағы тозығы жеткен жылу желілерін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарына 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды. Қаражат Риддер қаласы мен Қ. Қайсенов кентіндегі ең өзекті жылу желілерін жөндеуге бағытталады.
Бөлінген соманың басым бөлігі Риддер қаласындағы ең қатты тозған 5,9 шақырымдық жылу желілерін күрделі жөндеуге жұмсалмақ. Ал Қ. Қайсенов кентінде ұзындығы 9 шақырым болатын желілерді жаңғыртудың екінші кезеңін аяқтауға 113 млн теңге қарастырылған.
Шығыс Қазақстан облысындағы елді мекендердің жылу инфрақұрылымы 30 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді және осы аралықта күрделі жөндеу көрмеген. Қазіргі таңда облыстағы жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 55 пайыздан асса, кейбір елді мекендерде бұл көрсеткіш 75 пайыздан жоғары.
Бұған дейін, 2024 жылдың мамыр айында Үкімет резервінен шамамен 1,7 млрд теңге бөлініп, Риддер жылу электр орталығындағы екі қазандық агрегатын жөндеуге, №5 редукциялық-салқындату қондырғысына автоматтандырылған басқару жүйесін енгізуге және электротехникалық жабдықтың бір бөлігін ауыстыруға бағытталған болатын.
Соңғы екі жылда қалада жөндеу жұмыстары төтенше жағдайда жүргізіліп, ЖЭО-ны іске қосу және жылу желілерін қалпына келтіру бойынша жедел шаралар қабылданды. Соның нәтижесінде Риддердегі жылу желілерінің тозу деңгейі 82 пайыздан 66,8 пайызға дейін төмендеді.