Түріктермен сауда және экономикалық қатынас кеңейетін болды

/uploads/thumbnail/20181017111613011_small.jpg

Әрине, бүгінгі таңда алыс-беріссіз қарым-қатынас жоқ. Өйткені, кез келген ел сауда ынтымақтастығында бір-біріне көмек береді, қолдау көрсетеді. Онсыз өркениет дамымайды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың инвестиция жөніндегі өкілдіктің құзырын Сыртқы істер министрлігінің қарамағына беруінде де осындай қадам жатыр.

Қазіргі уақытта Қазақстанның сыртқы елдермен экономикалық және сауда дипломатиясы қарыштап дамып келеді. Бір ғана мысал. Жақында ғана Анкарада екі елдің дамуына қатысты үлкен басқосу өтті. Атап айтар болсақ,  екі ел арасында инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 22 коммерциялық келісімге қол қойылды. Ал бұл келісімнің не мәні бар? Мұның маңызы мынада: Түрік капиталы ел экономикасының шикізаттық емес секторын дамытуға жұмсайын деп отыр. Бұл ғана емес, оның үстіне 3 мыңнан астам жаңадан жұмыс орны ашылады.

Әрине, қазіргі таңда түрік елі өзге елдермен салыстырмалы түрде қарағанда, қазақ экономикасына қомақты қаржы құйып отыр.

–Түркия мемлектінің компаниялары  саны бойынша және қаржы құюы жөнінен біздің елде екінші орынды иеленіп отыр. Демек, түріктер Қазақстан экономикасын өркендетуге елеулі үлес қосуда.  Мұның көп пайдасы бар. Өйткені  қазақ экономикасына түрік компанияларының қатысуын кеңейту елдер арасындағы капиталды көбейтіп,  үздік технологиялармен алмасуға ықпал етеді, - деді Қазақстан-Түркия инвестициялық форумында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин.

Жалпы келісім барысында екі жақтың  компаниялары шамалап алғанда,  1,7 млрд доллар болатын 22 коммерциялық құжатқа қол қойды. Бұл әжептәуір қаржы. Мұны тек үнемдеп, тиісті мақсатқа пайдалану керек. Мұның ішінде түрлі инвестициялық жобалар бар. Айта кетер болсақ, Жамбыл облысында жалпы көлемі  270 млн доллар шамасында болатын 350 жұмыс орны құрылатын болады.  Сонымен қатар,  металлургиялық, химиялық және шыны өнеркәсіптерінде пайдланылатын кальций қосылған сода өндіретін өндіріс орнын салу көзделіп отыр. Әрине, мұның басым көпшілігінде қазақстандық жұмысшылар істейтін болады.

Тағы бір айта кететін жайт, түрік инвесторлары Алматы қаласында құны 300 млн доллар шамасындағы Downtown Almaty қаржылық, әлеуметтік, бизнес-орталығын салмақ. Сондай-ақ облыстық мәртебесін алған Түркістан облысының әкімдігі мен е DAL Holding компаниясы 700 жұмыс орнын құратын болды.  Олар  200 млн болатын жылыту кешенін салу туралы келісімге қол қойды.

Сондай-ақ қазіргі таңда Yildizlar SSS Holding, DAL Holding, Zorlu Holding, Calik Holding, Oyak Holding, Enprode және тағы басқа  түрік компаниялары Қазақстанда ірі жобаларды жүзеге асыруға ниеттеніп отыр.

Бір айта кететін мәселе, бұрын түріктер Қазақстанда қонақ үй бизнесі, шағын және орта кәсіпкерлік саласында жобаларды жүзеге асырып келсе, аталған келісімнен кейін түрік компаниялары ТМК, ауыл шаруашылығы, агрохимия, металлургия, өңдеуші өнеркәсіп және тағы басқа салаларға инвестиция құюға қадам жасайтынын мәлім етті. Мұның да себебі жоқ емес. Өйткені, қазіргі таңда Қазақстанда қолайлы инвестициялық климат бар. Бұл жайтты басқосуда  «ЙДА Холдинг» басқармасының төрағасы Х.Арслан да атап айтты. Біріншіден,  түрік инвесторларына ең алдымен саяси тұрақтылығы бар ел керек. Екіншіден,  Еуразиялық экономикалық одақ, Орталық Азия, Батыс Қытай нарығы да түрік инвесторлары үшін өте ыңғайлы. Үшіншіден, олар Қазақстанда өндірісін ашады, оны елдің ішкі және сыртқы нарығына сатады. Төртіншіден, Қазақстанда мемлекеттік деңгейде қабылданған «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» индустриялық -инновациялық даму бағдарламалары да түрік инвесторларын қызықтырып отыр.

Расында да мұндай келімдердің нәтижесінде сауда және экономикалық дипломатия мен қарым-қатынас дамиды.

Еркін ҚАЛДАН

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар