Мемлекеттік тіл – қазақ тілі ұлтымыздың ұлт болып сақталуының, дамуының алтын тірегі мен халықтық белгінің басты шарты екені белгілі. Қазақстан Республикасының Конституциясы Ата заңымызда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп айқын көрсетілген. Тіл – ұлттың жаны, халықтығымыздың асыл белгісі, намысы, тыныс тіршілігінің көзі. Ата Заңмен қорғалатын еркіндігінің үні. Ана тілінің күші мен құдыретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп саналы.
1989 жылы қыркүйектің 22-күні Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданған болатын. Сол мерейлі күн еліміздегі айтулы мейрам – Қазақстан халқының тілдері күні ретінде жыл сайын атап өтіледі. Мереке қарсанында Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық әмбебап кітапханасында 5546 әскери бөлімінің әскери қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Тілім барда қазағым бар, халқым бар» атты әртүрлі этнос өкілдерімен бірлескен дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстел өткізудің басты мақсаты – ана тіліміздің қолдану аясын кеңейту, мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін білу деңгейін көтеру және оқып, үйренуге деген ықыласы мен қызығушылығын арттыру. Патриоттық сезімін оятып, Отанын, тілін, салт – дәстүрін сүюге, тарихын құрметтеуге тәрбиелеу.
Іс-шараға 5546 әскери бөлімінің офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілері қазақ, орыс, өзбек, бащқұрт, татар этно-мәдени орталықтарының өкілдері, сонымен бірге университет және колледж оқытушылары мен студенттері қатысты. Жиын барысында техникалық кітапхана қызметкерлері «Тіл – рухани мәдениеттің негізі» атты кітап көрмесін көпшілік назарына ұсынып, келген қонақтарға библио-графиялық шолу жасады.
Алғаш болып сөз алған 5546 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік –құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары майор Казыбек Мұратаев жиылғандарды «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесімен құттықтады. Сонан соң Елбасы, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылғандай, Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиістігін және мемлекеттік тілді меңгеру – баршамыздың міндетіміз екенін атап өтті. «Бүгінгі кездесудің мақсаты – Қазақстанда тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің қазақ ұлтына деген сыйластығы мен ұлттық қарым-қатынасты нығайту»,– деді Казыбек Халиуллаұлы.
Дөңгелек үстел барысында «Үш тұғырлы тіл саясаты», «Қазақ әліпбиіне кезеңмен көшу» сияқты көптеген мәселелер айтылып, тіл тағдыры туралы көкейді тескен көл ойлармен сусындап, басқа тілді меңгеруге ешқандай бөгет болмайтынын, қайта адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейтінін, өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуге басты себепкер – сол ана тіл екенін біліп, бірауыздан ана тілімізге жаңашырлықпен қарап, тілдің мәртебесін өсіруге атсалысу борыштары екендігі баса айтылып және осы тақырыптар бойынша тіл жанашырлары аға лейтенант Артур Әжікенов пен аға лейтенант Серік Қалбай өз баяндамаларын оқыды.
Өз баяндамасында аға лейтенант Артур Әжікенов алдымен мемлекеттік тілдің Ұлттық ұлан әскеріндегі бүгінгі жағдайы, қадір-қасиеті, маңызы төңірегінде келелі әңгіме айтты. Сондай-ақ ономастикалық мәселеге байланысты ой қозғай келе, кітап оқуы азайып кеткен бүгінгі ұрпақтың сөз саптаудағы кемшіндігін айтып, мемлекеттік тілдің мәртебісін көтеруге атсалысу үлкен-кішінің ортақ парызы екендігіне тоқталды.
Ал, өзге ұлт өкілдерінен құралған мамандар екі тілді білуіміз сол елдің мәдениетін түсінуге ықпал ету екенін жеткізді. Одан әрі әр ұлттың өкілдері өз ана тілінен бөлек қазақ тілін қалай меңгергені туралы әңгімелеп, жеке тәжірибелерімен бөлісті.
Шара соңында қазақ, орыс, өзбек, бащқұрт, татар ұлтының өкілдері өз ана тілдерінде өлең жолдарын оқып, бір-біріне мерекелік көңіл-күй сыйлағаны қандай жарасымды! Ұлттың бірлігін нығайтып, ел тұрақтылығын бекіте түсетін осындай жиындардың маңызы қашанда зор.
Пікір қалдыру