Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конрад Аденауэр атындағы қордың ұйымдастыруымен Назарбаев Университетте «Қазақстан мен Германияның интеграциялық саясаты. Салыстырмалы талдау» тақырыбымен өткен халықаралық конференцияда сарапшылар екі елдегі көші-қон мәселесін талқылады.
Алқалы жиынға қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко, Қазақстандағы Конрад Аденауэр атындағы қор өкілдігінің директоры Томас Хельм және Парламент Мәжілісінің депутаттары мен шетелдік сарапшылар Қазақстан мен Германияның интеграциялық саясатын сөз етіп, әлемдік тәжірибені талқылады. ҚХА төрағасының орынбасары өз сөзінде Қазақстан қоғамды біріктірудің өзіндік интеграциялық әдісін таңдағанын жеткізді.
«Германияда миграциядан өзге мәселе жоқтай көрінеді. Шынында да, көші-қон мәселесі өте өзекті тақырыпқа айналды. Менің ойымша, жақын арада көші-қон саласындағы үрдістердің ауқымы кеңейеді. Себебі, экономикалық, әскери және өзге де себептермен әлемнің көптеген елдерінен халық үдере көшіп жатыр. Рохинджа секілді аймақтардың тұрғындары көшуге мәжбүр. Одан бөлек, әдеттегі еңбек миграциясы бар», - деді Томас Хельм Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Миграция: жаңа үрдістер мен бағыттар» дөңгелек үстелінде.
«Әлемде интеграцияның әртүрлі модельдері бар. Көптеген елдерде этностық топтардың құқықтық жағдайы ұлттық азшылық институты арқылы реттеліп отырады. Ал бізде Мемлекет басшысының саяси ерік-жігерінің арқасында әлеуметтік үйлесім мен ұлттық бірліктің бірегей қазақстандық моделі жүзеге асырылды. Елбасы ел саясатының басымдығы ретінде бірлікті таңдады. Ата Заңымыз да «Біз Қазақстан халқы» деп басталады. Бұл елдегі ынтымақтың іргетасы бола білді. Этномәдени бірлестіктердің Қазақстан халқы Ассамблеясына бірігуі қуатты қоғамдық ресурс ретінде барлық ұлттық топтар мүдделерінің аккумуляциясы бола білді. Сондықтан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың моделі Қазақстан халқы Ассамблеясы этностық топтардың құқықтары тұрғысында демократиялық стандарттарды қамтиды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 180 мыңға тарта неміс бар. Неміс этномәдени бірлестіктері белсенді түрде жұмыс жүргізуде. Президенттің тапсырмасымен академиялық деген жоғары мәртебе берілген неміс драма театры да бар. Неміс газеті шығып тұр. Мемлекет неміс мәдениеті, дәстүрі мен тілінің дамуына барынша қолдау білдіріп келеді», деді Л.Прокопенко.
ТОмас Хельмның айтуынша, көші-қон мәселесі қарыштап дамып келе жатқан Қазақстанды да айналып өтпейді. Сонымен бірге, Т. Хельм көші-қон мәселесіне көз жұмып қарап отырмау қажеттігін еске салды.
«Көші-қон мәселесі 8 млд-қа жуық адам тұратын Жер шарындағы әрбір дамыған мемлекетке әсер етпек. Күннен-күнге дамып келе жатқан Қазақстан да келешекте экономикалық жетістіктерге жеткен сайын мигранттар мәселесіне жиі тап болады», - деді Қор өкілі.
Қазақстандағы Конрад Аденауэр атындағы қор өкілдігінің директоры Томас Хельм болашақта жаһандану әлемдік үрдіске айналатынын, ол көші-қонсыз мүмкін емес екенін атап өтті. «Келешекте әлемдегі көші-қон мен интеграциялық үрдіс арта түседі. Сондықтан бүгінгі таңда бұл тақырыптар белсенді түрде талқыланып, жаңа жағдайларда қоғам дамуында оңтайлы шешімін табуы тиіс», деген ол 26 жыл сенімді серіктестік қарым-қатынаста болған Қазақстан мен Германияның көзқарастары ортақ екенін айтты.
Дөңгелек үстел барысында германиялық Билефельд университетінің профессоры Томас Файст Германияға көшіп барған мигранттарды қоғамға бейімдеу туралы баяндама оқыды.
«Миграцияға қатысты көптеген мәселелер тығыз байланысты. Әйтсе де, миграцияның берер мүмкіндіктері де көп. Мәселені дұрыс шешу жолдарын бірлесіп талқылауымыз қажет. Мұнда тарихымызға қатысты мәлімдеме жасағым келеді. Мигранттарға қарсы қорған тұрғызу - мәселені түбегейлі шешпейді. Біз де өз тарихымызда қабырға тұрғызып көргенбіз, оның бұрыс шешім екенін тарих көрсетті», - деді Томас Хельм.
Өкілдік директоры әлеуметтанушы студенттер мен ғалымдарды ертең Астанада өтетін ірі конференцияға шақырды.
«Көші-қон мәселесі бойынша ертең Назарбаев Университетінде конференция өтеді. Шараны Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп ұйымдастырып отырмыз. Миграция мен интеграция тақырыбы бойынша Қазақстан мен Германия тең дәрежеде пікір алмаса алады», - деді ол.
Пікір қалдыру